«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасы отырысының № 6 ХАТТАМАСЫ
26.09.2013, 21:00
«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасы отырысының
№ 6 ХАТТАМАСЫ
Астана қаласы 25 қыркүйек 2013 жыл
Өткізілген жері: ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы
Қатысқандар:
1) К.Жолдыбай, Бас редакторлар клубының президенті
2) Б. Жексенбай, Бас редакторлар клубының вице-президенті
3) Ш. Сыздықова, Бас редакторлар клубының вице-президенті
4) Қ. Жанаханов, Бас редакторлар клубының вице-президенті
5) В. Салахов, Бас редакторлар клубының вице-президенті
6) М. Тоқтағазин, Бас редакторлар клубының вице-президенті
7) Т. Чернега, «Бас редакторлар клубы» ҚБ тексеру комиссиясы төрағасы
8) Ә. Есілбаева, Бас редакторлар клубының атқарушы директоры
9) Ә. Арғымбаева, Бас редакторлар клубының үйлестіруші
Күн тәртібі:
1. Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың 90 жылдығына арналған «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференция туралы.
2. Клуб вице-президенті Ш. Сыздықованың есебі.
4. Бас редакторлар клубының ағымдағы жұмысы туралы.
5. Түрлі мәселелер.
Отырыс Бас редакторлар клубы вице-президенті М.Тоқтағазиннің «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференцияға дайындықтың барысы жәйлі жасаған хабарламасымен басталды. Ол ұйымдастырылып отырылған осы іс-шараның тақырыбының кездейсоқ еместігіне аса назар аударды. Бұл, бірінші кезекте, өмірінің соңына дейін өзінің халқына адал қызмет еткен атпал азаматқа деген зор құрметтің белгісі екендігін айта келе, М.Тоқтағазин Әз-ағаның отандық журналистиканың орнығуына және қарқынды дамуына қосқан үлесіне баға жетпесін, ол кісінің мықты еңбекқорлығын, жоғары кәсіби біліктілігін, өзінің мамандығына адалдығын тілге тиек етті және осы асыл мұраны бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру қажеттігіне тоқталды. Сондықтан бұл іс-шараны өткізуге барынша күш салынып жатқанын жеткізді. Қазірдің өзінде конференцияның материалдары қамтылған жинақ әзірлену үстінде, баннер дайындалып, кітап және сурет көрмелерін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, іс-шараға ҚР Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен өнер өкілдері, республикалық БАҚ журналистері шақырылғанын хабарлады. Сөз соңында М.Тоқтағазин бұл шараның ақпараттық тұрғыдан барынша қолдауға ие болуына, Клубтың мүшелерінің мейлінше қатысуларын қамтамасыз етуге, ғылыми конференцияның қорытынды құжаттарын дайындауға Басқарма мүшелерінің белсене араласуын өтінді.
Келесі мәселе бойынша Клубтың вице-президенті Ш. Сыздықованың өзіне жүктелген міндеттеріне орай жүргізген жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Клубтың шығармашылық жобаларын жүзеге асыруға жауапты азаматша ретінде бұл бағытта атқарылған бірқатар шараларға тоқтала кетті. Мәселен, ол Клубтың ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық - демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отыра «Мақтаным, тірегім – отбасым» атты өнегелі отбасылар өкілдерімен кездесу өткізгеніне назар аударды. Осы ретте, отбасылық тәрбие бүгіндері қазіргі заманның ең басты тақырыптарының бірі екендігін айта келе, Ш. Сыздықова «Отбасым» Ұлттық құндылықтар орталығының білікті мамандары қазір Бас редакторлар клубының kgr.kz сайтында On-line кеңестер беріп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Разные - Равные» әлеуметтік жобасын ақпараттық тұрғыдан кең қолдауды ұсынды. Мұның сыртында БАҚ саласына дуальды оқыту жүйесі механизмін зерделеу және енгізу, «Ақпаратты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іс-шаралар ұйымдастыру, Клубтың аймақтардағы байланыстарын нығайту мақсатында облыстық филиалдары мүшелерімен on-line кеңес өткізу тәрізді PR - акция жүргізу керектігін атап өтті. Ш.Сыздықованың пікірінше Клуб брендбугін қайта әзірлеу және видео-аудиоджанглдер дайындау қажет. Соңғы ұсыныс отырыс қатысушыларынан толық қолдауына ие болды. Бұл ұсыныстар Басқарма мүшелері тарапынан қаперге алынып, оларды нақты іс жүзіне асыруға ұсыныстар берілді.
Клубтың соңғы басқарма отырысынан кейінгі атқарған іс-шараларымен К.Жолдыбай таныстырды. Ол, бірінші кезекте, қатысушыларды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат Комитетінің тапсырысы негізінде әлеуметті маңызды жобаларды іске асыру бағыты бойынша қызмет көрсету Келісім-шартына қол қойылғаны жөнінде хабардар етті. Бұл тұрғыда Клуб президенті Алматы қаласында қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелеріне арналған республикалық семинар-тренингтің болып өткенін ескертті және жоғарыда сөз болған ғылыми конференцияның да осы Келісім-шарттың шеңберінде ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Ол сондай-ақ алдағы қазан - қараша айларында республикалық БАҚ-тардың фестиваль көрмесін өткізу тәрізді бірқатар шаралардың жоспарланғанын да атап өтті. Осыған орай Клуб мүшелерін оларды іс жүзіне асыруға белсенді атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, К.Жолдыбай есепті кезеңде Клубтың жасаған өзге де жұмыстарына тоқталып өтті. Нақты айтқанда, Клуб мүшелері «Ата жұрт» демалыс орынында болып қайтты, Ұлттық академиялық кітапханада Клуб мүшесі Қ.Әуесбайдың «Халық сөзі» кітабының тұсаукесері өткізілді, «Тіл –достықтың кепілі» атты тақырыпта С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университетінде қазақ тілін терең меңгерген өзге ұлт өкілдері журналистерімен кездесу өтті, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық - демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе журналистер үшін «Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың гендерлік аспектілері» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Соңғы мәселеде мүшелік жарналарды төлеу барысы қаралып, ол жөнінде Клубтың атқарушы директоры Ә.Есілбаеваның хабарламасы тыңдалды. Ол осыған қатысты бірнеше дүркін ескертулер жасалғанына қарамастан әзірге көптеген Клуб мүшелері Бірлестік Жарғысының 5.4. және 5.7. баптарында қарастырылған талаптарды орындауға асығар еместігін айтты. Нәтижесінде, қазір Клуб мүшелерінің үштен бірі ғана жарналарын уақытылы әрі толық төлеп отыр. Дей тұрғанмен, кейбір Клуб мүшелерінің күрделі материалдық жағдайларына байланысты бұл мәселенің кешеуілдеп отырғаны да айтылды. Сол себепті, Ә.Есілбаева мүшелік жарналарды төлеу мерзімін осы жылдың 1 қарашасына дейін созуды ұсынды және бұл ұсыныс қабылданды.
ШЕШІМ:
1. «Ә. Нұршайықов және қазақ журналистикасының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференциясына дайындық жүргізу барысы қанағаттанарлық деп танылсын. Басқарма мүшелеріне шараның ақпараттық тұрғыдан барынша қолдауға ие болуы, Клубтың мүшелерінің оған мейлінше қатысуларының қамтамасыз етілуі, ғылыми конференцияның қорытынды құжаттарының дайындалуы жүктелсін.
2. Клубтың вице-президенті Ш. Сыздықованың өзіне бекітілген қоғамдық міндеті аясында атқарған жұмысы жәйлі есебі қаперге алынсын. Клубтың келесі отырысында вице-президент Б. Жексенбайдың есебі тыңдалсын.
3. Бас редакторлар клубының президенті К.Жолдыбайдың Бірлестіктің есепті кезеңдегі жұмысы жәйлі хабарламасы мақұлдансын. Клуб мүшелері Әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру бағыты бойынша қызмет көрсету Келісім-шартын мүлтіксіз орындауға белсенді атсалысын.
4. Мүшелік жарналарды төлеу мерзімі осы жылдың 1 қарашасына дейін созылсын және сол жөнінде Клуб мүшелеріне ескерту хаттар жіберілсін.
Модератор К. Жолдыбай
Хатшы Ә. Есілбаева
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий