ҚАЗАҚ ТІЛДІ ЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА ӨТКІЗІЛЕТІН ДӘСТҮРЛІ VI «АЛТЫН ҚАЛАМ» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ МЕН ТАЛАПТАРЫ

01.05.2016, 18:00

 

ҚАЗАҚ ТІЛДІ ЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА ӨТКІЗІЛЕТІН ДӘСТҮРЛІ VI «АЛТЫН ҚАЛАМ» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ

ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ МЕН ТАЛАПТАРЫ

 

     Қазақ тілді журналистер арасында өткізілетін «Алтын қалам» шығармашылық байқауын Бас редакторлар клубы ұйымдастырады. Байқаудың жүлде қорын «Еуразиялық Топ» (ERG) ЖШС ұсынып отыр.

Байқаудың негізгі бағыт-бағдары:

–       Қарапайым еңбек адамы, өндірісте қызмет ететін еңбеккерлер өмірі туралы жазатын қазақ тілді журналистерді ынталандыру;

–       Еуразиялық Топ атауын қазақ тілді ақпараттық кеңістікте таныту;

Шығармашылық байқауға қазақ тілді мерзімді баспасөз бен электронды БАҚ және интернет журналистері, блогерлер қатыса алады.Байқау қорытындысы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 2016 жылғы шілдеде металлургтер күнінің қарсаңында өтеді.

Мерзімді баспасөз санатына: аудандық, қалалық, облыстық, республикалық басылымдар кіреді.

Электронды БАҚ санатына: аудандық, қалалық, облыстық, республикалық теле-радио арналар, интернет агенттіктер, интернет-басылымдар кіреді.

 

Жоба мақсаты:

Қарапайым еңбек адамдарын бүгінгі бейбіт заманның қаһармандары ретінде үлгі етіп, насихаттау. Мансаптық жоғарылауға өз еңбегімен қол жеткізген, іскер де білікті мамандардың тәжірибесімен таныстыру. Жұмысшы мамандықтарды таныту.

 

Жоба міндеттері:

* Еңбекшілер тобының құндылықтарын анықтау, тұлғалық қасиеттерін таныту.

* Қызметтік мансап, өсім, табыс, еңбекке деген құлшыныс моделін насихаттау.

* Бүгінгі өндіріс саласындағы еңбек адамының тұлғасын таныту. (Жаңа кезеңдегі жаңаша тәжірибелермен бөлісу, өндірістегі жетістіктер т.б)

* 2030, 2050 Стратегияларының, «Жалпыға бірдей еңбек қоғамына 20 қадам» идеясының нәтижелері ретінде өндірісте белгілі бір жетістікке жеткен еңбек адамдары туралы нақты деректерді, оқиғаларды жарыққа шығару.

 

Байқау кезеңдері

  1. Байқаудың бастапқы кезеңі 10.05.16 ж. дейін.Бұл кезеңде байқаудың басталғаны және оның шарттары туралы республикалық басылымдарда, интернет-ресурстарда хабарламалар жарияланады.
  2. Негізгі кезең 10.05.-30.06.16 ж. дейін. Бұл кезеңде мерзімді басылымдар мен электронды БАҚ-та, интернет-ресурстарда байқау материалдары жарияланып, комиссияның талқылауына ұсынылады.
  3. Қорытынды кезең 30.06. – 30.07.16 ж. аралығында. Бұл кезеңде үздік материалдар іріктеліп, әрбір аталым бойынша жеңімпаздар анықталады. Салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.

 

Конкурстық комиссия құрамы

  1. Бибігүл Жексенбай – комиссия төрағасы, Бас редакторлар клубының президенті, «Жетінші арна» бақылау кеңесінің төрағасы;
  2. Бас редакторлар клубының өкілі;
  3. Бас редакторлар клубының өкілі;
  4. Бас редакторлар клубының өкілі;
  5. «Еуразиялық Топ» ЖШС өкілі;

 

Байқауға ұсынылатын материалдардың тақырыптық бағыттары:

* Еңбек адамдары, олардың күнделікті өмірі, еңбектегі, шығармашылықтағы, спорттағы жетістіктері, өнертабыстық жаңалықтары;

* Өндірістегі білікті мамандардың озық тәжірибелері;

* Еңбек әулеттері;

* Отансүйгіштік, еңбекке құштарлық, кәсіпке адалдық;

 

Байқауға қатысатын материалдарға қойылатын талаптар:

* Байқауға қатысатын мақалалар мен видео-аудио материалдар өндірістегі еңбек адамдары, Еуразиялық Топ кәсіпорындарындағы жұмысшы мамандықтар туралы болуы шарт (жанрға шектеу жоқ).

* Мақалалар мен аудио-видео материалдар 2016 жылғы 1 наурыз бен 30 маусым аралығында жариялануы тиіс. Материалдар «Алтын қалам» байқауына» деген белгімен 2016 жылғы 30 маусымға дейін жолданады (мерзімді баспасөз материалдары жарық көрген басылым түпнұсқасымен бірге, басылым атауы, жарық көрген уақыты, автордың өзі туралы мәліметтер толық көрсетілуі керек; электронды БАҚ үшін – аудио-видео материалдар, жарияланым мен автор туралы мәліметтерді қамтитын эфирлік анықтамамен бірге жіберілуі шарт; интернет-басылымдары үшін – материалдың скриншоты,жарияланған мерзімі мен оның интернеттегі дерек көзіне сілтеме қоса жіберілуі керек).

* Үш материалдан аз болмауы керек (түпнұсқалар), аудио-видео материалдар (электронды тасымалдағыш құралда);

* Материалдар 2016 жылғы 30 маусымға дейін қабылданады;

* Мақала/сюжет көлеміне шектеу қойылмайды;

* Материалдар өңделмейді және қайтарылмайды;

 

Байқау материалдарын бағалау шарттары:

Конкурстық комиссия материалдарды бағалау барысында төмендегі талап-шарттарғажүгінеді:

* Сараптама (журналистің өз бетінше сараптау қабілеті назарға алынады) – 1-ден 5 балға дейін.

* Жан-жақтылық (қоғамдық мәселелерді ұтымды жеткізе білу, еңбек адамының тәжірибесі мен жетістіктерін, жан-жақты қырынан аша білу) – 1-ден 5 балға дейін.

* Кәсібилік (мәліметтерді оқырманға қызықты әрі нақты етіп жеткізе білу шеберлігі, қоғамдық мәселелерден жан-жақты сауаттылығы) – 1-ден 5 балға дейін.

 

Конкурстық комиссияның әрбір мүшесінің ең жоғарғы бағасы – 15 балл (жалпы ең жоғарғы баға – 75 балл). Байқауда ең жоғарғы балға ие болған авторлар жеңімпаз атанады.

 

Байқау аталымдары төмендегі санаттар бойынша белгіленеді:

 1. Мерзімді басылымдар – аудандық, қалалық, облыстық, республикалық басылымдар.

2. Электронды БАҚ

 2.1. Интернет-басылымдар.

 2.2. Телевидение және радио – аудандық, қалалық, облыстық, республикалық теле-радиоарналар.

 2.3. Блогерлер.

 

Байқауға қатысушылардың ұпай сандары тең түсіп жатқан жағдайда жеңімпаз жеребе арқылы шешіледі. Конкурстық комиссияның шешімі комиссия мүшелерінің санына қарай, берілген дауыстың көптігімен анықталады. 

 

ЖҮЛДЕ ҚОРЫ

Байқаудың жүлде қоры – 2 млн. жеңімпаздар саны – 6.

 

Байқаудың қорытындысына сәйкес комиссия жеңімпаздарды төмендегі аталымдар бойынша анықтайды:

1-орын «Үздік мақала/сюжет» (2 жеңімпаз, 1-мерзімді баспасөз, 1-электронды БАҚ. Жеңімпаздардың әрқайсысына – 500 000 теңге) – 1 000 000 теңге.

2-орын «Үздік мақала/сюжет» (2 жеңімпаз, 1-мерзімді баспасөз, 1-электронды БАҚ. Жеңімпаздардың әрқайсысына – 300 000 теңге) – 600 000 теңге.

3-орын  «Үздік мақала/сюжет» (2 жеңімпаз, 1-мерзімді баспасөз, 1-электронды БАҚ. Жеңімпаздардың әрқайсысына – 200 000 теңге) – 400 000 теңге.