Жас журналистер үшін шеберлік сыныбы ұйымдастырылды
19.10.2013, 16:19
2013 жылғы 18-шы қазанда Шымкент қаласының «Оңтүстік» баспасөз орталығында Оңтүстік Қазақстан облысының жас журналистері үшін арнайы шеберлік сыныбы болып өтті. Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ақпарат және мұрағат комитетінің қолдауымен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі тарапынан ұйымдастырылды. Оның жұмысына жетекшілік жасаған Клуб президенті Кенжеболат Жолдыбай БАҚ қызметінде кадр мәселесінің өзектілігіне кеңінен тоқтала отырып, қазіргі заман талабына сай білікті мамандар дайындау қажеттілігіне назар аударды әрі осы бағытта мүдделі орындармен бірлесе жасалынып жатқан жұмыстар жәйлі әңгімеледі. Бұл ретте ол аса ынталылық танытып отырған Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігіне ризашылығын білдіре келе бұл өңірдің медиа саласының ерекше белсенділігін атап өтті.
Өз кезегінде, облыс әкімшілігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Тағаева тренингке қатысушылардың назарын ақпараттық кеңістікте қалыптасқан ахуалға аударды. Ол кісінің айтуынша бүгінде облыста 236 БАҚ тіркеліп отырса, оның 196-ы газет, 31-і журнал, 9-ы телеарналар және 3-і радиостанциялар құрайды, ал мұның өзі сайып келгенде білікті мамандардың көп болуын қажет етеді. Сондықтан ұйымдастырылып отырған шараны ол өте маңызды деп санайды.
Жас журналистердің алдында спикер ретінде журналистика саласының жоғары дәрежелі майталмандары сөз сөйледі. Нақты айтқанда, есімі баршаға мәлім журналист, «Қазақстан» РТРК Басқармасы төрайымының орынбасары Қайнар Олжай БАҚ-қа дайындалатын материалдардың мәтіндерін жазуда әрі оларды редакциялауда өзінің жинақтаған тәжірибесімен бөліссе, «Жетінші арна» арнасының ОҚО бойынша меншікті тілшісі Ирина Абрамова өзекті мәселелер төңірегінде сұхбаттар ұйымдастыру және жүргізу тәсілдері жәйлі жан-жақты әңгімелеп берді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы, журналист Ағабек Сыдықов тренингке қатысушылардың назарын конфессияаралық татулықты нығайту мақсатында діни ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, БАҚ-тың араларында тығыз қарым-қатынастың орнығуына, сондай-ақ діни тақырыпты насихаттау барысында өте мұқият болу керектігіне аударды. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауының түйінді тұстары төңірегіндегі мәселелерді насихаттаудың ерекшеліктері туралы, сондай-ақ журналистің этикалық Кодексінің принциптері тұрғысында К.Жолдыбай өз ойларын ортаға салып, тың әрі тартымды ақпараттарды жария етті.
Шеберлік сыныбы соңында оған қатысушылар бірқатар облыстық БАҚ редакцияларында болып, ондағы хал-ахуалмен танысты, өздерін толғантып жүрген сауалдарға тыңғылықты жауаптар алды, журналистика қызметінің сан қырлы проблемалары пікірлерімен бөлісті. Мәселен, осындай әдістемелік оқулардың республикалық деңгейде «Қазмедиа Орталық» негізінде тұрақты ұйымдастырылып отырылса деген ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, күні бүгінге дейін Оңтүстік Қазақстанның кей аймақтарының тек қана өзбектің хабарлары мен бағдарламаларын көріп әрі тыңдап отырғандарын қынжыла айтып, осы аса мемлекеттік маңызы бар мәселенің тезірек шешілуін, сөйтіп ондағы жерлестеріміздің отандық БАҚ өнімдерін тұтынуды қамтамасыз етуді тезірек шешіп беруді барынша өтінді.
Тренинг соңында шеберлік сыныбына қатысушыларға сертификаттар табысталды және оларға тиісті әдістемелік материалдар берілді.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий