Бас редакторлар клубының 9 - 17 желтоқсан аралығында болған жаңалықтары

18.12.2013, 10:43

Құрметті әріптестер! Қымбатты достар!

 

Сіздерді еліміздің ең басты мерекелері – Тәуелсіздік күнімен және Демократиялық жаңару күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұлар шын мәнісінде ұлы мерекелер. Біздің ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қазақ елі танымастай өзгерді. Біз бүгін - өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз. Осы ретте, мемлекет сіздердің еңбектеріңізді лайықты бағалап келеді. Оған осы мерекеге орай біздің республикалық және аймақтық ақпарат құралдарындағы бірқатар әріптестеріміздің жоғары мемлекеттік наградалар және атақтармен марапатталуы куә. Біз олардың барлығын осынау лайықты наградаларымен құттықтаймыз!

Ендігі міндет – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру.

Сіздерге бұл жолда зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, асқаралы жетістіктер мен ойға алынған шаруалардың жүзеге асуларын тілейміз! 

               

«Экспресс К» республикалық газетінің бас директоры А.В.Пан мырзаға     

 

  Құрметті Алексей Владимирович!

  «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі Сізді жоғары көтеріңкі көңілмен туған күніңізбен құттықтайды!

Сіздің тікелей басшылығыңызбен газет бүгін өзіне ғана бет-бейнесін қалыптастырып, еліміздің елеулі басылымдарының қатарынан орын алып отыр. Ол талғамы зор, талабы табанды салиқалы да саналы оқырмандардың ықыласына бөленіп келеді. Ең бастысы газет өзінің шынайлығымен құрметке иеленіп отыр. Шындап келгенде, бұл газет қызметкерлерінің біліктілігінің куәсі екендігі белгілі.

Сізге зор денсаулық, отбасыңыздың амандығын, жаңа жобалардың іске асырыла беруін шын жүректен тілейміз!

 

 

Семей қаласында республикалық «дөңгелек үстел» өтті.

 2013 жылғы 13 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Семей шаһарында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Кеден одағы елдерімен ақпарат алмасудың өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша республикалық «дөңгелек үстел» өткізді. Іс-шараға Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Шәріпбек Әмірбеков, БАҚ басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Бас редакторлар клубы мүшелері, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне қарасты «Журналистика» факультетінің студенттері қатысты. Дөңгелек үстелді «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды.

Іс-шараға қатысушыларға Айбек Кәрімов және Шәріпбек Әмірбеков құттықтау сөз сөйледі. Семей қаласының әкімінің пікірінше «дөңгелек үстел» тақырыбының таңдалуы мейлінше орынды әрі өзекті, өйткені сайып келгенде бұл басқосу Кеден одағы төңірегінде қалыптасып отырған жағдайды бағалап және сараптап қана қоймай, ол осы мәселеде туындап отырған кемшіліктерді жоюға қатысты ұсынымдарды дайындауға да мүмкіндік береді. А.Кәрімовтің ойынша экономикалық интеграцияның күрделілігіне қарамастан оның жүйелі де ұзақмерзімді оңтайлы мүмкіндіктері қазіргі әрекеттердің мол қайтарымы бола алады. Сондықтан осы бағытта БАҚ-ты мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеуге шақырды және өз тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Соның нақты айғағы ретінде Айбек Мұталапханұлы осы «дөңгелек үстелге» қатысып отырған «Спектр» газетінің бас редакторы Маргарита Калячанға пәтер беру жөніндегі әкімшіліктің шешімін көпшілікке жария етті.

Ш.Әмірбеков те «дөңгелек үстелдің» маңызын айта отырып, бәсекеге қабілеттілік көрсеткішіне мейлінше назар аударды. Осыған қатысты маман дайындау мәселесіне, әсіресе экономика саласының журналистерін дайындау қажеттілігіне тоқталды. Өз тарапынан Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мүше болып табылатын білім беру саласы бойынша шекаралас мемлекеттер Ассоциациясы шеңберінде экономикалық тақырыпта бірқатар семинарлар өткізуге мүмкіндік барын жеткізді. Ш.Әмірбеков жаңа ұрпақтың алдында жарқын болашақты орнықтыру міндеті тұр сондықтан өз үлесін қосу үшін оған  тиісінше мүмкіндіктер туғызу қажет деп есептейді.

Дөңгелек үстелдің күн тәртібі мәселесі бойынша «Рауан» баспа үйінің бас директоры Ғабит Мүсіреп, ТВК 6 медиахолдингі бас директоры Омарбек Байуақов, «Казахстанская правда» республикалық газетінің меншікті тілшісі Айгүл Биданова, «Арна» қалалық газетінің және Радио 7 жаңалықтар қызметінің бас редакторы, «Литер» республикалық саяси-қоғамдық газетінің меншікті тілшісі Татьяна Рязапова баяндама жасады. Пікірсайысқа «Спектр» газетінің бас редакторы Маргарита Калячан, Семей аймағы бойынша «Нұр медиа» ЖШС өкілі Сәтжан Қасымжанұлы, ардагер журналист Тілеген Әбішев, ТВК 6 телеарнасының жаңалықтар қызметінің бас редакторы Дәулет Қыржыбай қатысып, өздерінің ой-пікірлері мен нақты ұсыныстарын ортаға салды.  

Шығып сөйлегендердің барлығы Кеден одағына қатысты халықты ақпараттандыру деңгейінің өте төмендігін атап өтті. Осыған орай Қазақстан, Ресей және Беларусь экономикалық одағының тиімділігі төңірегіндегі дау-дамай толастамай тұрғаны айтылды. Жағдайдың осылай өрбуі осы тұрғыда қажетті шынайы ақпараттың болмауы салдарынан екені де мойындалды. БАҚ дер кезінде және толыққанды түрде осы одақтың ұтымды тұстарын нақты дәйектемелермен түбегейлі түсіндіріп беруде қауқарсыздық танытуда. Шындап келгенде, жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік беріп отырған жобалар жеткілікті. Шекарадан өту рәсімдерінің де мейлінше жеңілдетіліп, кедергілердің алынып тасталғаны бизнесті дамытуға өзіндік үлесін қосуда. Ал, Кеден одағының келесі сатысы саналатын Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында капитал, тауарлар, қызметтер және еңбек ресурстары еш кедергісіз айналымда болады. Сайып келгенде, бұл үлкен нәтижелерге бастау болатын зор қадам. Өйткені, үш елдің бизнесмендері бір бәсекелестік ортада және бірыңғай ереже бойынша жұмыс істейтін болады. Кәсіпорындардың технологиялық деңгейін көтеруге, инвестиция тартуға мүмкіндіктер туады.

Бірыңғай экономикалық кеңістігіндегі бәсекелестік үш мемлекеттің экономикасын жаңартуға итермелейді. Сөйтіп, қазақстандық кәсіпорындарды бизнесті жүргізу талаптары мейлінше қатал Дүниежүзілік сауда ұйымына енудің алдында үлкен «шынығудан» өткізуге жол ашылады.

Алайда, бұл мәселелер БАҚ тұрғысынан толыққанды айтылмай келеді. Интеграциялық процесстер жөніндегі ақпараттардың дені мемлекеттердің басшыларының бір-бірлерімен кездесулері барысында ғана беріліп жататыны жасырын емес.

Сонымен қатар, «дөңгелек үстел» барысында интеграция үрдістерін насихаттау тек журналистердің ғана шаруасы емес, оған өкілетті мемлекеттік органдар да жауапты екені ескертілді. Сондай-ақ, бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Мәселен, көптен еларалық тақырыптармен айналысып жүрген және осы бағытта әбден төселген БАҚ өкілдерінен тұратын «Еуразия журналистер пулын» құру бастамасын қолдау қажеттілігі, Еуропа елдерін интеграциялауға мол үлес қосқан «Еуроньюс» тәрізді телеарна құру керектігі және ақпарат алмасуда интернеттің мүмкіндіктерін пайдалану жөнінде әңгіме көтерілді.

Дөңгелек үстелде интеграция дамыған сайын мәселелердің туындап отыратыны мойындалып, тек оларға саяси реңк бермеу және дау-дамайға ушықтырмау керек деген тұжырым жасалынды. Ол үшін осындай кездесулер болып тұру керектігіне баса назар аударылды.

Басқосудың қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, оған қатысушыларға сертификаттар берілді. Мұнан бөлек «дөңгелек үстел» шеңберінде тақырыптық көрме ұйымдастырылып, журналистерге Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық Кодексі таратылып берілді.

 

 

 

«Кеден одағы елдерімен ақпарат алмасудың өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша республикалық «дөңгелек үстел» отырысының

ҰСЫНЫМДАРЫ

 2013 жылғы 13 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Семей шаһарында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Кеден одағы елдерімен ақпарат алмасудың өзекті мәселелері» атты республикалық «дөңгелек үстел» өткізді. Онда Ресей, Қазақстан және Беларусь экономикалық одағының тиімділігі төңірегіндегі дау-дамай осы күнге дейін толастамай отырғаны айтылды. Жағдайдың осылайша өрбуі осы тұрғыдағы қажетті шынайы ақпараттың болмауы салдарынан екені ащы да болса шындық. БАҚ дер кезінде және толыққанды түрде осы одақтың ұтымды тұстарын нақты дәйектемелер арқылы түбегейлі түсіндіріп беруде қауқарсыздық танытуда.

Іс-шара Кеден одағы шеңберінде атқарылып жатқан интеграциялық үрдістерге қолдау көрсету мақсатында қуатты ақпараттық құрылым құруға мүмкіндік беретін ұсынымдарды дайындауға бағытталғандықтан, «дөңгелек үстел» барысында нақты ұсыныстар айтылды. Солардың негізінде төмендегі ҰСЫНЫМДАР қабылданып отыр:

- Көптен бері еларалық тақырыптармен айналысып жүрген және осы бағытта әбден төселген БАҚ өкілдерінен тұратын «Еуразия журналистер пулын» құру бастамасы қолдау тапсын.

- Еуропа елдерін интеграциялауға мол үлес қосқан «Еуроньюс» тәрізді арнайы телеарна құру мәселесі қаралсын.

- Орталық Азия және Ресей елдеріне жұмыс істейтін ақпарат агенттігін Астана қаласында құру жобасының іске кірістірілуі тездетілсін.

- Экономика саласының журналистерін дайындау мәселесі күн тәртібіне енгізілсін. Осы тұрғыда Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мүше болып табылатын білім беру саласы бойынша шекаралас мемлекеттер Ассоциациясы шеңберінде экономикалық тақырыпта бірқатар семинарлар өткізу мүмкіндігі қарастырылсын.

- Кеден одағы елдерінің әлеуметтік торабына баннерлерді орналастыру арқылы Интернеттің мүмкіндіктері мақсатты түрде пайдаланылсын.

 - Бас редакторлар клубы ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе келе интеграциялық «үштіктің» бір-бірлерімен ақпарат алмасуды жақсартуды көздейтін ортақ жұмыс жоспарын дайындасын. Онда, мәселен, ресейлік және Белорусь БАҚ беттерінде Қазақстан тақырыбын ұдайы қамтуды қамтамасыз үшін есімдері белгілі журналистердің қатысуымен «Қазақстан – бүгін» атты шартты жоба аясында баспасөз турларын ұйымдастыру тәрізді шараларды жүзеге асыру көзделсін.

- Тұрақты негізде пікірлері мен сараптамалық бағалары Белорусь және ресейлік БАҚ-тағы Қазақстан туралы ақпараттық жетімсіздіктің орынын толықтыратын, сонымен қатар еліміз жәйлі теріс пікірлерге дұрыс түсініктер бере алатын саяси және бизнес элиталармен кездесулер өткізіп отыру қолға алынсын.      

 

 

Күн тәртібінде қоғамның өзекті мәселесі.

 2013 жылғы 11 желтоқсанда Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Еуропа құқығы және адамдар құқығын сараптау институты «Өз-өзіне қол жұмсаумен күресудің әлеуметтік-құқықтық аспектілері: мемлекет және азаматтық қоғам институттары арасындағы қарым-қатынастар мәселелері» тақырыбы бойынша Дөңгелек үстел өткізді. Оның жұмысына ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның, ЮНИСЕФ, БҰҰ, елшіліктер, ҮЕҰ, мемлекеттік органдар, БАҚ өкілдері, ғалымдар, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. Бас редакторлар клубы тарапынан бұл шараға бірлестіктің президенті Кенжеболат Жолдыбай қатысып отырды. Дөңгелек үстел жұмысын Еуропа құқығы және адамдар құқығын сараптау институтының директоры, Бас редакторлар клубы мүшесі, заң ғылымының докторы, профессор Марат Башимов жүргізіп отырды.

Дөңгелек үстел жұмысына қатысушыларға ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссиясы хатшылығының меңгерушісі Тастемір Әбішев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заң факультетінің деканы Еркін Оңғарбаев, Азаматтық альянс президенті Нұрлан Ерімбетов құттықтау сөз арнады.

Күн тәртібінің мәселесі бойынша ЮНИСЕФ өкілі Айгүл Кодирова, Бас редакторлар клубы президенті Кенжеболат Жолдыбай, Еуропа құқығы және адамдар құқығын сараптау институтының директоры Марат Башимов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Николай Акуев, психолог Лимана Қойшиева және тағы басқалар сөз сөйледі.

Сөз сөйлеушілер тарапынан бірауыздан өз-өзіне қол жұмсау қоғамның әлеуметтік проблемасы ретінде мойындалып, өзін-өзі өлтіру көп сырды ішіне бүгіп жатқан феномен екендігі айтылды. Мұнда философиялық (өмір сүрудің мағынасын жоғалту), психологиялық (жан азаптары), әлеуметтік (көңілі толмаушылық, әлеуметтік жайсыздық, статусын жоғалту), рухани, құқықтық, медициналық (ауыр дертке ұшырау, психологиялық тұрғыдағы күйзелістер) проблемалардың шоғырланғаны туралы да ескертілді.

Өз-өзіне қол жұмсаудың әсіресе балалар және жастардың арасында жиі бой көрсетіп отырғаны бүгінгі күннің шындығына айналғаны айтылып, осы қатерлі құбылыспен күресу жолында барлық күштер бірігулері қажет деген шешім қабылданды.

Мәселен, Кенжеболат Жолдыбай әрбір жеке адамның проблемасы сол қоғамның проблемасы ретінде қабылданатындай рухани ауан қалыптастыру маңыздылығына әрі солай болған жағдайда мұндай ортада жанашырлық ахуалдың орнығатынына назар аударды. Ол сондай-ақ орын алып отырған проблеманың шешімі заңдылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі қажеттігін айта отырып, парламент депутаттарын бұл мәселені көпке созбай тезірек шешуге шақырды. Сонымен қатар, Клуб президенті өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу және оны болдырмау мәселесінде мүдделі орындар мен БАҚ араларында тиімді қарым-қатынас орнату жолында Клуб тарапынан қажет деген барлық жұмыстарды атқаруға дайындығын білдірді.

Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша өкілетті орындар үшін тиісті ұсынымдар әзірленіп, жіберілетін болды.  

 

  • Tweet

Пікірлер (0)