Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті ұжымына

10.02.2014, 8:52

Құрметті Асыл Әлімжанұлы! Қадірлі әріптестер!

 

Республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі сіздерді және газеттің мыңдаған оқырмандарын маңдайалды басылымның 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!

«Сарыарқа самалы» газетінің тарихы терең, тағылымы талай ұрпақтың жадында. Сондықтан оның толайым мерекесінің мерейі кешегі күндей шежірелі, бүгінгі күндей әсерлі. 85 жыл бойы Кереку өңірінің дәуірге арнаған үні мен жыры, сыры мен мұңы бола білген басылым халқы жадыраса бірге қуанды, жабырқаса қоса қамықты. Бүгін данагөй абыздың жасына келген «Сарыарқа самалы» облыстағы әрбір қазақ отбасының ақылшысы десек, әсте артық айтқандық болмас.

Дәуір үні бола білу – кез келген бұқаралық ақпарат құралдарының пешенесіне жазылмаған бақыт. Алғаш рет «Кеңес туы», сәл кейін «Колхоз». «Қызыл ту» деген атаулармен жарық көрген газет шын мәнінде Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай. «халықтың үні, құлағы» бола білді. Ол қай кезде де болмасын халықтың жағында тұрды, халықтың сөзін сөйледі, тілі мен ділін, даналыққа негізделген дәстүрін дамытуға күш салды және бұл дәстүр игілікті жалғасын табуда.

Әр жылдары басылымның аты өзгергенмен заты сақталып, даламызға тән кеңдік, халқымыздың өз мінезінен айнымайтын алып сабыр мен парасат тәрізді қасиеттерді бойына молынан сіңірген газет қазір еліміз тәуелсіздігін баянды ету жолында үзбей еңбек етіп келеді.

Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру барысында «Сарыарқа самалы» газеті елдік пен ерлікке, бірлік пен тірлікке үндер саяси-әлеуметтік, тарихи, мәдени материалдармен өзінің оқырмандарына қауыштыра, табыстыра берер деген сенімдеміз.

Мерейтойларыңыз құтты болсын! Әрқашан от ауызды, орақ тілді қаламгерлердің дәстүрін лайықты жалғастыра отырып, еліміздің ақпараттық әлемінде жұлдыздарыңыз жарқырай берсін! Ұжым мүшелеріне береке-бірлік, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз.

 

        

  • Tweet

Пікірлер (0)