Қазақ елі – халық арманының биік шыңы

15.02.2014, 15:18

Әр заман әркімнің алдына өз сұрақтарын қояды. Өмір, тәжірибе, мақсат та әртүрлі болады. Бірақ ел тағдырына қатысты мақсат айқын. Ол – халықтың басты арманы – азаттыққа, бостандыққа ұмтылу, тәуелсіз мемлекет құру. Бұл арман «ұлт» деген ең қасиетті, ең киелі сөздің құдіретінен туады. Ал, ұлттық идея – ұлттың еңсесін көтеріңкі ұстап дамудың бірден-бір шарты. Ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, болашағын болжап, сол жолда қандай да бір қиыншылықтарға шыдаған Алаш зиялылары, 40 жылдан соң олардың күрес жолын жалғастырып, жастардың санасын серпілтіп, болмысын оятқан «Жас тұлпар» ұйымы мүшелері осынау идеяны өздеріне үлгі тұтты. Кешегі Кеңес өкіметінің ондаған ғасырлық тарихы бар қазақ елін жоққа шығарғысы келген жымысқы әрекеттеріне олардың ізбасарлары дер кезінде тойтарыстар беріп, «Қазақ елі», «Қазақ жері» деген ұғымдарды сақтап қалуға ұмтылды. Сөйтіп, қазақ жастары атақонысымыз Арқа жерінен Неміс автономиясын ашуға жол бермеді. Рухтанды. Ер Едігенің ұрпағы екенін дәлелдеді. Болмысты торлаған қорқыныш пен мүсәпірліктен құтылып, ұлттық болмысы біржолата оянды.

Егерде жастар Ақмола – Ерейментау көтерілісіне шықпаса, бүгінгі жер тұтастығы, ел бірлігінің болуы күмәнді болар еді. «Қазақтың қамал қорғаны, қазақ деген халқынан, қазақтың абырой ары үшін, сарып қылған бар күшін» делінген Бөгенбай батырдың елді мекені Ассельборн аталса, сүйекке таңба түсіп, ұлттық рух әлсірейтіні сөзсіз еді. Осылайша елде біртіндеп ұлт азаттық көтеріліске саяси ахуал қалыптаса бастады. 1979 жылғы Ақмола-Ерейментау көтерілісінен күш алған, рухтанған жастар 1986 жылдың желтоқсанында ұлт мүддесін қорғауға дайындықтарын білдіріп, Брежнев алаңына еркін шықты. Ұлттық ағынның санасын оятқан осындай серпілістер түптеп келгенде әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасын ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет құруға жол ашты.

Енді міне еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өркениет әлеміне беттеген көшімізді бастап, ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманын іске асыруда аянбай күш жұмсап, тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел орнату жолында биік межелерді ұдайы бағындырып келеді. Соның жарқын куәсі – қысқа тарихи мерзім ішінде үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырып, мемлекетімізді әлемге мойындатқан Елбасымыздың біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін Мәңгілік Ел идеясы мен осынау ұлттық идеяны іске асырудың ең абыройлы, ең мәртебелі жолы саналатын «Қазақстан-2050» Стратегиясы болып отыр. Бұл тұрғыда ҚР Президенті биылғы Жолдауында ойын былайша қорытады: «Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналды. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел!». Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы» дегені де жадымызда.

Елбасының осындай ұлтжанды ойлары таяуда тағы бір тың бастамамен толықты. Атырауда болған сапарында ол кісі Қазақстанды Қазақ Елі деп атау керектігі жөнінде пікір білдірді. Шындап келгенде, бұл қоғамның көптен бері  зарығып күтіп жүрген өзекті мәселесі еді. Өз басым «Күте білгендерге бәрі өз орнына келеді» деген ұлағатты ұғымның өміршеңдігіне кезекті рет көзімді жеткіздім. Қалай болғанда да, кешегі мызғымастай болып көрінетін нәрсенің уақыт өте келе жаңа сұраныстарға сәйкес қайта қарауды талап ететіні сөзсіз. Біз бүгін алдымызға әлемнің алдыңғы қатарлы 30 мемлекеті қатарына енуді міндет қойып отырмыз. Өз кезегінде бұл табысты ұлттың кейпін сомдайтын мемлекеттің имиджін қалыптастыруды қажет етеді. Сондықтан бізге «стан» деген жалғаудан тез арада құтылғанымыз жөн. Өйткені, дүниежүзі Орталық Азия  аймағындағы «стан» жалғауын иеленген мемлекеттерді соғыс ошағына айналған Ауғанстанмен шатастыра отырып, аса сақтықпен қарайды. Содан да болу керек батыстың ақпарат құралдары және кейбір алып мемлекеттердің басшылары Орталық Азиядағы бес мемлекетке іш тартпайды. Мәселен, АҚШ Конгрессінің құжаттарында Орталық Азияның «бес стандарына» қатысты көңілге қонымсыз жәйттер жетерлік. Мұның өзі түптеп келгенде біздің елдің әлемдік аренадағы беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, инвестиция тартуға да кедергісін тигізіп отыр. Ал мемлекетіміз экономикалық тұрғыдан жоғары қарқынмен даму үшін бізге алдағы бес жылға 80 миллиард доллар көлемінде қаражат керек.      

Жалпы, «Ел» деген сөз қоғамдық санада қалыптасып қалғанын айтқан жөн. Еліміздің түгел дерлік тұрғындары үшін бүгін «Елорда» және «Елбасы» атаулары мейлінше жандарына жақын ұғымға айналды. Астаналықтар және оның қонақтары осындағы 91 метрлік «Қазақ Елі» монументін ерекше мақтан тұтады. Мұның барлығы сайып келгенде жұртты ортақ іске жұмылдыратын патриоттық сезімді оятуға оң әсері болары сөзсіз. Бұл өз кезегінде Ата заңда белгіленгендей ежелгі қазақ жерінде ортақ тарихи тағдыр біріктірген өзге де этнос өкілдерінің мемлекетімізге деген сүйіспеншілігін арттыра түсері анық. Иә, ортақ мекен ортақ тағдыр мен тарихты туғыза отырып, әрбір азаматтың сол халықтың бір бөлшегі екенін және өз еңбегімен бірнеше буын өкілдерінің жасаған істеріне айтарлықтай үлесін қосып отырғанын ерекше сездіреді.

Қазақ Елі атауы сондай-ақ қоғамда отаншылдық көңіл-күйді күшейтуге және туған елімізді инновациялық жаңғыртуға бағытталған жалпы азаматтық ынталықты қамтамасыз етуге шақырары даусыз. Жаһандық бәсекелестік әлі шиеленісіп тұрған сәтте және әлемдік дағдарыстың беті қайта қоймаған тұста мұндай ынтымақтастық аса қажет-ақ. Сонымен қатар, еліміз мемлекеттердің әлемдік лигасында мықтап бекінуге бел байлап отыр. Осы тұрғыдан келгенде жас тәуелсіз мемлекетімізге ата-бабаларымыздың армандаған тарихи атауын қайтарып берудің символдық мәні өте зор және мұндай шешімнің еліміздің беделін барынша асқақтатуға оң әсер етерін естен шығармағанымыз жөн.

Мына жағдайға да ерекше мән берген дұрыс деп ойлаймын. Әлемдік тәжірибеде бірқатар мемлекеттердің өздеріне мол капитал тарту мақсатында әрі имиджін жақсарту үшін бұрынғы атауын жаңа атаумен алмастыруы орын алып отыр. Мысалы, Африканың батысындағы Піл Сүйегі Жағалауы деген мемлекет кезінде француздардың колониясы болған еді. 1986 жылы атауын Кот-д.Ивуар Республикасы болып өзгерткен бұл мемлекет «колония» сөзінен өзін толық құтқарып қана қоймай, шетелдік инвестицияларды молынан тарту түріндегі экономикалық дивидендке ие болды. Қазір Чехия Республикасында өздерін Ресейдегі Шешен Республикасымен шатастырмас үшін Богемия атты тарихи атауын қалпына келтіру төңірегінде қызу әңгіме жүріп жатыр. Оның көршісі Словакия өзімен атауы ұқсас, бірақ тұрмысы өте төмен Словениямен салыстырмауды ақпарат құралдарына тұрақты ескертумен келеді. Румынияда  өзінің еліне Дакия деген атауды енгізу мақсатында қол жинау акциясы өтуде. Бір сөзбен айтқанда, осы іспеттес мысалдарды көптеп кездестіруге болады.         

Ендеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау тарихи бастамасының біздің отандастарымыздың тарапынан толық қолдауға ие боларына сенімім мол. Өз басым Қазақ даласының Қазақ елі деп аталуы әділетті әрі заңды шешім болады деп есептеймін. Өйткені, жалынды ақын Қасым Аманжолов жырлағандай:

         Бұл даланы анам жаспен суарған,

         Бұл далада атам қолға ту алған,

         Бұл далаға жылап келіп уанғам,

         Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,

         Бұл далада өскен жанда жоқ арман! 

 

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы

  • Tweet

Пікірлер (7)

  • YU54XT bijpqousmhjd, [url=http://euqmrudxcnqf.com/]euqmrudxcnqf[/url], [link=http://meydxlekvunn.com/]meydxlekvunn[/link], http://khnexzaqrvlb.com/

  • Damn, I wish I could think of soimtheng smart like that!

  • Walking in the preesnce of giants here. Cool thinking all around!

  • Thanks for writing such an eat-nsoyu-derstand article on this topic. http://lqgzloevihr.com [url=http://cbebdhqv.com]cbebdhqv[/url] [link=http://upkdzx.com]upkdzx[/link]

  • Is that really all there is to it because that'd be fleagbrgastinb.

  • I just hope wheveor writes these keeps writing more! http://qtuovko.com [url=http://wafimr.com]wafimr[/url] [link=http://xcxshhu.com]xcxshhu[/link]

  • KWAH0U http://www.FyLitCl7Pf7kjQdDUOLQOuaxTXbj5iNG.com