Индустриялық даму – жалпыға ортақ міндет
23.12.2013, 14:20
Таяуда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2013 жылы пайдалануға берілген инвестициялық жобалар тұсаукесеріне арналған жалпыұлттық телекөпір ұйымдастырылып, сол арқылы байтақ еліміздің жер-жерлерінен нақты қолға алынып жатқан игілікті істер жөнінде көзайым болуға мүмкіндік туды. Сөйтіп, «Саусақ біріксе, ине ілігетініне» тағы да бір рет көзіміз жетті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев онлайн режимінде жұмыс істеп тұрған нысандардың жұмысымен танысты және тағы 10 жаңа жобаның іске қосылуына рұқсатын берді. Осылайша біз индустриялық-инновациялық бағдарламаның бірінші бесжылдығын іске асырудың соңғы сатысына қадам бастық. Сайып келгенде бұл: «дүниенің бәрі кері кетіп бара жатыр» деген тәрізді қоғамда орын алып отырған кейбір сыңаржақ пікірлердің түбіне су құйды десе де болады және мұнымен көзіқарақты әрбір азаматтың толық келісеріне күмәнім жоқ. Осы орайда мына деректерге көз жүгірте кетсек.
Мәселен кейінгі 4 жылда 500-ден астам серпінді жоба іске асырылып, 60 мыңнан астам жаңадан жұмыс орындары ашылды. Индустрияландырудың заңнамалық базасы қалыптастырылып, үнемі жетілдірілуде. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Өнімділік – 2020», «Экспорттаушы – 2020» және басқа да бағдарламалар жүзеге асуда. Бүкіл бизнеске жеке бастамаларды мемлекеттік қолдаудың жүзге тарта құралдары ұсынылуда. Теміржол саласы бойынша машина жасауды дамыту жөнінде көп жұмыстар атқарылуда. Ел тарихында алғаш рет электровоздар, тепловоздар, жолаушылар мен жүк вагондарын құрастыру ісі жолға қойылды. Автомобиль өнеркәсібі дамып келеді. Мұндай серпінді өндірістер бұрын Қазақстанда болған жоқ. Шындап келгенде бұл – біздің ортақ жеңісіміз, барша қазақстандықтардың жеңісі деген сөз. Айталық, Астана қаласындағы локомотив құрастыру зауыты арқасында Қазақстанмен қатар таяу шет елдердің темір жол саласының да заманауи магистральдық локомотивтер жөніндегі қажеттері қамтамасыз етілетін болады.
ТМД елдері үшін жаңа, күйдірілген жентек өндірісінің инновациялық технологиясын енгізу қордаланған ұсақ рудалар қорларын өнеркәсіптік игеру және Қазақстанның ферроқорытпа зауыттары үшін кесек рудалар жеткізілімі жеткіліксіздігін қысқарту проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.
Жаңа металл прокаты зауытын пайдалануға беру Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі темір рудасы шикізатын дайындайтын ірі кәсіпорын – Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің мұқтажын өнімдермен толық қамтамасыз етуге жол ашады.
Мұның, сайып келгенде, біздің ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете отырып, барлығымыз үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын және ең бастысы – Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра түсетінін байқау қиын емес.
Сондай-ақ, бұл жұмыстар ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға, халқымызды жұмыспен қамтамасыз етуге, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өткен жөн. Соның нәтижесінде 2013 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 6 пайыз деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. Инфляция 5 пайыздан, жұмыссыздық 5,2 пайыздан аспайды. Әлемдік экономикада тоқырау орын алып отырған қазіргі жағдайда біздегі осынау оң сипаттағы бетбұрыстар Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаевтың алдымен экономика деген идеясының дұрыстығының жарқын үлгісі деуге толық негіз бар.
Иә, елімізді индустрияландыру үдерісі өте жақсы бастау алды. Әсіресе, 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған индустрияландырудың 2-ші бесжылдық жобасымен жұмыс жүріп жатқан сәтте, әрі біздің бұдан кейінгі қадамымыз нақты сараланған және дәл есептелген болуы тиіс жағдайында. Ендігі жерде барлық жобаның сапасына, тиімділігіне және өзара байланыстылығына ден қою қажет десек, Үкімет инвестиция тартудың нақты жоспарын жасап, іске асыру үшін ұсынылған әрбір жобаны тыңғылықты елеп-екшеуге тиіс және де оның басымдықтарын дәл анықтау керек.
Осы орайда Елбасы, бірінші кезекте, бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейін қамтамасыз ете алатын салаларды дамытқан жөн деп санайды. Бұл кездейсоқ емес. Мұнай-газ және тау-кен саласындағы машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс материалдарының өндірісі, агроөнеркәсіп кешені осындай сектор бола алады. Осы секторлардың айналасында қосалқы кәсіпорындар желісі құрылып, солардың көмегімен шикізатты дайын өнімге дейін жеткізу көзделуде. Өз кезегінде, бұл – шағын және орта бизнес үшін де керемет мүмкіндік. Түптеп келгенде, біздерге тәжірибе мен білім және жаңа технологиялар алу арқылы отандық инновацияны өрбітуге жол ашылатын болады.
Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы мемлекеттік ресурстармен қатар барлық қазақстандықтар мен бизнесті жұмылдыруға да байланысты екендігін атап өткен жөн. Мынадай бір ақиқатқа назар аударсақ. Қай елдің болмасын, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы жекеменшік секторының, соның ішінде шағын және орта бизнестің үлесіне тікелей қатысты. Тауар өндірісін ұлғайтып, азық-түлік молшылығын жасайтын да, қызмет сапасын жақсартатын да – осы орта тап. Экономика тұрақты болуы үшін шағын және орта бизнестің үлесі 70-80 пайыз, кем дегенде 40-50 пайыз болуы керек. Сондықтан, ҚР Президенті шағын және орта бизнесті әрі қарай дамытуды негізгі стратегиялық мәселе ретінде атап отыр.
Расында, табысты мемлекеттер шағын жеке меншік кәсіпорындардың өсіп, орта деңгейге, кейін ірілердің қатарына өтуі үшін барлық жағдайды жасауда. Қазақстанға да осы жолдан өту керек. Әрине, біз бизнеске қолайлы орта қалыптастыруда құралақан емеспіз. Елімізде шағын және орта бизнестің 800 мың субьектісі қызмет етеді. Экономиканың осы секторында 2,4 миллион қазақстандық жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестің өнім шығару көлемі соңғы бес жылда 1,6 есеге – 2008 жылғы 4,9 миллиард теңгеден 2026 жылы 8,3 миллиард теңгеге дейін өсті. Сондықтан бүгін шағын және орта кәсіпкерліктің рөлін жаңаша бағалау маңызды. Экономика үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның дамуы үшін де.
Осы ретте мына бір мәселеге ден қойсақ. Біздің қоғамда жеке меншік дәстүрі әлі берік емес, ал оның құқықтық негізі жетілдіруді қажет етеді.Яғни, шағын және орта бизнестің дамуы үшін терең стратегиялық қадамдар, жеке меншік институтын нығайту үшін кешенді шешімдер керек. Өз кезегінде бұл біздің заңнамаларымызға Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуын тежейтін нормаларды алып тастау тұрғысынан тез арада ауқымды ревизия жүргізуді қажет етері сөзсіз. Бұл орайда Кәсіпкерлердің ұлттық палатасына көп міндет атқарылып отыр.
Сондай-ақ екінші бесжылдық жоспарының міндеттерін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен толық үйлестіруді қамтамасыз ету де бүгінгі күн тәртібінің түйінді мәселесі екендігін айтқан жөн. Сондықтан, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің салынып жатқан жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде ұдайы дамуын қамтамасыз етуді Үкіметке, Ұлттық палатаға, кәсіпкерлер мен барлық деңгейдегі әкімдерге қатаң тапсырды. Ол кісі сондай-ақ бизнеске жүргізілген заңсыз тексерістер үшін шенеуніктерді жазалауды қатайту жөнінде қосымша шаралар қолдануды Бас прокуратураға жүктеді. Оған себеп те жоқ емес. Тек 2013 жылдың 9 айында ғана 140 мың тексеріс жасалса, оның жартысынан көбі – жоспардан тыс, ондай тексерістер жүргізуге негіз бар екендігі туралы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жалған хабарламалары үшін өткізілген тексерістер екендігі анықталып отыр. Осыған байланысты Елбасы Президент Әкімшілігі жанынан бизнесті одан әрі дамыту үшін барлық қаралған мәселелер бойынша заңнамалық базаға ревизия жүргізу жөнінде арнаулы комиссия құру, салықтық жеңілдіктер жасау және әкімшілік кедергілерді жою қажеттігі туралы айтты.
Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеймін деген адамға тиісті жағдай жасалып жатыр. Ендігі жерде әрбір іскер қазақстандық осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана отырып, инновациялық экономикадағы өз орнын табуға ұмтылуы қажет. «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып» бірлесе еңбек етудің аса бір қажеттілігін Міржақып Дулатовтың мына өлең шумақтарымен түйіндегім келіп отыр:
«Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Жарты жаңқам қалғанша мен сендікпін,
Пайдалан қажетіңе жараса Алаш!».
Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий