Зерлі дүниелерге бай «Ақ зер»

09.07.2013, 12:14

Сырт қарағанда сырлы сөзден, сөз өнерінен алыстау сияқты көрінетін осы азаматпен аракідік кездесіп қалып жататыным бар. Сол тұста оның қысқа да нұсқа әңгімесінен бұл кісінің шынтуайтына келгенде сөздің тиегін ағытса көп сырды ішіне бүккен, айтары мол, сезімге бай жан екенін аңғарарыңыз анық. Ал, сезім көп жағдайда ақылдан да ақылдырақ, тілден де тілдірек. Сезімді ақыл түсіндіре алмайды, тіл жеткізе алмайды. Сезім – сурет бейне арқылы ғана ойға қонып, бойды билеуі мүмкін. Менің кейіпкерімнің сезімге бой ұруы бекер емес екен. Өйткені, ол – суретші.

Әңгіме төркіні Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Мәдениетті қолдау жылы» эмблемасының авторы, суреттері отандық музейлерде және жеке картина жинаушылар қорынан орын алған, республика, Алмания, АҚШ, Түркия мемлекеттерінің көрмелерінде ілінген Жеңіс Кәкенұлы жәйлі болып отыр. Өзі туралы айта беруді онша жарата бермейтін жігіт ағасы өз өнеріне қатысты ойын Ци Бай Ши дейтін суретшінің тасасында тұрып, соның сөзімен былайша жеткізеді: «Қырыққа келгенде ғана суретті түсіне бастадым, енді бір отыз-қырық жыл сурет салсам, тәуір суретші болуым кәдік. Ал, енді жүз жасасам нағыз суретші болар едім». Сөйтіп, зейнетінен бейнеті басым сурет деген өнерге тап осындай жанкештілік, құлақкесті құл болу керек дей отыра, қазіргілердің қарын мен өңештің құлы болып бара жатқанын айтып, сурет салып жүрген біздің балалардан да осы бір қауіпті тенденция қылаң береді деген алаңдаушылығын білдіреді. Жеңіс Кәкенұлы жақсыға жегілудің және жаманнан жерінудің айшықты, айғақты жолы – төл өнеріңнің төркінін тану, серпінін сезіну деп есептейді.

Иә, расында, өнерсіз өмір тұл болар еді, ал адамдарымыз өңешке құл болар еді. Ендеше ұйқы қанып, сана жаңғырып тұрған осындай сәтте жаныңа сезімнің нәзік пернесін себелеп қоя беретін сурет әлемі бүгінгі ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің басты құралдарының бірі екендігін мойындамасқа лаж жоқ. Себебі, жан біткенді жадыратып, тән біткенді балбыратып, жасарып - жаңғырып, өніп - өсіп жатқан жаратылыс атаулыны қыл қаламымен жұрттың жүрегіне жеткізу құдіреті тек суретшіге ғана бұйырған. Суретші әрі мына дүниеге таң қалуға емес, таң қалдыруға келген тым ерекше тылсым, жұмбақ жан. Сондай-ақ ол тануға ұмтылған сайын сыры тереңдей беретін шегі жоқ қасиет иесі.

Менің пайымдауымша суретшілер қауымы өздерінің азаматтық және патриоттық парыздарын жоғары түсіне білетін адамдар. Ал басқа жерде олар өз өмірлерін материалдық жағынан анағұрлым жақсы жайғастыра алар еді. Мұны айтып отырғаным, өкінішке орай, олардың жағдайы, жалаңаш қалғаны ешкімді алаңдата бермейді. Сондықтан, халықтық қазынамыз бен руханият азығына деген ашырқану бойымыздан табылып тұрған кезде мұны құптау мен құнттау алдымен халық қамын ойлайтындарға, қадірлімін дейтіндерге көбірек абырой әперсе керек. Сонда ғана өнеріміз өсіп, өнегеміз өркендер еді. Сонда ғана қылмыскерлер бұғып, қыңырлар ығып жүрер еді. Өйткені өренің, өнердің, өнегенің құдіреті мен қасиетінен, киесінен қаймықпайтын пенде жоқ деп білемін. Шынтуайтқа келгенде жаман адам жоқ, тек қана рухы ауруға шалдыққан (жаман қасиеттер жабысқан деген сөз ғой) адамдар бер. Осы бір дерттен толық айығу үшін шаңды алып тастайтындай алақан керек десек сол алақан суретші алақаны болса игі.

Бұған Жеңіс Кәкенұлының былтыр «Фолиант» баспасы 2000 данамен шығарған «Ақ зер» атты кітабын оқыған адам көзін толық жеткізетіне кәміл сенемін. Әлемге танымал реализм, импрессионизм, кубизм, гиперреализм өкілдері және 15 қазақстандық суретшілердің шығармашылықтары туралы деректер топтастырылған бұл жинақтың көтерер салмағы қырық атанға жүк болардай, елге берер тәрбиесі мол, тәлімі зор. Мәселен, америкалық суретші Эндрю Уайеттің кезінде американың символына айналған «Кристина әлемі» деген суретін алайықшы. Кітапта бұл туралы жазылған жәйтті тебіренбей оқи алмайсың. Міне соған бір сәт ден қойсақ. «Ольсен атты шаруа отбасын жазғы үйіне көрші қылып, қоныс тебеді. Алғашқы күні үйге келген қонақ жігітті, креслода күн жылы болса да тізесін жамылғымен жауып алып, қозғалмай отырып-ақ әңгімесін айтып, ақжарқын қалыппен қарсы алған періште кейіптегі қыз көрінеді. «Анасы бізге шәй демдеп әкелгенге дейін бір тұрмады. Дастархан жиналып, қайыр қош айтып шығып кеткенімде де қыз сол орнында қалды. Мән-жайды тек ертесі ғана, үйде, терезеден сыртқа көз тастап тұрғанымда білдім», - дейді суретші. Кристина полиомелит дертінен кейін екі аяғынан сал болып жүре алмайтын еді. Біреуге масыл болғым келмейді деп, қол арбадан әдейілеп бас тартып, жиырылып - созылып, екі қолымен жерді демеп, еңбектеп емес, сүйретіліп бара жатқан кембағал қыз, кейін суретшіні әлемге мәшһүр қылатынын білген жоқ-тын.

Картинадан сыртын үнемі жаңбыр шайып, жел тотықтырған бір-екі еңселі тақтай үйді бетке алып, жамбастай, қолыменен жер тірей, жаны тітірей, әлденеден үркіп, әнтек ұмсына қалған қыз бала көзге ұрар еді. Композицияның алтын қимасына орналасқан, үстінде оңа бастаған қызғылт түсті көйлегі бар, қайратты қара шашын желкесіне түйіп алған Кристина қыздың бет бейнесі бізге көрінбейді. Нәзік беліне буынып алған жіңішке қара белбеуімен өмірге деген үзілмес іңкәрлік үмітін әйгілеп тұр. Етсіз арық қолдарымен ғана он екі мүшесі саулар шайлығып «қасқыр қоғам, сұм заман» деп қара аспан төндіріп жүрген өмір соқпағына қаймықпай «қадам басады».

Иә, осылайша қайғыға көнбеген кінәратсыз бойжеткеннің өмірге деген өлердей құштарлығы кімді болса да бей-жай қалдырмасы сөзсіз. Қаршадай  қыз Толстойдың Фетке жазған «Науқас жан адами сапа жағынан дені сауға қарағанда әлдеқайда жоғары тұрады. Өйткені, олар өмірдің ізгілік құнын анағұрлым терең сезінеді. Ауырмағаннан қорық! Әсіресе, науқастанып көрмеген әйелдер тағы секілді, үрейлі» дейтін хат жолдарын еске түсіреді. Ал мен үшін бұл бойжеткен кезінде он жыл төсекке танылып, үмітін арқалап ауыр науқасты жеңіп шыққан, атақты жазушы, марқұм Немат Келімбетовтің: «Алланың маған деген шексіз мейіріміне, рақымына риза болып жүремін. Өйтпегенде ше! Жаратқан тәңірім маған әсемдікті көрсін деп көз берді, жақсылықты есіт деп құлақ берді, өмірді сүй деп жүрек берді», деп ағынан жарылып айтқан сөздеріне ерекше мән беруге бәрімізді шақырып тұрғандай. Расында, барды бағалай білуіміз қажет. Мінеки, кітапта осындай тағылымы мол тартымды дүниелер жетерлік. Кітаптың эпиграфы ретінде алынған «Аяз балконымның терезесіне сурет салады. «Жүз жерден шебер болсаң да менің тозаңыма татымайсың» дейтін Тәңірдің сөзін үнсіз естіртіп» деген автордың сөз саптауының өзі неге тұрады?! Қалай болғанда да бұл кітап еліміздегі көркем өнер мектептерінде тамаша оқулық ретінде пайдалануға сұранып-ақ тұр. Сонымен қатар, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары суретшілердің шығармашылық еңбектері суретші көзімен безбенделіп, қағазға қазақ тілінде түскені жоққа тән екенін ескерсек, бұл еңбек – сол олқылықтың орнын толтыруға жасалған қадамның бірі екендігін мойындағанымыз жөн.

Осы ретте, кітап авторы Жеңіс Кәкенұлы атына айтар алғысымыз мол. Ең үлкені – Тәңір, ал халық одан бір-ақ жас кіші деген өсиет - өнеге бар екен. Тәңір – тағдырымыздың, болмысымыздың, жаратылысымыздың өзі шығар. Ал одан кейін табынарымыз – халық үшін еңбек етуді басты мақсат еткен Жеңіс бауырымызға осы жолда табаныңыз таймасын, тағдыр бақыт байласын демекпіз. 

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы, Бас редакторлар клубының президенті.

 

  • Tweet

Пікірлер (0)