Астанада қос кітаптың тұсаукесері өтті
31.10.2013, 11:20
2013 жылғы 30 қазанда Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханада белгілі журналистер Мұратбек Тоқтағазиннің «Ақмола үшін айқас» және Александр Тараковтың «Есть в жизни магистральный путь» кітаптарының тұсаукесері өтті. Жаңа туындыларды таныстыру рәсімін «Бас редакторлар клубы» ҚБ мен Ұлттық Академиялық кітапхана ұйымдастырды.
Тұсаукесер рәсіміне авторлар туындыларының кейіпкерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәдениет және ақпарат министрлігі, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, БАҚ, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенттері қатысты. Мәдени іс-шараны Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды.
Тұсаукесер басталмас бұрын «Әділет БАҚ медиа» республикалық газетінің редакторлар кеңесінің төрағасы Мұратбек Тоқтағазинге «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табыс етілді. Бұл марапатты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Арыстанбек Нұрмаханов табыстай отыра М.Тоқтағазиннің Бас редакторлар клубының вице-президенті ретінде де үлкен қоғамдық істерге ұйытқы болып жүргенін атап өтті. Ол сондай-ақ, атқарылып отырған шараның қоғамдық - тәрбиелік мәніне ерекше назар аударды және осы екі кітаптың Ақпарат және мұрағат комитеті тарапынан «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша 2000 данамен басылып шыққанын жеткізді.
Осыдан кейін кітап авторлары қысқаша өз еңбектерімен таныстырды. А.Тараковтың айтуынша оның кітабының тақырыбы Президенттің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясынан туындады. Бұл кітап өздері қалаған салаларда мейлінше жетістікке жеткен адамдар жәйлі болып отыр. Александр Тараков осы ретте «қазақстандық Маресьев», Еңбек Ері Леонид Картаузовты, белгілі аграршылар - ҚР ҰҒА академигі Эрвин Госсенді, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Ғалым Құдайбергеновті, рекордшы көлік жүргізуші Владимир Абермитті таныстырып өтті. Жалпы кітап еңбек адамдары туралы 25 очерктен тұрады. Олардың қатарында жаңа формацияның мықты шаруа иелері Иван Сауэр, Бари Амоев, Василий Судибор, журналистиканың мэтрі Моисей Гольдберг тәрізді айтулы азаматтар бар. Бұл кісілер жаңаша ойлай білетін, қазақстандық патриотизм бойларына мықтап сіңген абзал жандар.
М.Тоқтағазиннің «Ақмола үшін айқас» кітабы да әр жылда жазылған очерктер мен сараптама мақалалар топтастырылған жинақ болып табылады. Оның ішінде жинақтың атауына айналған «Ақмола үшін айқас» мақаласы кезінде тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде үлкен қызығушылық туғызғанын атап өткен жөн.
Очерктердің бірқатары академик Зейнолла Қабдоловқа, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовқа, түркітанушы Лев Гумилевке, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелері Ерлан Сыдықов пен Дихан Қамзабекұлына арналған. Сондай-ақ, кітапқа қазақ журналистикасының көрнекті өкілдері Сауытбек Абдрахманов, Сейфолла Шайынғазы, Талғат Батырхан, Нұртөре Жүсіп және басқалармен болған сұхбаттар енгізілген.
Бұдан кейін кітаптарды Ұлттық академиялық кітапхананың электрондық қорына беру рәсімі жасалды. Осы ретте, сахнаға қазақ журналистикасының корифейі, атақты тележурналист Сұлтан Оразалы мен Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Бәдуан Имашұлы салтанатты жағдайда қос кітаптың ленталарын қиды. Сөйтіп, бұл басылымдардың оқырмандарының қатарын күрт көбейтуге тамаша мүмкіндік туғызылды.
Тұсаукесерде аңыз адам Леонид Картаузов, белгілі қоғам қайраткері, «Ұлы Дала қырандары» республикалық қоғамдық қозалысының тең төрағасы Марат Нәбиев, ғылым докторы Ғалым Құдайбергенов, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлы, академик Эрвин Госсен, жазушылар Сұлтан Оразалы мен Әлібек Асқар, журналистер Бәдуан Имашұлы мен Талғат Батырхан, ғалым Рахымжан Тұрысбек кітап жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салып, авторларға алдағы уақыттарда шығармашылық табыстар тіледі.
Кітап кейіпкерлері құрметіне есімдері Қазақстанға белгілі күміс көмей әншілер Қанат Жүнісов пен Клара Төленбаева жиналғандар алдында әуелете ән шырқап, көпшіліктің ерекше қошеметіне бөленді. Мәртебелі мәдени іс-шара фотосессиямен аяқталды.
Біздің анықтама:
Александр Юрьевич Тараков – «Казахстанская правда» РГ» АҚ төрағасының орынбасары, жазушы-журналист, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Бас редакторлар клубы» ҚБ мүшесі. Қазақстан Республикасының Президентінің журналистика саласы бойынша сыйлығының лауреаты (2002) «Век журавля», «Затмение под солнцем», «Притяжение целины», «До и после миллениума» , «Судьбу выверяя печатной строкой» кітаптарының авторы. ҚР «Құрмет» орденінің(1999), басқа да медальдар иегері.
Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазин - филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, журналист-ғалым, республикалық«Әділет БАҚ Медиа» газетінің Редакторлар Кеңесінің төрағасы, «Бас редакторлар клубы» ҚБ вице-президенті, Халықаралық Ақпараттық бірлестігінің, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қазақстан Республикасы Мәдениет ісінің үздігі, Халықаралық М.Шолохов атындағы алтын медалінің», «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері, «Деректілік пен көркемдік», «Әйгілі Әзаға», «Бүтін бітім» атты кітаптардың авторы.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий