«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасы отырысының № 7 ХАТТАМАСЫ

28.10.2013, 10:00

«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасы отырысының

№ 7 ХАТТАМАСЫ


Астана қаласы                                                                                                                                                  25 қазан 2013 жыл

 

Өткізілген жері: ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы.

Қатысқандар:

1) К.Жолдыбай,   Бас редакторлар клубы президенті

2) Б.Жексенбай, Бас редакторлар клубы вице-президенті

3) Ш. Сыздықова, Бас редакторлар клубы вице-президенті

4) М. Тоқтағазин, Бас редакторлар клубы вице-президенті

5) Т. Чернега, «Бас редакторлар клубы» ҚБ тексеру комиссиясы төрағасы

6) Ә. Есілбаева, Бас редакторлар клубының атқарушы директоры.

 

Қатыспағандар:

Қ. Жанаханов, Бас редакторлар клубы вице-президенті – жұмыс бабына орай

В. Салахов, Бас редакторлар клубының вице-президенті – іс сапарда

 

Күн тәртібі:

    1. «Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралдары» атты фестиваль - көрме өткізу жөнінде.

    2. Клуб вице-президенті Б.Жексенбайдың есебі.

    3. Бас редакторлар клубының ағымдағы жұмысы туралы.

    4. Түрлі мәселелер.

       

      Бірінші мәселе бойынша Кенжеболат Жолдыбай хабарлама жасады. Ол осы жылғы 27 – 28 қарашада «Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралдары» атты фестиваль - көрме өткізу жоспарланып отырғанына тоқтала келіп, фестиваль тұжырымдамасы негізінде қазақстандық ақпарат құралдарын кеңінен насихаттау идеясы жатқанын жеткізді. Сондықтан да бұл іс-шараның мақсаты отандық журналистиканың жетістіктерімен таныстыру, еліміздің масс-медиа өнімдеріне қызығушылық тудыру және бәсекелік ахуал орнықтыру болып табылады. Мұның өзі түптеп келгенде аталмыш іс-шараны мұқият әзірлеу керектігін көрсетеді дей келе, Жолдыбай осы мақсатта арнайы ұйымдастыру комитетін құру қажеттігін әрі оның құрамына Б.Жексенбайды, Ш.Сыздықованы, В.Салаховты және Т.Чернеганы енгізуді ұсынды. Ұсыныс бірауыздан қабылданып, мейлінше тез аралықта арнайы кеңес өткізуді және оған Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің, Астана қаласының Есіл ауданы, ҚазМедиа орталығының өкілдерін шақырып, оның барысында барлық ұйымдық мәселелерді талқылау қажет деп шешілді.

      Келесі кезекте Клубтың вице-президенті Б.Жексенбайдың есебі тыңдалды. Ол өзіне бекітілген Клубтың сыртқы ұйымдармен байланысын орнықтыру жөніндегі қоғамдық міндеті аясында атқарған жұмысы жәйлі баяндап берді. Осы ретте ол Клубтың өкілі ретінде бірқатар іс-шараларға қатысқанын тілге тиек етті. Мәселен, Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікте ол мемлекеттік қызметкерлермен кездесу өткізіп, оларға «БАҚ және оның қоғамдық рөлі» тақырыбында дәріс оқығанын атап өтті. Клубтың вице-президенті ретінде Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облыстық телеарнаның 55-жылдығын тойлау іс-шарасына қатысып, жас журналистер алдында сөз сөйлегеніне әрі  осындағы телеарна басшысы Арсен Бейсеновке Клуб атынан арнайы сыйлық тапсырғанына назар аударды. Мұндай кездесулердің С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетінде студенттермен, Бас прокуратурада құқық  қорғау органдарының өкілдерімен өткенін әрі олардың барысында БАҚ-пен байланыс мәселелері сөз болғанын егжей-тегжейлі айтып берді.Сондай-ақ, ол осы жылы «Нұр Отан» партиясы тарапынан «Қазақстандық журналистиканы дамытқаны үшін» номинациясы және қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік органдармен іскерлік қарым-қатынас орнатуға сіңірген ерен еңбегі бойынша марапатқа ие болғанын айтуды да жөн деп тапты. Сөз соңында ол бірқатар ұсыныстарын білдірді. Шығыс Қазақстандық әріптестердің Бас редакторлар клубымен тығыз ынтымақтастық орнатуға зор мүдделілік танытып отырғаны жәйлі айта келе Б.Жексенбай министрліктер мен ведомство басшыларымен on-line конференциялар өткізілген тұста олардың Клубтың барлық аймақтық мүшелерінің қатысуымен болғаны ләзім деп санайтынын жеткізді. Сонымен бірге, орталық атқару органдары басшыларымен кездесулер өткізуге қатысты ол алдын ала Клуб мүшелерінен кімдермен кездескілері келетіндері жәйлі сұрап білу керектігін, сөйтіп жұмысты жоспарлы түрде жүргізу қажеттігін ескертті. Мұның сыртында, баспасөз қызметкерлері арқылы Қазақстандағы шетелдік елшіліктер өкілдерімен және облыс әкімдерімен кездесулерді үзбей өткізіп отыру керек деген пікірін білдірді.

      Жалпы, Бибігүл Жексенбайдың бұл есебі қанағаттанарлық деп танылып, қаперге алынды. Сонымен қатар, алдағы уақыттарда Басқарма мүшелерінің тікелей қатысуымен болған іс-шаралар Клубтың атқарушы директоры Әсем Есілбаеваға дер кезінде жіберілу керектігі ескертілді. Өз кезегінде бұл Клуб сайтына тиісті материалдар дайындап ілуге және оларды тиісті орындарға «Клуб жаңалықтары» айдарымен жіберуге мүмкіндік беретіні айтылды.      

      Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша соңғы басқарма отырысынан кейінгі Клуб жұмыстары жәйімен К.Жолдыбай таныстырып кетті. Осы ретте, ол бірқатар іс-шараларды тізіп өтті. Атап айтқанда, олардың қатарына Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың тоқсан жылдығына арналған «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференцияны, Қарағанды облысының Жезқазған қаласында Клуб президентінің қоғамдық бірлестіктің аймақтық филиалының мүшелерімен өткізген кездесуін, Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының жас журналистері үшін өткен арнайы шеберлік сыныбын толық жатқызуға болады. Ол сонымен бірге, есімі көпке мәлім журналист - жазушы, Ұлы Отан соғысы ардагері Әскен Нәбиев тұрған үйге естелік тақтаны орнату тәрізді қоғамдық маңызды шараға кеңінен ақпараттық қолдау көрсетілгенін, Клуб жетекшісінің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы А.Сыдықовпен кездесуі болғанын хабарлады. Сондай-ақ, Басқарма мүшелерінің қатысуымен болған іс-шаралар тұрғысында баяндады. Мәселен, В.Салахов Көкшетау қаласында көреген саясаткер, аса ірі дипломат, даңқты қолбасшы Абылай ханның  300 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысып, бұл жәйлі өз ойларымен «Казправда» газеті бетінде бөлісті. Клуб президенті К.Жолдыбай мен Клуб мүшесі М.Башимов ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адам өлшемдері жөніндегі диалог алаңы» атты консультативті кеңесі отырысына қатысса, Ш.Сыздықова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып «Әртүрлі болсақ та – теңбіз» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Ішкі істер министрлігінің Медиа орталығына қарасты «Сақшы» және «На страже» газеттерінің 80 жылдығына орай К.Жолдыбай Клуб атынан оларға құттықтау жолдады.   

      Отырыс соңында К.Жолдыбай қатысушыларға Клубтың таяу аралықта болатын іс-шаралары жәйлі ақпарат берді және оларға белсенді қатысуларын өтінді. Мәселен, 30 қазанда Ұлттық академиялық кітапханада А.Тараков пен М.Тоқтағазиннің кітаптарының тұсаукесері өтеді, ал 1-ші қарашада Клуб мүшелерінің Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен кездесуі болады. Оның сыртында «Астана Экспо – 2017» Ұлттық Компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Талғат Ермегияевпен кездесу де көзделіп отыр.

      Отырыста сонымен қатар «Сән мен сахна» журналының бас редакторы Қ.Абдрасумованың, Астана Медицина Университетінің «Ару» журналының бас редакторы А.Шаймерденова және «NS Радио– Ұлттық желі» ТРК» ЖШС бағдарлама директоры Т.Сержановтың Клубқа мүшелікке өтуге өтініштері қаралып, талқыланды. Нәтижесінде, А.Шаймерденова мен Т.Сержановтың өтініштері Клуб жарғысына сай емес деп танылып, қанағаттандырылмады.

       

      ШЕШІМ:

      1. «Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралдары» атты фестиваль - көрме өткізетін ұйымдастыру комитеті мына құрамда құрылсын: Б.Жексенбай, Ш.Сыздықова, В.Салахов және Т.Чернега. Тез арада мүдделі  орындармен бірлесе отырып ұйымдастыру комитетінің кеңесі өткізілсін.

      2. Б.Жексенбайдың өзінің қоғамдық міндеті аясында атқарған жұмысы жәйлі есебі мақұлдансын. Клубтың келесі отырысында вице-президент В.Салаховтың есебі тыңдалсын.

      3. Басқарма және Клуб мүшелерінің қатысуларымен болған іс-шаралар жәйлі ақпараттар дер кезінде атқарушы директор Әсем Есілбаеваға берілсін.

      4. Бас редакторлар клубының президенті К.Жолдыбайдың хабарламасы қаперге алынсын..

      5. «Сән мен сахна» журналының бас редакторы Қ.Абдрасумоваға Клубқа мүшелікке өту тәртібі хабарлансын.

       

       

               Модератор                                     К. Жолдыбай

               Хатшы                                            Ә. Есілбаева

      • Tweet

      Пікірлер (0)