Жұмабек Кенжалин

«Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы

Жұмабек Кенжалин - 1954 жылы Қостанай облысы, Аманкелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған. 1971 жылы Торғай облысы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, әскер қатарында қызмет етті, шаруашылықтарда жұмыс істеді.

1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін тамамдаған соң, «Социалистік Қазақстан» {«Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1986— 1988 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болды. 1990 жылдан «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1994 жылдың қаңтарына дейін осы басылымның бас редакторы қызметін атқарды. 1996—1997 жылдары «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997 — 1999 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

1999 — 2006 жылдары «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, 2006 — 2009 жылдары «Ақиқат» журналының Бас редакторы, 2009 жылдың ақпанынан «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры — редакторлар кеңесінің төрағасы. Шығармалары республикалық мерзімді басылым беттерінде жарияланып жүр.«Желкілдеп өскен құрақтай», (1988, «Өнер»), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998, «Қазақстан»), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005, «Өлке») деп аталатын деректі әңгімелер мен эсселер кітаптарының авторы.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстан Республикасы Президент сыйлығының лауреаты (2006), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2004). Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі — академигі (2001)