Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф
06.03.2013, 15:32
![]() |
Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф 1962 жылы 1 қаңтарда Павлодар облысында туған. Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген (1990). Филолог-арабист, шығыстанушы. 1993 жылдан бастап Дипломатиялық қызметте - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасының үшінші хатшысы (1993), Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің үшінші, кейін екінші хатшысы (1993-1996), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мәдени байланыстар, гуманитарлық ынтымақтастық және ЮНЕСКО істері жөніндегі басқарманың екінші хатшысы (1996-1997), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Таяу және Орта Шығыс, Африка басқармасының екінші, кейін бірінші хатшысы (1997-1998), Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кейін Кеңесшісі (1998-2002), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бөлім бастығы, кейін басқарма бастығы (2002-2003), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаменті директорының орынбасары (2003-2004), Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі жанындағы Сыртқы саясат орталығының Бас инспекторы (2004-2006), Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулы (2006). 2006 жылдың шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі. Ол Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымдағы Тұрақты өкілі (2006-2010), Қазақстан Республикасының Оман Сұлтанатындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы (2008-2010) болған. 2007 жылғы мамыр айынан бастап Кувейт Мемлекетіндегі және 2009 жылғы наурыз айынан бастап Бахрейн Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. |
Қайрат Лама Шариф «Араб тілінің хрестоматиясы» (2004), «Қазақша-арабша тілашар» (2005), «Қазақстан және әлем елдері» (2005), «Қажылық» (2010) және араб тіліндегі «Қазақстан - Орталық Азияның інжу-маржаны», «Экономикалық дамудың қазақстандық моделі», «Қазақстан фактілер мен сандарда», «Қазақстан – көпұлтты ел» және «Киіз үй – көшпенді қазақтардың үйі» атты кітаптардың авторы. Сонымен қатар, оның жалпы редакторлығымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жылсайынғы жолдаулары, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол» және «Ғаламдық қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» кітаптары, «Дағдарыстан шығу кілті», «Бесінші жол» және «Еуропадағы қауіпсіздік пен қауіпсіздік ұйымының тағдыры мен болашағы» мақалалары, Қазақстан Республикасының Атазаңы, «Нұрсұлтан Назарбаев – ұлтаралық және дінаралық татулықтың қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы» кітабы, Қ.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы дипломатиясы» және «Нұр мен көлеңке» кітаптары араб тілінде және «Қазақстан мен Сауд Арабиясы: стратегиялық әріптестік жолында», «Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы жолында» атты кітаптар орыс тілінде жарық көрді.
Бірінші класты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. «Қазақстан Республикасының Ата Заңына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) және «Ерен еңбегі үшін» (2008), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) медальдарымен марапатталған.
- Tweet



Пікірлер (26)
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты сараптамалық жағынан сүйемелдеу жөнінде айтып өтсеңіз?
Ең алдымен мынаны атап өту керек. Қазақстан дінтанушыларының екінші форумы өткізіліп, діни салаға қатысы бар 150-ден астам мамандар мен ғалымдардың басын біріктірген Қазақстан дінтанушыларының Конгресі рәсімделді.
Бұдан бөлек, Дін істері агенттігі жанынан Діни ахуалды зерттеу жөніндегі консультациялық-сараптау Кеңесі құрылып, қазіргі кезде өз жұмысын жүзеге асыруда.
Жалпы, бұл бағытқа жекелеген ғалымдар мен дінтанушылар тартылып, олардың өзіндік зерттеулеріне де сенім білдірілуде.
Осы қатарда Дін істері агенттігінің қозғау салуымен дінтану сараптамасын жүргізетін сарапшыларды іріктеу жөніндегі нұсқаулықтың бекітілгенін де атап өткен жөн.
Бүгінде миссионерлік қызметті реттеудің аса маңызды екендігі белгілі. Шетелдік миссионерлер қызметіне қатысты өзгерістер бар ма?
Қазақстанға шетелдік миссионерлердің келу және мекендеу тәртібі реттелді. Өз кезегінде бұл шаралар әкімдіктердің қоғамға әлеуетті қауіп төндіретін кейбір миссионерлердің заңсыз және бақылаусыз қызметінің алдын алуға, яғни, осы нысандарға бағытталған нақты шараларды іске асыру бойынша кешендік жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Ендігі уақытта шетелдік миссионерлердің қаржылық әрекетіне де бақылау күшеюде. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарын қайырымдылық амалдар арқылы өз мүшелігіне мәжбүрлеп тартатын діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді.
Айталық, осы іс-әрекеттердің нәтижесінде протестанттық бағыттағы шетелдік миссионерлердің саны едәуір қысқарды, егер 2009 жылы олардың саны 134 адамды құраған болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 76-ны көрсетті, ал қазіргі уақытта 43 шетелдік азамат миссионер ретінде тіркелген.
Діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың қандай негізгі бағыттары қалыптасты?
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі негізге келтіруде бірінші кезекте еліміздегі діни қатынастарды реттейтін жаңа құқықтық кешеннің қалыптасқанын айрықша атаған жөн. Сонымен қатар, Қазақстанның діни кеңістігінің құрылымдалғанын, яғни, ондағы үрдістерді бір жүйеге келтірген діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісінің өткізілгені де назар аударарлық. Осының нәтижесінде мемлекеттің миссионерлік қызметті реттеудегі рөлі де күшейді және де ең бастысы, тұрғындар арасында кең ауқымды түсіндіру және ақпараттық-насихат жұмысын ұйымдастыру арқылы қоғамда радикалдық діни ағымдар идеологиясының таралуына сенімді тосқауыл қойылды.
Бұдан бөлек, діни-экстремистік және террористік топтардың ақпараттық қызметіне белгілі бір деңгейде шектеу қойылып, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша жұмыстар жандандырылуда; бірқатар шет мемлекеттердің дін істері жөніндегі уәкілетті органдарымен ынтымақтастық нығайтылды.
Конфессиялық қауіпсіздік деп нені түсінеміз? Мен осы сөзді көп естимін. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында.
Конфессиялық қауіпсіздік ретінде дін саласында пайда болу ықтималдылығы жоғары қақтығыстардың алдын алу жүйесін түсінгеніміз жөн.
Жалпылай алғанда, конфессиялық қауіпсіздікке түрлі діни конфессиялардың ортақ мәдени кеңістікте үйлесімді дамуына жағдай жасау және қандай да болмасын діни қатыстылыққа байланысты туындаған және саяси ортада белсенді талқыға түсетін қақтығыстардың алдын алу немесе оларды болдырмау шаралары жатады.
Бұл ретте мемлекет тарапынан конфессиялық қайшылыққа ықпал ететін, қызметтерінен деструктивті және экстремистік стратегиялар байқалатын діни бірлестіктердің құқықтық бақылауда тұрғанын атап өткен абзал.
Тағы бір атап өтерлік жайт, мемлекеттің ішкі саясатының бүкіл қуаты дінаралық және ұлтаралық татулықты қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан да бұл мәселе айрықша назарда деп батыл айта аламыз.
Үкімет қаулылары деңгейіндегі тәртіпті белгілейтін 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына қатысты және соған орайластырыла қабылданған актілер жөнінде білгім келеді. Олардың қосқан үлесі неден көрінуде?
«Миссионерлік қызметті жүзеге асыру туралы», «Дінтану сараптамасын жүргізу туралы», «Ғибадат үйлерін салуды келісу және ғибадат үйлерін, ғимараттарын діни бірлестіктерге беру туралы», «Республика аумағындағы шетелдік діни бірлестіктердің қызметін келісу», «Шетелдік діни орталықтардың Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы туралы» актілер қабылданды.
Мені мына мәселе қызықтырады. Діни бірлестіктердің тең құқылылығы қалай қамтамасыз етіледі?
Мемлекет тарапынан діни бірлестіктер мемлекеттік тіркеуде, ғимарат салуға немесе оны қайта қалпына келтіруге рұқсат беруде, жер телімдерін бөлуде, қайырымдылық және мәдени-ағартушылық шараларын жүзеге асыруда және бұқаралық апарат құралдарына қолжетімділікке қатысты тең құқылы. Бұқаралық ақпарат құралдарында тек кез келген дінді басқа діндерге қарсы қойып, оны асыра мадақтаудың кез келген формасына тиым салынады.
Діни білім беруде мемлекеттің ұстанып отырған саясаты қандай? Қалай десе де, білім саласы стратегиялық бағыт қой. Ата-ана ретінде ұл-қыздарымыздың нені оқып, нені тоқитынын білуге міндеттіміз деп есептеймін.
Мемлекет білім беру мен тәрбиелеудің мемлекеттік жүйесін діни бірлестіктерден бөлу және зайырлы білім беру ұстанымын ұстанады. Мемлекет білім беру мен тәрбиелеудің мемлекеттік жүйесі шеңберінде дінмен байланысты пәндердің өткізілуін қолдайды, егер ол пәндер теологиялық емес, дінтанулық және мәдени бағытта болса.
Қарапайым тілмен түсіндіріп берсеңіз, қандай жағдайларда діни бірлестіктің қызметіне кәмелетке толмағандар араласа алмайды? Мұны білу мен үшін маңызды.
Діни бірлестіктің басшысы кәмелетке толмағандардың ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде кәмелетке толмағандарды діні бірлестіктің қызметіне тартуға және қатыстыруға жол бермеу шараларын қолдануға міндетті.
Қазіргі кезде дін тақырыбына қатысты ақпараттар көбейіп кетті. Газет-журнал беттерінде, интернет-порталдарда бірін-бірі айыптап, кінәлайтын мақалалар мен шындыққа жанаспайтын ақпараттар беріледі, дін тақырыбын жазып жүрген журналистер де тақырыпты терең зерттемейтінге ұқсайды. Жалған ақпаратты шынайы ақпараттан ажырату діннен хабары төмен адамға қиын. Осы мәселені қадағалап, реттеумен кімдер айналысады?
Дін тақырыбы соңғы кезде әркім бір қалам тербейтін тақырыпқа айналды. Бұл оның қазіргі таңдағы өзектілігін аңғартса керек.
Демократиялық мемлекет болып табылатындықтан елімізде ой еркіндігіне мен сөз бостандығына рұқсат берілген. Осыны асыра пайдаланушылар дін тақырыбын жете білмесе де өз жеке пікірлерін білдіріп жатады. Бұл әсіресе, интернет кеңістігінде кең көрініс беруде.
Агенттік ақпарат құралдарындағы дін тақырыбындағы материалдарға мониторинг жүргізіп отырады. Олардың мазмұны, сипаты мен көлеміне талдау жасайды. Халыққа дін саласына қатысты нақты ақпарат тарату жұмыстарымен айналысады.
Сондай-ақ, Агенттіктің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығында БАҚ-та діни тақырыптарды жариялау бойынша Әдістемелік Кеңес қызмет етеді. Әдістемелік Кеңес жоғарыда аталған кемшіліктерді болдырмау мақсатында дәстүрлі дін өкілдері, дінтанушы ғалымдармен бірлесіп журналистер қауымына дін саласына қатысты оқиғалар мен ақпараттарды жариялау жолдарын үйретеді, ақпарат таратушы мамандардың сауалдарына жауап беріп, кеңес беру қызметін көрсетеді. Мысалға, аталмыш Кеңестің семинар-отырысы ү.ж. 20-шы ақпанында өтті.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу іс-шаралары жөнінде әңгімелесеңіз?
Әрине, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселесі қазіргі таңда өзекті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен елдегі келісілімділікті сақтап қалудың бірден-бір маңызды бөлігі болып табылады.
Діни экстремизм мен терроризмді ескерту жұмыстары алдын алу жұмыстарында, яғни Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес құқықтық, ұйымдастырушылық, тәрбие мен насихаттық іс-шараларында көрініс табуда.
Осыған қатысты, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің тарапынан ақпараттық-насихаттық іс-шаралар атқарылуда. Соның аясында сенім бостандығы және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды қамтамасыз ету бойынша ақпараттық-насихаттық топтар құрылды.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін дін саласында орталық органдары мен аймақтағы мемлекеттік қызметкерлерді дайындау жүйесін қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара қарым-қатынасты құру, халық арасында толеранттық сананы және конфессияаралық келісімді қалыптастыру үшін біліми-ағартушылық жұмыстар күшейе түсуде.
Қазақстан халқының басым бөлігінің ислам дініне ниет ететіндігі жасырын емес. Осы орайда, өзіміздің дәстүрміз бен дүниетанымызға қайшы келмейтін дәстүрлі ислам туралы ақпарат тарататын БАҚ-тың аздығы сезіледі. Газет-журналдардан бөлек, жалғыз телеарна бар, ал радио мүлдем жоқ. Сұрағым мынау еді, бізде ислами радио яки портал қашан пайда болады және діни телеарналар саны көбейе ме?
Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – ислам діні туралы дұрыс ақпарат тарату арқылы халықтың діни сауатын көтеру болып отыр. Бүгінде ҚМДБ-ның жанынан шығарылатын, ислам қорлары тарататын газет-журналдар мен аймақтық мешіттердің веб-сайттары ақпарат таратуда.
Ал портал ашу мәселесіне келетін болсақ, 2011 жылдың маусымында Астанада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің кезекті отырысында Елбасы «Е-ISLAM» ғаламтор-порталын ашу тұрғысында тапсырма берген болатын.
Осы тапсырмаға орай Агенттік «Е-ISLAM» ғаламтор-ресурсының жобасы мен тұжырымын жан-жақты қарастырып, ресурсты әзірлеу жұмыстарын жүргізуде.
Өз кезегінде бұл ресурс ғаламтор қолданушыларының мәртебесіне қарамастан азаматтар мен ұйымдардың өзіндік қажеттіліктерін өтеуге арналған ақпараттық, рухани, біліми және мәдени сипаттағы біртұтас ғаламтор-сайты қызметін атқаратын болады.
2013 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 10 жылдығы атап өтіледі», - дегеніңізді теледидардан бірнеше рет есітіп қалғаным бар. Форумның 10 жылда қандай мақсатқа жеткендігі және оның ықпалымен шешілген мәселелер жөнінде сұрауға рұқсат етіңіз.
Рас, ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төрт съезнің жұмысына өкілдері қатысқан елдермен бірлесе отырып, айрықша мәні бар оқиғаны – Дін лидерлерінің Астана форумының 10 жылдығын атап өтуде.
Аталған мерейтойлық шараның аясында биылғы жылы Дін істері агенттігі өзге де мемлекеттік органдармен бірлескен түрде бірқатар шараларды өткізуді және өткізуге атсалысуды көздеген болатын. Атап айтқанда, 2026 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының басшысы Қ. Мәми бекіткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 10 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша шетелдерде 11 шара өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда сол шаралардың бірқатары іске асырылып та үлгерді.
Мысалы, осы мерейтойдың аясында жыл басында Парламент Сенатының төрағасы, Съезд хатшылығының басшысы Қайрат Мәми бастаған делегация жұмыс сапарымен Ватикан мемлекетіне барып қайтты.
Ү.ж. наурызында Дели қаласында ҚР Сенатының депутаты Б.Жылқышиев бастаған делегация «Дінаралық және конфессияаралық келісімді ілгерілетудегі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел және жиынның 10 жылдық тарихынан сыр шертетін сурет көрмесін өткізді. Осындай мысалдарды көптеп санап беруге болады.
Жалпы алғанда, тарихи өлшеммен аз ғана уақыт өтсе де, бұл форум 10 жыл ішінде алдына қойылған жоғары мақсаттарға жетті деп айта аламыз. Ең алдымен коммуникативтік платформаның әрекетін қамтамасыз ету және діни ұйымдар мен қауымдардың жетекшілері мен басшылары арасындағы ашық және жанды сұхбатты байланыстырудың басымдықтарын айқындады.
Сонымен, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өркениетаралық және дінаралық қазіргі заман тарихының шынайы және заңды айшығы болды. Оларды өткізу халықаралық салада біздің егеменді мемлекетіміздің стратегиялық қағидаларымен әлемді таныстыра отырып,
Қазақстан халқының төзімділік, әділеттілік, бейбітшілік пен мейірімнің жоғарғы идеялдарына адалдығын көрсетті.
Төрт съездің жұмысы шеңберінде қауымдар мен халықтарды рухани жақындастыру бойынша мазмұнды пікірталастар мен мәнді әңгімелер айтылды, қарапайым азаматтарға, елдер мен халықтарға арнап, рухани жетекшілердің ортақ декларациялары мен үндеулері бір ауыздан қабылданды.
Форум қатысушылары – түрлі конфессиялар мен діндер өкілдері арасында достық қатынастар орнады. Бұл өз кезегінде діни қауымдар арасында сенімнің және өзара сыйластықтың орнауына ықпал етеді.
Съезде айтылған бастамалар мен ұсыныстардың арқасында бүгінде діни лидерлерінің Кеңесі – Съезді басқарушы орган құрылды. Аталмыш органның бүкіл әлемге үндеуі таралып, өткір және өзекті мәселелерді қозғауға, сындарлы шешімдердің жолдарын қарастырып, әділдік пен бейбітшілікті үндеуге уәкілетті болды.
Мысалы, былтырғы жылғы IV Съездің маңызды бастамаларының бірі –жаһандық төзімділік пен сенімділікті қалыптастыру және нығайту мәселелеріне арналған G-Global жалпы электрондық порталының бір бөлігі ретінде интернет-ресурсының құрылуы болды. Аталмыш бастама шеңберінде Дін лидерлері кеңесінің және Съезд Хатшылығының интерактивтік отырыстарды өткізуі қарастырылған.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Дін лидерлерінің Астаналық съезінің өзара түсіністік және ынтымақтастық қағидаларын нығайту жөнінен әлемдік қауымдастықтың ықпалдасуында маңызды орынға ие болғанын мақтанышпен айта аламыз.
Жақында Қазақстан мұсылмандарының жетінші құрылтайында Қазақстанның жаңа Бас мүфтиі сайланды. Мұның еліміздің мұсылмандары үшін күтпеген жағдай болғанын айта кету керек. Осыны қалай түсіндірер едіңіз?
Қазіргі Қазақстан жағдайында мүфти болудың кім-кімге болса да оңайға түспейтіні анық.
Әрине, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы басшыларының ауысуы қалыпты құбылыс және біз бұдан үлкен сенсация іздемеуіміз керек. Сонымен қатар жаңа мүфти – Ержан Маямеров дәстүрлі ислам білімінің үлгілі тұлғасы. Ол Мысырдағы әл-Азһар университетінде ұзақ жылдар бойы діни білімін шыңдаған, бірнеше тілдерді меңгерген. Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіл имамы қызметін атқарып келгені де белгілі.
Ержан Маямеровтың Қазақстан мұсылмандары VII құрылтайында мүфти болып сайлануы, оның бүгінгі жасап жатқан игі істері көпшілік тарапынан қолдау табуда.
Жалпы, жаңа мүфтидің келуімен халықтың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар бұрынғыдан да жандана түсуде.
Оставить комментарий