Астанада мерейлі жиын әрі келелі басқосу болып өтті
29.09.2013, 18:00
Биылғы жылғы 27 қыркүйекте Астанада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың тоқсан жылдығына арналған «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өтті. Аталмыш іс-шара Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігінің қолдауымен республикалық Бас редакторлар клубы тарапынан ұйымдастырылды. Сонымен қатар бұл шараның «Бас редакторлар клубы» ҚБ мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында осы жылғы маусымда қол қойылған екіжақты ынтымақтастық туралы Меморандумның шеңберінде жүзеге асырылып отырғанын да айтқан жөн.
Ғылыми конференцияға көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Бас редакторлар клубының мүшелері, республикалық БАҚ журналистері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметкерлері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығы және осы оқу орынының «Журналистика және саясаттану» факультетінің студенттері – барлығы 225 адам қатысты. Ғылыми конференция жұмысын Бас редакторлар клубы президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы орынбасары Арыстанбек Нұрмаханов құттықтау сөз айтып, конференцияға сәттілік тіледі.
К.Жолдыбай ғылыми конференция тақырыбының кездейсоқ еместігіне назар аударды. Бұл, бірінші кезекте, өмірінің соңына дейін өзінің халқына адал қызмет еткен атпал азаматқа деген зор құрмет деп қабылдаған жөн дей келе, ол осындай ишараттың Ә.Нұршайықовтың отандық журналистиканың орнығуына және қарқынды дамуына қосқан үлесіне, ол кісінің жоғары кәсіби біліктілігіне, еңбекқорлығына, өз мамандығына адалдығына берілген үлкен баға екендігіне тоқталды. Осылай ел құрметіне бөленген, артына өлмес мұра, журналистика саласында кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық із қалдырған аяулы азаматқа арналған республикалық ғылыми конференция Ә. Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен баяндайтын Қазақстан ТРК түсірген «Жарқын бейне» атты деректі фильмнің көрсетілімімен басталды. Сондай-ақ, Ә. Нұршайықовқа арналған кітап және фотокөрмелер ұйымдастырылып, осы республикалық ғылыми конференцияның жинағы «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» деген атпен арнайы дайындалып, баспаханадан жеке кітап болып басып шығарылды.
Конференцияда заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Оразалы, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігінің президенті Әбен Нұрманов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті, Бас редакторлар клубы мүшесі Сауытбек Абдрахманов атақты қаламгер Әзілхан Нұршайықов жәйлі естеліктер айтып, өз ой-толғамдарын ортаға салды. Сонымен бірге Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Журналистика мәселелерін зерттеу» институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, белгілі қаламгер Қайсар Әлім, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Кәрімбек Құрманәлиев, «Түгел Медиа» бірлестігі басшысы, танымал журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Бас редакторлар клубы мүшесі Сәдібек Түгел, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Қайрат Сақ ғылыми конференцияның тақырыбына қатысты мазмұнды баяндамаларын жасады. Осы баяндамалар негізінде және басқосуда айтылған өзге де пікірлерді ескере отырып ұйымдастыру алқасына конференцияның қарарын дайындау тапсырылды.
Шара барысында белгілі қаламгер Қайсар Әлімнің құрастырған «Құдай-ау, қайда сол жылдар?!» атты естеліктер, эсселер кітабының тұсауы кесіліп, біраз қаламгер - қайраткерлер «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігі тарапынан марапатталды. Мәселен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігінің «Ел ардақтысы» алтын медалімен, «Журналистика мәселелерін зерттеу» институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев халықаралық М.Шолохов медалімен, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Оразалы мен филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Бас редакторлар клубы» ҚБ вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин алғыс хаттармен марапатталды.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий