Киев медиафорумы: мүмкіндіктер марафоны

04.10.2026, 15:18

2009 жылдың желтоқсан айында Мәскеуде Еуропа және Азия бұқаралық медиафорумы өтіп, онда ақпарат құралдары алдында тұрған елеулі мәселелер талқыланған еді. Біз ол туралы газетіміздің 2010 жылғы жаңажылдық нөмірінде (№1-7; 13 қаңтар) егжей-тегжейлі жазғанбыз. Форумға жиылған журналистер билік иелеріне нақты сұрақ қойған болатын. Мәселен, «Georgian Times» медиахолдингінің төрағасы Малхаз Гулашвили Ресей Президенті Д.Медведевке Тбилиси – Мәскеу авиажелісін қалпына келтіруге күш салуын, Ресей базарларында Грузин тауарларын жеткізуіне жағдай жасауын, екі ел арасындағы визалық құжаттамаларды рәсімдеуді жеңілдету төңірегінде сұрақ қойған еді.

 

Қалауын тапса, қар жанбақ

Арада бір жыл өтті. Украина астанасы Киевке жиылған әріптестер М.Гулашвили қойылған сауалдардың түгелдей дерлік шешімін тапқанын естіп білді. Демек, дәстүрге айнала бастаған бұл медиафорум, кейбіреулер айтып жүргеніндей, әншейін ғана ас ішіп аяқ босату, саяхаттау деңгейіндегі шара емес, өзінің өкілеттігі бар, ел мен билік арасындағы толғаулы мәселелердің шешілуіне түрткі болатын халықтық дипломатия дәрежесін әдіптейтін күш екендігіне көздері анық жетті.

Ал Киевтегі басқосуға әлемнің әр шалғайынан үш жүзге тарта делегат жиналған екен. Оның қатарында ақпарат құралдарының басшылары ғана емес, саясаткерлер де, блоггерлер де бар. Бұл жолғы мәслихаттың күн тәртібіне бүкіл ғалам қаламгерлерін алаңдатып отырған мәселелер шығарылыпты. Айталық, медиақауымдастықтың журналистер арасындағы шынайы шығармашылық бәсекелестік өрістету үшін қолайлы жағдай туғызу, қазіргі таңдағы ақпараттық сандық технологияның дамуына орай журналистердің жаңа буынын әзірлеу, мультимедиалық журналистиканың жай-жапсарына барлау жасау, қанығу секілді тақырыптар кім-кімге де ой салғаны рас. Мұның сыртында журналистердің өмірінің қауіпсіздігі, оның тағдырына мемлекет кепіл болу керектігі туралы әңгіме де ешкімді бейжай қалдыра алмады.

Осынау мәселелер төңірегіндегі ой жосығы Ресейдің «Жаңалықтар» ақпараттық агенттігінің бас директоры Светлана Миронюктің медиафорумдағы арнау сөзінің өзегіне айналды. Ол бұл игі іс-шаралардың бәрі 2011 жылдың маусым айында аталып өтетін «Жаңалықтар» агенттігінің 70 жылдығына арналып отырғандығына назар аударды.

Осынау алқалы басқосуға Қазақстаннан бірқатар БАҚ басшылары қатысып, күн тәртібіндегі мәселеге орай сөз сөйледі, пікір білдірді. Айталық, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Үкібаевтың, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың, «КТК» телеарнасының бас директоры Арман Шураевтың сөздеріне журналистика цехындағы кезек күттірмес мәселелер өзек болды.

– Бұл жиын журналист кадрларын даярлауға айрықша назар аударуымен есте қалады. Мен өзімнің нақты ұсынысымды төралқаға тапсырдым, – деді С.Матаев. – Журналист әріптестерімнің өмірінің қауіпсіздігі туралы әңгіме декларативті түрде қалмай, нақты құжат қабылдануы керек.

Қысқасы, қалауын тапсақ, қар жанады.

 

Медведев мәмілегерлік көрсетіп еді, ал Янукович ше?

Медиафорумның Мәскеуде өткен құрылтайының ашылу салтанатына Ресей Президенті Д.Медведевтің тікелей өзі қатысып, жиылған қауыммен емен-жарқын сұхбаттасқан болатын. Қилы сауалдар қойылып, шетін пікірлер де бой көрсетпей қалған жоқ еді. Ал бірақ Ресей басшысы соның бәріне қолмен қойғандай етіп жауап беріп, түйінді мәселелер төңірегінде журналистермен сұхбат құруға дайын екендігін білдірді. «Ненің не екені, кімнің кім екені ақиқат таразы басына түскен кезде ғана айқындалады» дегенді алға тартты.

Осының өзінен оның мәмілегерлік қасиетінің бір қыры байқалғандай болатын. Елдегі бірінші тұлғамен диалогты осылай құруға бой үйретіп қалған журналистер, шыны керек, Виктор Януковичпен де әңгіме-дүкен құрамыз деп дәмеленгені рас еді. Өйткені форумда таратылған баспасөз баянында Украина Президентінің бұл құрылтайға қатысатыны, мұның өзі медиафорум салмағын арттыратыны туралы хабарланған.

Ал бірақ нақты жағдай басқаша болып шықты. В.Януковичтің құттықтау хатын оның әкімшілігі қызметінің өкілі Анна Николаевна Герман оқып берді. Керісінше, Украинаның бұрынғы Президенттерінің бірі Леонид Кучманың форумға келіп әңгімеге араласуы осы олқылықтың орнын аздап та болса толтырғандай еді…

Қанша дегенмен де, билік шіркіннің майлы жілігін ұстаған әккі саясаткер емес пе, Л.Кучма әңгіме басын осынау форум Украина елі үшін, оның халқы үшін теңдесі жоқ оқиға деп бағалады. Онысы рас. Өйткені соңғы 6-7 жыл ішінде Украинаның желқайығы саясат мұхитының аумалы-төкпелі сапырылысын бастан өткеріп келеді. Ющенко мен Тимошенконың бақ таласы мен тақ таласы қарапайым халыққа аз зардабын тигізген жоқ. Соның салқыны әлі басыла қоймаған. Ал жаңа биліктен елдің күтер үміті көп. «Бағыт дұрыс таңдалса, БАҚ соны одан әрі дамытуға қызмет етуі тиіс». Л. Кучма ойын осылай тұжырымдады.

Әрине, Кучманың сөзіне ешкімнің алып-қосары болмады. Бірақ, қалай болғанда да, Кучма бүгінгі билік иесі Януковичтің рөлінде «ойнай» алмайды ғой. Ал іс барысындағы Президент Виктор Януковичке қойылар сұрақтың шаш-етектен екені даусыз еді.

Осындайда біздің Елбасымыз Н.Назарбаевтың ақпарат құралдарының өкілдерімен жиі-жиі кездесіп, елдің өзін толғандырған, көкейкесті сауалдарға толыққанды жауап алуына мүмкіндік жасайтыны ойға оралады. Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыс кестесінің өте тығыздығына қарамастан, журналистермен жүздесуге ұдайы уақыт табатынын біздер, қаламгерлер, жақсы білеміз. Ол кісімен талай рет шетел сапарына бірге шыққанымызда ойға түйгеніміз мынау. Толғауы тоқсан, түйткіл мәселелерді талқылаған талай келіссөздерде оның қиыннан жол тауып кететін қасиетіне, терең білімі мен ойының ұшқырлығына әріптестерінің қайран қалғанына куә болғанымыз бар.

 

Дәстүрлі және жаңашыл БАҚ:

үндестік те, үйлесімдік те керек

Медиафорумда әңгіме болған мәселелердің өзектілерінің бірі дәстүрлі және жаңашыл БАҚ арақатынасына арналды. Рас, бұл – бір өте күрделі де ауқымды мәселе. Қазір ақпарат ағыны адамның ойлау қабілетінен де озық жылдамдық танытуда. Бұл – даусыз ақиқат!

Соңғы 10-15 жыл көлемінде ақпараттық технологияның күрт өсуі, шын мәнінде, ғылыми-техникалық прогресс дамуының шырқау шыңына шығып отыр. Ғалам ақпарат тұтынушылардың тең жартысы жаңа технология мүмкіндіктерін пайдаланса, ендігі бір бөлігі дәстүрлі БАҚ өнімдерін қанағат етуде.

Кавказ институтының директоры Александр Искандеряның (Армения), «Известия» газетінің бас редакторы Виталий Абрамовтың, Ресей мерзімді баспасөз бірлестігінің президенті Александр Страховтың, «Коммерсант» газетінің бас редакторы Михаил Михаилиннің, «Летувос ритас» (Литва) газеті бас редакторының бірінші орынбасары Марчус Лауриновичустың пікірі бірыңғайда тоғысып жатты.

Заманауи технологияның бүгінгі таңдағы даму теңденциясының бүкіл ерекшеліктерін өз бойына сіңірген ақпарат құралдарының үздіксіз дамуы – басы ашық ақиқат мәселе. Осыған сай оны тұтынушы аудиторияның бейімделгені тағы мәлім. Әсіресе, қалалық жерде электрондық газет, электрондық журнал, электрондық кітап өнімдерінің даму қарқыны жоғары.

Ал енді дәстүрлі БАҚ-қа жататын газеттер мен журналдардың тағдыры не болмақ?

Медиафорум мәслихаттарының арасында «Известия» газетінің бас редакторы Виталий Абрамовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Бұл жерде абдыраудың қажеті жоқ, алып-қашпа пікірдің жетегіне еруге де кеңес бермес едім. Қағаз өнімдеріне негізделген журналистика әлі ұзақ өмір сүретін болады, – дейді ол. – Қалай болғанда да, әлі 3-4 ұрпақ бүгінгі осы біз тұтынып отырған газеттер мен журналдарды пайдалана бермек.

– Мұны не нәрсеге негіздейсіз?

– Маған газеттің электрондық нұсқасы дегеніңіз жұмыс бабында пайдаланылатын, белгілі бір қызметтік мұқтаждықты өтейтін механизм секілді көрінеді де тұрады. Артықшылықтарын да ескермей болмайды. Ал мына сіз бен біз шығарып жатқан өнімдер болашақтың руханият қазынасы ғой.

В.Абрамовтың пікірінің де жаны бар. Мына зымыран уақытта іздегеніңді электрондық газеттен әп-сәтте табасың да, уақыт үнемдейсің. Бұл – оның басты артықшылығы. Ал дәстүрлі газет алуан қырлы оқырман аудиториясына арналған. Біреу жеделғабыл ақпарат іздесе, екіншілері күн тәртібіндегі мәселелерге жазылған сараптамалық мақалалар оқиды, ал үшіншілері өз талғамына орай тарихи-рухани тақырыпта жазылған дүниелерден эстетикалық тұшымын қанағаттандырады.

Бұдан қандай қорытынды шығады? Біздіңше, дәл қазіргі таңда электрондық ақпарат көздерін де, дәстүрлі БАҚ өнімдерін де қатар дамытып, таразы басын тең ұстаған абзал. Ол үшін не істеу керек?

Ол үшін, әрине, дәстүрлі БАҚ өнімдерінің тиісті адресатқа уақытылы жеткізілуін ұйымдастыру, оны қамтамасыз ету мәселесін шұғыл арада шешу қажет. Ал әзірге бұл мәселе сын көтеретін емес. Осы шаруашылықпен шұғылданатын пошта қызметі түбірімен өзгертуді қажетсініп отыр. Ілгерідегі Кеңес дәуіріндегідей бүгін шыққан газетті тап сол күні аудан, ауылға жеткізу қазір, әрине, құр қиял ғана болып қалды. Медиафорумдағы әңгімеден түйгеніміз, мұндай жағдай бүтіндей ТМД аумағында етек алып отыр екен.

Қағаз өнімдері негізінде шығатын БАҚ оқырманның ойлау қабілетін ұштауға, олардың өзін толғандырған мәселелерге байланысты әртүрлі басылымдардағы қилы көзқарастарды салыстыруға, зерттеу мақалаларының түп-тұқиянына бойлауға мүмкіндік алады.

Мерзімді басылым тиражының ұдайы жоғары деңгейде болуына тек редакция қызметкерлері ғана мүдделілік танытуы тиіс деген көзқарастан арылу керек. Шынын айту қажет, пошта қызметі пайдасының едәуір бөлігі осы газет-журнал тасымалынан, оған жазылуды ұйымдастырудан түседі ғой. Сондықтан мерзімді басылым ұжымы мен пошта мекемесі арасындағы ынтымақтастық, мүдделілік бір арнада бағытталуы тиіс.

Львовта шығатын «Высокий замок» газетінің бас редакторы Наталья Балюк осы форумда өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті.

– Газет шығаруға мемлекеттен бөлінетін қаржы жоқтың қасы, – дейді ол. – Сондықтан бар салмақ: қаржы табу, газетті шығару, оны тарату редакция ұжымының мойнында. Бар күш-жігерімізді газетіміз Батыс Украинаның әр отбасының тағатсыздана күтетін хабаршысы, оның тілекшісі болуына жұмсадық.

Әріптесіміздің пікіріне қарағанда, баспасөзге жазылу жыл он екі ай жүреді екен. Пошта қызметкерлері мен хат тасушылардың, газетті қолдаушылар клубы мүшелерінің бәйгесі тұрақты түрде өткізілетін көрінеді.

Осы мәселе төңірегінде Өзбекстандағы «Новый век» газетінің бас редакторы Валерий Ниязматов, Қырғызстандағы «Ош жаңырыгы» газетінің бас редакторы Талантбек Монолбаев, Тәжікстанда шығатын «Факты и комментарий» газетінің бас редакторы Зафар Абдуллаев секілді әріптестерімізбен пікір бөліскенде олардағы тіршілік те львовтық бас редактор Наталья Балюк айтқан жағдайлармен қарайлас екендігіне көз жеткіздік.

 

Блоггер және бір нәзік сәуле

Бұл жолғы медиафорумның бір ерекшелігі, ТМД аумағындағы «мен блоггермін» дейтін журналистердің бірқатары төбе көрсетті. Сондықтан да алқалы мәслихаттың бір секциялық жиыны соларға беріліп, олар өздерін ойландырған өзекті мәселелер төңірегінде пікір алысты. «Жаңалықтар» ақпарат агенттігінің аймақтық құрылымдау және жобалау дирекциясының директоры Александр Курянов төрағалық еткен бұл жиында Антон Носик, Михаил Котов, Антон Карапков (Ресей), Самвел Мартиросян (Армения), Марина Золотова (Белоруссия), Нана Дердарияни (Грузия), Кристианс Розенвалдс (Латвия), Павел Григорчук, Сергей Узун (Молдова Республикасы) секілді блоггерлер әрқайсысы өз аймақтарында бетпе-бет келіп отырған проблемалар туралы және оны шешудің жолдары жөнінде көзқарастарын білдірді. Демек, бүкіл ТМД аумағындағы блоггерлер қауымдастығын құрудың, оның құқықтық негізін пысықтаудың уақыты жеткен сыңайлы.

Баршаға мәлім, блог – жеке тұлғалардың жеке жазбалары, түрлі суреттер мен аудиобейне құжаттар жиынтығы болып келетіні белгілі. Ғаламдық ғаламтордан берік орын алған блог жүйесіне қосылушылар, оны қолданушылар жылма-жыл артып келеді. Ең алғаш 1992 жылы ағылшын ғалымы Тим Бернерс Лидің авторлығымен дүниеге келген блог қазір Қазақ елінде де кең тарай бастады. 2008 жылдан ана тілімізде ғаламтордан көрініс тапқан ұзын-саны бүгінде 300-ге жетіп отыр.

Осыған қарағанда, таяу болашақта бұл көрсеткіш одан әрі өсе түспек. Электрондық ақпарат құралының елге қызмет ету тұрғысынан келгенде, мына пікірді мысалға алмасқа тағы болмайды. Алматыда ғаламтор әлемінде танымал қазақ блогшыларының құрылтайы өтті. Бұған жаңалыққа жаны құмар кісілер елең етісті. Осы құрылтайға қатысқан Франциядағы қандасымыз Айтер Гөкай былай деп ағынан жарылды.

– Бүгін Париж қаласында 300-ден астам қазақ отбасы тұрады. Қазір ақпараттық заман ғой, ақпараттар ағынынан әркім өзіне керегін ала алады. Ғаламтордағы «Facebook» әлеуметтік желісінде «Paris kazakh» («Париж қазақтары») деген арнайы сайт ашқаныма көп уақыт бола қойған жоқ. «Париж қазақтары» қауымдастығы Париж қаласында тұратын қазақтардың басын біріктіру мақсатында ашылған еді. Қазір ол қауымдастыққа ешқандай шақырусыз-ақ 550 адам тіркеледі. Бұл – қуантарлық көрсеткіш. Жалпы, біздер, Париж қазақтары, өзара қоян-қолтық араласамыз. Бұл қаладағы көптеген қандастарым өз ана тілдерін білмегенімен, салт-дәстүрден, ділден ажырай қойған жоқ. Жыл сайын Наурыз және тағы басқа мерекелерді ерекше атап өтеміз.

Менің отбасымда ешкім қазақ тілінде сөйлемейді. Ертеректе атам Қазақстаннан Пәкістанға, одан өзімнің әкем Түркиядан Францияға қоныс аударған екен. Тілі, діні бөлек елдерден көшіп-қону туыстарым­ның туған тілінен алшақтауына алып келді. Ал өзім ана тілімді соңғы екі жылда меңгердім. Париж қаласына оқу іздеп келген қазақстандық 100 студентпен жақсы қарым-қатынас жасаймын. Олар маған қазақ тілін, мен оларға керісінше француз тілін үйретуге уәде етісіп едік. Нәтижесін көріп отырсыз, қазақшам біршама жақсарып қалды. Қазір мен қазақ тіліндегі ақпаратымды өзім ашқан қауымдастықта жариялау арқылы Париж қазақтарын Қазақстан жаңалықтарымен таныстырып жүрмін.

Бұны қазіргі ғаламдық жаһандану жағдайындағы үрдістің бір мысалы ретінде қарастырмасқа амал жоқ. Атамекеннен жырақта жүріп бірін-бірі тауып, айшылық алыс жерлерден қандас бауырлардың бірімен-бірі үндесуіне, тілдесуіне жол ашып отырған байланыстың бұл түрінің өркенді дамуынан рахат көрмесек, зиян шегіп отырған жеріміз жоқ екен.

Бұл – мәселенің бір түйіні. Ал енді осы әңгімеге өзек болып отырған мәселенің тағы бір қыры бар екен. «Блогшы – журналист пе немесе блог шығармашылық жұмыс өнімі ме?» деген сауалдың Киевтегі медиафорумда да, Алматыда өткен құрылтайда да қайта-қайта көтерілуі жайдан-жай емес. Мәселен, Украина ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Андрей Ермолаев: «Блогтар – құпия пікір алмасу ғана құралы» десе, мәскеулік саясаттанушы Алексей Власов: «Интернеттің журналистика екендігіне күмәндімін» деген үзілді-кесілді пікір білдірді. Ал журналист Виталий Абрамов: «Интернетті дамыту – журналистиканы дамыту емес» деген пікірін алқалы мәжілісте екі-үш рет қайталады.

Алматыда өткен блоггерлер құрылтайында қарағандылық Әлия Сембай осы блог арқылы, оның сапасын көтеру нәтижесінде журналистиканы дамытуға болады деген пікірде.

Бір ақиқат бар. Ол – ересек кісілердің бүкіл ақпаратты газет-журналдан оқып білетіні, ал жастардың оны монитордан көретіні. Бұл айырмашылық бара-бара жойылуы тиіс. Өйткені заманауи ақпарат беру құралдарына деген қызығушылық ерте ме, кеш пе, бәрібір оянбақ.

Мәселенің мәнісі ендігі жерде соны дайындайтын, әзірлейтін кадр сапасында болу керек. Осы тұрғыдан келгенде, журналист кадрларын даярлауды жетілдіру кезек күттірмейтін шаруа болып отыр.

Блогты дамыту, блогшылардың қазіргі қадамы журналистикаға салқынын тигізбесе екен деген пікір де жоқ емес. Журналистика – сөз өнері. Сондықтан оның табиғатына көлеңке түсіру үлкен әбестік болар еді.

Шынын айту керек, қайсыбір блогтардағы шатты-бұтты сөз қолданыстары мен орашолақ ой түйіндерінің көрініс беруі бізді осындай пікірге жетелейтіні шындық. Жаңалықтың аты – жаңалық. Еліміздің ақпараттық кеңістігінде блогшылар өрісі кеңейіп келеді. Алайда олардың қадамын қуана қолдай отырып, оның сапалы болуына ұдайы назар аудару керектігін де ұмытпаған жөн.

  • Tweet

Пікірлер (4)

  • I could watch Scrl'diehns List and still be happy after reading this.

  • I liellatry jumped out of my chair and danced after reading this! http://lzhmqggtlo.com [url=http://hrecthyh.com]hrecthyh[/url] [link=http://jpnweull.com]jpnweull[/link]

  • What an awesome way to explain this-now I know evigtyhenr!

  • God help me, I put aside a whole afnetroon to figure this out. http://psellckr.com [url=http://uobfeydv.com]uobfeydv[/url] [link=http://tlydgeickg.com]tlydgeickg[/link]