ҚР Бас редакторлар клубының «асыл сөз құдыреті» республикалық конкурсының қортындылары

«Бас редакторлар клубы» ҚБ бірлестіктің бес жылдығы құрметіне журналистер арасында саясат, экономика, мәдениет, білім, спорт, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты бойынша үздіктерді анықтау мақсатында «Асыл сөз құдыреті» атты республикалық конкурс жариялағаны белгілі. Байқауға республикалық және аймақтық газеттер, телерадиокомпаниялар мен радио журналистерінен 100-ден астам материалдар келіп түсті. Конкурс 8 номинация бойынша өткізілді.

Олар:

  • Саясат мәселесі бойынша жарияланған үздік материал;
  • Экономика мәселесі бойынша жарияланған үздік материал;
  • Қоғам мәселесі бойынша жарияланған үздік материал;
  • Мәдениет мәселесі бойынша жарияланған үздік материал;
  • Білім мәселесі бойынша жарияланған үздік материал;
  • Спорт туралы жарияланған үздік материал;
  • Жастар тақырыбы бойынша жарияланған үздік материал;
  • 21 жасқа дейінгі жастарға арналған «Қалам байқауы» номинациясы.

Конкурсқа келіп түскен материалдарды арнайы сарапшылар қарап өз пікірлерін білдірді. Бір атап көрсетерлік жайт, клубтың бұл байқауына қатысуға қызығушылық білдіргендер көп болды.

Келіп түскен материалдарды сараптау барысында оның маңыздылығына, тақырыпқа сәйкестігіне назар аударылды. Әрине келген материалдардың барлығы байқауға қойылған талаптарға сәйкес болды деу қиын. Кейбір аймақтардан келген материалдарда конкурсқа қатысушы жергілікті жердегі ағымдағы жылт еткен жаңалықтар туралы шағын хабар немесе кезекші репортаждарын жолдағандар да бар. Мұндай ортақол дүниелер байқау талаптарына жауап бере алмайтындықтан қарастырылған жоқ.

Түйіндеп айтқанда, «Асыл сөз құдыреті» республикалық конкурсына келіп түскен төмендегі авторлардың материалдары жоғарыда айтылған сегіз номинация бойынша былайша сарапталып, келесі журналистер Лауреаттар қатарынан көрінді:

  • Саясат мәселесі бойынша – республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптің материалдары үздік деп танылды; («Cенімсіздік синдромы», «Қазақ. Тек орыстекті... Несі бар?», «Сұраудың орнына – сұрақ белгі?!»).
  • Экономика мәселесі бойынша «Қазақстан» ТРК-ның жүргізуші-редакторы Қанат Әуесбай («Өзекжарды» хабарлар циклі үшін).
  • Қоғам мәселесі бойынша– «Заң» газетінің қызметкері Елгүл Нұғманова («Анаға қамқорлық – ардақты парыз», «Келімсектерден келер зиян көп», «Жетім қозы тасбауыр...») атты мақалалары үшін.
  • Мәдениет мәселесі бойыншаМұратбек Тоқтағазин, Республикалық «Әділет БАҚ медиа» газеті бас редакторының орынбасары («Филология феномені», «Түркітанудың тарланбозы», «Саңлақ суреткер, ғұлама ғалым») атты мақалалары үшін.
  • Білім мәселесі бойыншаАйгүл Жұбаныш, «Ақтөбе» облыстық газетінің қызметкері («Мемлекеттік тілді менсінбейтін ауыл») атты проблемалық мақаласы» үшін.
  • Жастар тақырыбы бойыншаҚұралай Жұмаханова, Шалқар радиосының шолушысы, жастарға тәрбиелік мәні зор «Аймаңдай» атты хабарлар циклі үшін.
  • 21 жасқа дейінгі жастарға арналған «Қалам байқауы» номинациясы бойынша Сымбат Молдатай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенті («Интернеттегі иірім немесе сайтан иектеген сайттарға тыйым бола ма?», «Мін және мінез немесе комплекс дегеніміз не?», «Дүниені дірілдеткен дыбыс») атты мақалалары үшін.
  • Спорт мәселесі бойынша республикалық «7-ші телеарнаның» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі Ольга Витукевич («Манеж» атты проблемалық бейнематериалы үшін).  

«Көрермен көзайымы» арнайы сыйлығы «Ел арна» телеарнасының «Я верю.kz» телебағдарламасының жүргізушісі Азамат Алдоңғаровтқа берілді.

 



Сұрақ Жауап