Семей қаласында республикалық «дөңгелек үстел» өтті

17.12.2013, 20:00

2013 жылғы 13 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Семей шаһарында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Кеден одағы елдерімен ақпарат алмасудың өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша республикалық «дөңгелек үстел» өткізді. Іс-шараға Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Шәріпбек Әмірбеков, БАҚ басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Бас редакторлар клубы мүшелері, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне қарасты «Журналистика» факультетінің студенттері қатысты. Дөңгелек үстелді «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды.

Іс-шараға қатысушыларға Айбек Кәрімов және Шәріпбек Әмірбеков құттықтау сөз сөйледі. Семей қаласының әкімінің пікірінше «дөңгелек үстел» тақырыбының таңдалуы мейлінше орынды әрі өзекті, өйткені сайып келгенде бұл басқосу Кеден одағы төңірегінде қалыптасып отырған жағдайды бағалап және сараптап қана қоймай, ол осы мәселеде туындап отырған кемшіліктерді жоюға қатысты ұсынымдарды дайындауға да мүмкіндік береді. А.Кәрімовтің ойынша экономикалық интеграцияның күрделілігіне қарамастан оның жүйелі де ұзақмерзімді оңтайлы мүмкіндіктері қазіргі әрекеттердің мол қайтарымы бола алады. Сондықтан осы бағытта БАҚ-ты мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеуге шақырды және өз тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Соның нақты айғағы ретінде Айбек Мұталапханұлы осы «дөңгелек үстелге» қатысып отырған «Спектр» газетінің бас редакторы Маргарита Калячанға пәтер беру жөніндегі әкімшіліктің шешімін көпшілікке жария етті.

Ш.Әмірбеков те «дөңгелек үстелдің» маңызын айта отырып, бәсекеге қабілеттілік көрсеткішіне мейлінше назар аударды. Осыған қатысты маман дайындау мәселесіне, әсіресе экономика саласының журналистерін дайындау қажеттілігіне тоқталды. Өз тарапынан Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мүше болып табылатын білім беру саласы бойынша шекаралас мемлекеттер Ассоциациясы шеңберінде экономикалық тақырыпта бірқатар семинарлар өткізуге мүмкіндік барын жеткізді. Ш.Әмірбеков жаңа ұрпақтың алдында жарқын болашақты орнықтыру міндеті тұр сондықтан өз үлесін қосу үшін оған  тиісінше мүмкіндіктер туғызу қажет деп есептейді.

Дөңгелек үстелдің күн тәртібі мәселесі бойынша «Рауан» баспа үйінің бас директоры Ғабит Мүсіреп, ТВК 6 медиахолдингі бас директоры Омарбек Байуақов, «Казахстанская правда» республикалық газетінің меншікті тілшісі Айгүл Биданова, «Арна» қалалық газетінің және Радио 7 жаңалықтар қызметінің бас редакторы, «Литер» республикалық саяси-қоғамдық газетінің меншікті тілшісі Татьяна Рязапова баяндама жасады. Пікірсайысқа «Спектр» газетінің бас редакторы Маргарита Калячан, Семей аймағы бойынша «Нұр медиа» ЖШС өкілі Сәтжан Қасымжанұлы, ардагер журналист Тілеген Әбішев, ТВК 6 телеарнасының жаңалықтар қызметінің бас редакторы Дәулет Қыржыбай қатысып, өздерінің ой-пікірлері мен нақты ұсыныстарын ортаға салды.  

Шығып сөйлегендердің барлығы Кеден одағына қатысты халықты ақпараттандыру деңгейінің өте төмендігін атап өтті. Осыған орай Қазақстан, Ресей және Беларусь экономикалық одағының тиімділігі төңірегіндегі дау-дамай толастамай тұрғаны айтылды. Жағдайдың осылай өрбуі осы тұрғыда қажетті шынайы ақпараттың болмауы салдарынан екені де мойындалды. БАҚ дер кезінде және толыққанды түрде осы одақтың ұтымды тұстарын нақты дәйектемелермен түбегейлі түсіндіріп беруде қауқарсыздық танытуда. Шындап келгенде, жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік беріп отырған жобалар жеткілікті. Шекарадан өту рәсімдерінің де мейлінше жеңілдетіліп, кедергілердің алынып тасталғаны бизнесті дамытуға өзіндік үлесін қосуда. Ал, Кеден одағының келесі сатысы саналатын Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында капитал, тауарлар, қызметтер және еңбек ресурстары еш кедергісіз айналымда болады. Сайып келгенде, бұл үлкен нәтижелерге бастау болатын зор қадам. Өйткені, үш елдің бизнесмендері бір бәсекелестік ортада және бірыңғай ереже бойынша жұмыс істейтін болады. Кәсіпорындардың технологиялық деңгейін көтеруге, инвестиция тартуға мүмкіндіктер туады.

Бірыңғай экономикалық кеңістігіндегі бәсекелестік үш мемлекеттің экономикасын жаңартуға итермелейді. Сөйтіп, қазақстандық кәсіпорындарды бизнесті жүргізу талаптары мейлінше қатал Дүниежүзілік сауда ұйымына енудің алдында үлкен «шынығудан» өткізуге жол ашылады.

Алайда, бұл мәселелер БАҚ тұрғысынан толыққанды айтылмай келеді. Интеграциялық процесстер жөніндегі ақпараттардың дені мемлекеттердің басшыларының бір-бірлерімен кездесулері барысында ғана беріліп жататыны жасырын емес.

Сонымен қатар, «дөңгелек үстел» барысында интеграция үрдістерін насихаттау тек журналистердің ғана шаруасы емес, оған өкілетті мемлекеттік органдар да жауапты екені ескертілді. Сондай-ақ, бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Мәселен, көптен еларалық тақырыптармен айналысып жүрген және осы бағытта әбден төселген БАҚ өкілдерінен тұратын «Еуразия журналистер пулын» құру бастамасын қолдау қажеттілігі, Еуропа елдерін интеграциялауға мол үлес қосқан «Еуроньюс» тәрізді телеарна құру керектігі және ақпарат алмасуда интернеттің мүмкіндіктерін пайдалану жөнінде әңгіме көтерілді.

Дөңгелек үстелде интеграция дамыған сайын мәселелердің туындап отыратыны мойындалып, тек оларға саяси реңк бермеу және дау-дамайға ушықтырмау керек деген тұжырым жасалынды. Ол үшін осындай кездесулер болып тұру керектігіне баса назар аударылды.

Басқосудың қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, оған қатысушыларға сертификаттар берілді. Мұнан бөлек «дөңгелек үстел» шеңберінде тақырыптық көрме ұйымдастырылып, журналистерге Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық Кодексі таратылып берілді.

Пікірлер (1)