Барды барынша бағалай да, саралай да білейік!
11.12.2013, 17:50
Енді берер күннен кейін еліміз Тәуелсіздік күнін тойлайды. Осылай жас мемлекетіміз өзінің есею жылдарының келесі бір сатысына аяқ басады. Иә, осыдан 22 жыл бұрын біз егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды.
Сол кездері, сапарымыздың басында бәрі басқаша болды. Елдің аты берілген қазақ ұлты бүкіл халықтың 40 пайыздан сәл астамын құрайтын, ал жас мемлекеттің экономикасы құлдырау шегіне жеткен еді. Одақтың кезінде бірыңғай шикізат базасы ғана болған, өнеркәсібінің үш те бір нұсқасы жоқ елдің өз алдына түтін түтетіп кететініне күмән келтіргендердің қарасы мол болатын.
Енді біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында ел танымастай болып өзгерді. Біз бүгін - өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз. Әрине, мұның барлығы өзінен өзі келген жоқ. Осы ретте, жұртшылық егемендігіміздің тұғырын бекемдеп, Қазақстанның бүгінде экономикасы өрлеген, әлем таныған елге айналуы үшін Елбасы қаншалықты күш-жігер жұмсағанын, мұның өзі қаншалықты сөзбен айтып жеткізуге болмайтын жанқиярлық еңбекпен келгенін білуі тиіс деп ойлаймын.
Тағдыр Нұрсұлтан Назарбаевқа тұңғыш президент және қазіргі Қазақстанның негізін қалаушы болу бақытын маңдайына жазды. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында еліміз жаппай-қырып жоятын ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартып, бейбітшілік сүйгіш саясатын әлемге мойындатты, алпауыт мемлекеттердің өзімен тізе қағыстырып, терезесі тең дәрежеде санасуына қол жеткізді. Осынау шын мәнінде тағдырлы шешім халықаралық қоғамдастық тарапынан бағаланып, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері – АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Франция тарапынан қауіпсіздік кепілдігіне ие болды.
Әлемдік қоғамдастықтағы өзінің ұстанымын бекемдей түсуде, 14 мың шақырымға созылып жатқан бүкіл шекара сызығын анықтап, заңдастырудың өзі неге тұрады?! Бұрынғы кеңестік кезеңде одақтас республика ретінде шекара нобайы болғанмен, оның әрбір қарысына дейін ешкім өлшеп-пішіп көрмеген. Керек десеңіз, шекараның кейбір телімдері кезінде құжатталып, қағаз бетіне де түспеген болатын. Жер дауы ықылым заманнан бері талай патшалық пен мемлекеттің арасындағы қантөгіске айналған күрмеуі қиын мәселе болғаны тарихтан белгілі. Оның бәрінің тігісін жатқызып, шеше қою айтар ауызға ғана оңай.
Немесе, жаңа елордамыз – Астананы алайық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін ұтымды пайдалана алдық. Дәл сол себептен де әлемдік қауымдастық Қазақстанды ЭКСПО – 2017 Халықаралық көрмесін өткізу орыны ретінде таңдады. Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді. Жалпы біздің еліміз кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте Еуразия қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен, осы Ұйымның саммитін өткізген және ғаламдық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО-2017 көрмесін өзінде өткізетін бірінші ел екенін айтсақ та жеткілікті.
Біз «Алдымен экономика – содан соң саясат» деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз. Саяси реформалардың әрбір кезеңі экономика дамуының деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша қоғам әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы ең жоғары стандарттарға жақындап келеді. Біз ел Конституциясына негізгі құқықтар мен бостандықтарды бекіттік. Қазір Қазақстанның барлық азаматтары тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие.
Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бойынша бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық, сөйтіп елімізге 160 млрд. доллардан астам шетел инвестициясын тарттық. Бір айтарлығы, Стратегия – 2030 қабылданғаннан бергі 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді. Нәтижесінде, 2026 жылдың қорытындысы бойынша Ішкі жалпы өнімнің көлемі жағынан да, бәсекеге қабілеттілік жағынан да әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына ендік. Мұның барлығы халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге оң ықпал етуде. Мәселен, соңғы 15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсті. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды. Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен үш есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Білім алуға де тең мүмкіндіктер жасалып, оған жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсті.
Сөйтіп, 2030 Стратегиясының негізгі көрсеткіштері мезгілінен бұрын орындалып, ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын айқындауға жол ашылды. Енді міне «Қазақстан – 2050» Жолдауына тура бір жыл толып отыр. «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап беретін ҚР Президентінің бұл Жолдауының басты мақсаты 2050 жылға қарай Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамын орнықтыра келе, әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына ену болып отыр.
Осыған байланысты, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының алғашқы бес жылын қамтитын үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама бекітіліп, ондағы белгіленген шараларды толығымен жүзеге асырудың нақты қаржыландыру көздері, тиімді басқару мен жеке жауапкершілік, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау, нәтижені бақылау және бағалау тәрізді қажетті шарттары анықталды. Сәтін салып, қолға алған істеріміз жүзеге асып жатса Қазақстан өз тарихында болмаған экономикалық серпіліс жасап, әлемнің дағдарыстан кейінгі алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің тізіміне ілінеріне еш күмән жоқ.
Иә, дамудың табан жолынан енді-енді шығып, оның даңғыл жолына аяқ басып келе жатқан бізге бүгінгі жаһандану дәуірінде мейлінше жоғары сапа деңгейіне көтерілу үшін индустрияландыру үрдісін қолға алу ауадай қажет. Осы игі шара, түптеп келгенде бізге қосымша құны жоғары, бірінші кезекте өзіміздің отандастарымыз тұтынатын, өнімдер шығаратын өндіріс орындарын көптеп ашуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, индустрияландыру отандық өндірістің қарқынды дамуында шикізаттың үлесінің мейлінше азаюына септігін тигізеді. Бұл деген шикізат өнімдерінен мүлдем бас тарту емес. Бізге керегі, өзгелер тәрізді барды орынды пайдалана білу.
Атап айтқанда, соғыстан кейінгі жылдары Германияның экономикасын көтеруге мейлінше еңбек сіңірген, белгілі неміс экономисі Людвик Эрхард Маршалл жоспары бойынша бөлінген 1,4 млрд. долларды тек шикізат алуға көздеген. Бізде бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Бүгін, қазақстандықтар жерінің көлеміне шаққанда 0,2 пайызды құрайды, ал шикізаттың байлығы тұрғысынан әлемнің алдыңғы бестігі қатарында. Яғни, әрбір азаматқа келетін байлық жөнінен Қазақстан дүниежүзінде бірінші орында. Мұның өзі оның зор болашағын байқатады. Тек осыншама байлықты дұрыс ұқсата отырып, жаратқанның берген сыйының басым бөлігін келер ұрпаққа зор мұра ретінде қалдыру қажет.
Сондықтан, тұрлаулы да теңдестірілген даму жоғарыда айтылғандай индустрияландыру бағдарламасы бойынша жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Нәтижесінде, 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13 пайыздан кем емес мөлшерін құрауы тиіс. Экспорттың жалпы көлемінде шикізаттық емес экспорттың үлесі 27-ден 45 пайызға дейін ұлғаюы, еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібінде екі есе, ауыл шаруашылығында кем дегенде төрт есе артуы қажет. ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығы 25 пайыздан кем емес мөлшерде төмендеуі, кәсіпорындардың инновациялық активтерінің үлесі 20 пайызға дейін өсуі қарастырылып отыр.
Ендеше, жұмысқа ынталы әрбір азамат үнді халқының ұлы перзенті Джавахарлал Нерудің «Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі» деген қанатты сөзін қаперде ұстап, осы бір оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланғаны жөн.
Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий