Арғымақ жылдың асқаралы міндеттері

09.01.2014, 11:11

Сонымен жаңа 2014 жыл өзінің толық күшіне еніп, өркениет дамуының кезекті сатысына қарай бет алды. Әр санын қосқанда бізге киелі саналатын 7 (жеті) санын құрайтын және жыл санаулары атауларының қатарында жылқы жылына дөп келетін бұл жылдың Қазақ елі үшін мейлінше жәйлі болатынына сенім мол. Әрине, ілкімді істер мен іргелі ізденістердің нәтижесінде табысқа кенеліп жататын болсақ.

Қазақ «қолы қимылдағанның – аузы қимылдайды» демей ме? Өйткені, бұл нарық заңы. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында нарық келіп есік қаққанда бұрын кәсіпке бейімі жоқ деп есептелініп келген қазақ азаматтарының сәл-пәл абдырап қалғаны рас. Қазір, шүкіршілік деп айтайық, қаламен бірге далада да өз шаруасын дөңгелетіп әкеткен жігіттер баршылық. Олай болса күдіктен гөрі алдағы күндерге деген үмітіміз басым. Осы ретте бізді қыруар істердің және келелі міндеттердің күтіп тұрғанын ескерген жөн тәрізді. Ендеше, солардың бірқатарына тоқтала кетейік.

Сөз жоқ, 2014 жыл үдемелі индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығының шымылдығын жабатын жыл екенін, сондықтан «жаңа индустриаландырудың» президенттік нұсқасында осынау мерзімге белгіленген шаралардың толықтай іске асырылуын қамтамасыз ету бәріміз үшін аса жауапты міндет. Бірден айту керек, бұл тұрғыда соңғы төрт жылда қол жеткен табыстар аз емес. Мәселен осы уақыт аралығында 500-ден астам серпінді жоба нақты іске асырылып, 60 мыңнан астам жаңадан жұмыс орындары ашылды. Индустрияландырудың заңды базасы қалыптастырылып, үнемі жетілдірілуде. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Өнімділік – 2020», «Экспорттаушы – 2020» және басқа да бағдарламалар жүзеге асуда. Бүкіл бизнеске жеке бастамаларды мемлекеттік қолдаудың жүзге тарта құралдары ұсынылуда. Теміржол саласы бойынша машина жасауды дамыту жөнінде көп жұмыстар атқарылуда. Ел тарихында алғаш рет электровоздар, тепловоздар, жолаушылар мен жүк вагондарын құрастыру ісі жолға қойылды. Автомобиль өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді.

Мұндай серпінді өндірістер бұрын Қазақстанда болған емес. Айталық, Астана қаласындағы локомотив құрастыру зауыты арқасында Қазақстанмен қатар таяу шетелдердің темір жол саласының да заманауи магистральдық локомотивтер жөніндегі қажеттері қамтамасыз етілетін болады. Оған жақын және алыс шетелдерден біздің өнімге деген сұраныстың күн санап өсіп келе жатқаны куә деуге толық негіз бар. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы  өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы, «Жезқазған –  Бейнеу» және «Шұбаркөл – Арқалық» теміржолдары құрылыстарының он мыңдаған адамға жұмыс тауып бергеннің сыртында, өздеріне қажетті деген өнімдерді отандық кәсіпорындарда жасап шығаруға оңтайлы жағдай туғызып отырғанын ерекше атап өткеніміз жөн.  

ТМД елдері үшін жаңа, күйдірілген жентек өндірісінің инновациялық технологиясын енгізу қордаланған ұсақ рудалар қорларын өнеркәсіптік игеру  және Қазақстанның ферроқорытпа зауыттары үшін кесек рудалар жеткізілімі жеткіліксіздігін қысқарту проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.

Жаңа металл прокаты зауытын пайдалануға беру Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі темір рудасы шикізатын дайындайтын ірі кәсіпорын – Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің мұқтажын өнімдермен толық қамтамасыз етуге жол ашады.

Мұның, сайып келгенде, біздің ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете отырып, барлығымыз үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын және ең бастысы – Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра түскізетінін байқау қиын емес. Осы тұста мына жәйтке назар аударсақ игі. Біздің қазақта барыс-келіс, алыс-беріс дейтін сөздер ұдайы қатар, қосарлана айтылады. Бұл тек сөздің ұйқасы үшін қолданылмаған. Дана халқымыз кенеулі сөзді мәнерлі сөзбен кестелегенде неғұрлым ұғынықты болуын ескерген. «Беріспесең алыспайсың, алыспасаң алыстайсың» деген қанатты сөз және бар. Сондықтан мемлекетімізде интеграцияға, әсіресе экономикалық интеграцияға барынша ден қойылуы кездейсоқ емес. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь араларындағы Кеден одағы нақты мысал бола алады.

Жалпы алғанда, экономикалық интеграция дербес тәуелсіз мемлекеттер жағдайында бірден бір ішінара тығыз экономикалық ынтымақтастық орнату жолының ең жоғары әрі барынша мүмкін үлгісі болып есептелінеді. Әлемнің көптеген мемлекеттерінің аймақтық экономикалық интеграцияға ұмтылуы тегін емес. Мәселен интеграцияның ең жоғары сатысы ретінде экономикалық одақ танылады десек, оның жарқын үлгісі Батыс Еуропа одағы болып отыр.

Байқап көргеніміздей, қандай да бір мемлекет жабық есік жағдайында өмір сүруге мүдделі емес. Мемлекет қарқындап дамып отыру үшін оның ішкі нарығымен қоса сыртқы экономикалық байланыстары да кеңейе түсуі қажет. Әсіресе, жерінің аумағы аса зор, ал халқы 17 миллион ғана Қазақстанға бұл өмірлік қажеттілік. Олай болса, еліміздің Кедендік одақтан ұтары мол. Бірер мысал. Кеден одағы арқасында бізде жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік беріп отырған жобалар пайда бола бастады. Шекарадан өту рәсімдерінің де мейлінше жеңілдетіліп, кедергілердің алынып тасталғаны отандық бизнесті дамытуға өз үлесін қосуда. Ал, Кеден одағының келесі сатысы саналатын Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында капитал, тауарлар, қызметтер және еңбек ресурстары еш кедергісіз айналымда болады. Сайып келгенде, бұл үлкен нәтижелерге бастау болатын қарымды қадам. Өйткені, үш елдің бизнесмендері бір бәсекелестік ортада және бірыңғай ереже бойынша жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ кәсіпорындардың технологиялық деңгейін еселеп көтеруге, инвестицияны молынан тартуға мүмкіндіктер туады.

Бірыңғай экономикалық кеңістігіндегі бәсекелестік үш мемлекеттің экономикасын жаңартуға итермелейді. Сөйтіп, қазақстандық кәсіпорындарды бизнесті жүргізу талаптары мейлінше қатал Дүниежүзілік сауда ұйымына енудің алдында үлкен «шынығудан» өткізуге жол ашылады. Осы орайда, Елбасының «бәсеке жоқ жерде ұйқың жақсы, бірақ та өмірің нашар» деген ұтқыр сөзін қазақстандықтар қаперде ұстағаны жөн деп білемін. Ал енді кез келген адамның жақсы жағдайда өмір сүргісі келетіні анық қой.

Сондықтан, 2014 жылдың басты міндеттерінің бірі – интеграциялық қадамдарды кеңейтуге байланысты шаралардың үдерісін жандандыру болып табылады. Бұл орайда, бірінші кезекте, халыққа түсіндіру жұмыстарын қолға алу қажет. Себебі, нарық та, адамдар да өздеріне белгісіз әрі түсіне бермейтін жағдаяттарды көбіне бастарына төнген қауіп ретінде қабылдайды. Бұл түптеп келгенде адамдардың ішкі жан дүниесіне байланысты нәрсе. Психологияда, егер белгілі бір мәселе төңірегінде нақты деректер аз болған жағдайда, адам баласы оны ең бірінші жағымсыз жағынан қабылдауға бейімірек тұрады. Осы жағдайды ескере отырып «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі 2013 жылғы 13 желтоқсанда Семей қаласында «Кеден одағы елдерімен ақпарат алмасудың өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша республикалық «дөңгелек үстел» өткізгенін және оның барысында интеграция үрдістерін насихаттауға қатысты нақты ұсыныс-пікірлердің айтылып, солардың негізінде әзірленген ұсынымдардың құзырлы орындарға жіберілгенін атап өткен жөн.

Менің экономика мәселесіне басымдық беріп отырғаным еш кездейсоқ емес. «Ораза, намаз – тоқтықта» демекші, еліміздің экономикалық тұрғыдан барынша әлуетті болуы қоғамда орын алып отырған саяси, рухани, мәдени және әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуінің, сөйтіп әрқайсымыздың хал-ахуалымыздың жақсаруының бірден-бір кепілі екені даусыз. Әрине, тек өзіміз аз ұйықтап, көп жұмыс істесек, ақылға ден қойып, зерделі бола білсек, ең бастысы, ауызбірлігіміз арта түскен жағдайда ғана бұл мүмкін болады.

«Қазақстан -2050» Стратегиясында Елбасы Н.Назарбаев ХХІ ғасырдың ортасына таман біздің еліміз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын орната отырып әлемнің алдыңғы қатарлы 30 мемлекетінің құрамында болатынын атап өтті. 2014 – жылқы жылы біз соған шешуші қадам жасауымыз қажет. Оған бізде толық мүмкіндік бар. Қазақстандық тұлпар қазірдің өзінде әлемдік жарыста өзіне лайықты орынға ие бола бастады және күн сайын алға қарай екпіндей түсуде. Біздің арғымағымыз жүлде алсын десек, жұлдызымыз жарқырап жана берсін десек әр азамат өзі туып өскен Отаны алдындағы перзенттік парызын терең түйсіне отырып барлық күш-қуатын, ақыл-ойын, қайрат-жігерін туған елінің гүлденуіне жұмсағаны абзал. Осы орайда АҚШ президенті Кеннедидің американдықтарға қаратып айтқан сөзін сәл өңдеп: «Қазақ елі маған не берді емес, мен Қазақ еліне не бердім?», деп айтудың реті әбден келіп тұрғандай. Иә, туған елімізге береріміз ешуақытта таусылмасын!

 

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы,

«Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті

  • Tweet

Пікірлер (0)