Өзара сенім және түсінік жағдайында жұмыс істеген абзал

11.11.2013, 10:00

2013 жылғы 8 қарашада Астанадағы Ұлттық баспасөз орталығында «БАҚ және мемлекеттік органдар қарым-қатынасын жақсарту» тақырыбында семинар болып өтті.  Іс – шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің қолдауымен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі тарапынан ұйымдастырылды. Аталмыш семинардың билік орындары мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында өзара сенімділік ахуалын орнықтыру, осы тұрғыда баспасөз қызметкерлерінің мүмкіндіктерін күрт көтеруге тиімді жағдай туғызу бағытында болғанын атап өткен жөн.

Семинар жұмысына бірқатар министрліктер мен ведомстволар, ұлттық компаниялардың баспасөз қызметкерлері, мемлекеттік органдар және БАҚ өкілдері қатысты. Семинарды  «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды. Семинардың спикерлері ретінде «Жетінші арна» телекомпаниясының Бақылау кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының доценті Мырзантай Жақып, Халықаралық ақпарат академиясының корреспондент мүшесі Сәуле Әшенова, Қазақ радиосының директоры Махат Садық тыңдаушыларға дәріс оқыды.

Семинарда мемлекеттік баспасөз қызметтері мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қарым-қатынастың ерекшеліктері және оны тиімді орнықтырудың тәсілдері жәйлі жан-жақты сөз болды. Осы ретте, бүгіндері мемлекеттік органдар және БАҚ араларында салиқалы байланыстар орнатуда баспасөз қызметкерлерінің өте маңызды әрі жауапты коммуникациялық рөл атқарып отырғандарына назар аударылды. Сондықтан, баспасөз хатшылары және журналистер бір-бірлерімен тиімді байланыста болулары керек. Сонда ғана тілшілер өздеріне қажет деген ақпараттарды ала алады, ал мемлекеттік органдарға дер кезінде қоғамды өз жұмыстарымен толыққанды таныстыруға оңтайлы мүмкіндіктер туады.

Дегенмен, пікір алмасу барысында қалам мен микрофон ұстаушылар тарапынан мемлекеттік құрылымдардан көп жағдайда қажетті деген ақпарат алу қиямет-қайым екендігі және бұл тұрғыда баспасөз қызметі көмек берудің орнына «өзге фактілерді» жариялайтын журналистерге кедергі жасайтыны жәйлі айтылды. Осыған орай, мемлекеттік органдар өкілдеріне жариялылық орнықтырып, тиісті қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген БАҚ-тың кәсіби қызметтерін атқаруға кедергі жасалмауы сұралды. Керісінше, олар ақпарат құралдарына қажетті мәліметтерді алуға кедергі болып отырған жәйттерді анықтап, істі оң шешуге ықпал етулері керек. Бұл тұрғыда спикерлер осынау өзекті мәселенің нақты шешу жолдарын айтып берді.      

Семинар барысында сонымен қатар «Қазақстан -2050» Стратегиясы шеңберінде және ҚР Мемлекеттік хатшының масс – медианың кадрлық әлеуетін көтерудің кешенді шараларын дайындау жөніндегі тапсырмасына орай ақпаратты - идеологиялық жұмыстардың өзекті мәселелері әрі сапасын көтеру жолдары сөз болды. Семинар тақырыбына орай оған қатысушылар назарына арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Семинар қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленді және оған қатысқан тыңдаушыларға тиісті сертификаттар берілді.

  • Tweet

Пікірлер (0)