Бас редакторлар клубының 18 - 22 желтоқсан аралығында болған жаңалықтары

22.12.2013, 17:05

Құттықтаймыз!

«Бас редакторлар клубы» ҚБ осы бірлестіктің президенті Жолдыбай Кенжеболат Махмұтұлын, «Бизнес-плюс» газетінің бас редакторы Малютина Ирина Викторовнаны Туған күндерімен шын жүректен құттықтайды!

Сіздердің елімізде экономикалық және демократиялық реформаларды алға қарай жылжытуда, нарықтық ақпараттық кеңістікті одан әрі кеңейтуге, адам құқы жүйесін жетілдіруде және ашық азаматтық қоғамды орнықтыруда атқарып жатқан жұмыстарыңыздың елеулі екендігін зор ықыласпен атап өтеміз және алдағы уақытта да осындай жетістіктер болатынына сенімдіміз.

Сіздерге зор денсаулық, жемісті еңбек, жасампаз идеялар мен жаңа шығармашылық  табыстар тілейміз!

 

Бас редакторлар клубының телевизиялы нұсқалық отырысы өтті.

2013 жылғы 20 желтоқсанда Қарағанды облысы Жезқазған қаласының «Дидар» телестудиясының баспасөз орталығында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің аймақтық филиалының телевизиялы «дөңгелек үстел» нұсқасындағы отырысы болып өтті. Отырысқа Клуб президенті Кенжеболат Жолдыбай, қоғамдық бірлестік филиалының мүшелері, Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасының журналистері қатысты. Аталмыш телехабарды Бас редакторлар клубы Жезқазған аймақтық филиалының төрағасы, «Жезқазған қалалық «Дидар» телерадиохабарлар таратушы» ЖШС директоры Базарбай Әлеуханұлы жүргізіп отырды.

Телевизиялық отырыс барысында Бас редакторлар клубының жұмысы төңірегінде, бұқаралық ақпарат құралдарының еркін қызмет жасауына тиісті жағдайлар жасау жәйлі, жалпы журналистика саласындағы қолбайлау болып отырған кедергілер тұрғысында мәселелер тізбегі жан-жақты қаралып, олар мейлінше талқыланды. Кездесу өзара еркін пікір алмасу жағдайындағы ашық әңгіме түрінде өтті. Сонымен қатар кездесуде көтерілген мәселелер бойынша нақты пікірлер айтылып, қажетті деген ұсынымдар білдірілді.

Аталмыш отырыста Клуб президенті К.Жолдыбай «дөңгелек үстелге» қатысушыларды және «Дидар» телеарнасының көрермендерін таяуда болып өткен мерекелер - Тәуелсіздік күнімен және Демократиялық жаңару күнімен құттықтады. Осы ретте ол еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы ішкі және сыртқы саясатының арқасында, сондай-ақ біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың нәтижесінде Қазақстан елі өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік  ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетке айналғанын, сөйтіп Қазақ қоғамы әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы, оның ішінде сөз бостандығы және ой-пікірлерін еркін білдіру бағытында ең жоғары стандарттарға жақындап келе жатқанын тіліне тиек етті. Мәселен, журналистер қауымдастығының пікірлерін ескере отырып бүгіндері жала мен намысын қорлау құрамын заңнамалық деңгейде қылмыстық жауапкершіліктен азаматтық-құқықтық жауапкершілік санатына көшіру қолға алына бастады. Соңғы екі жыл бойы Бас редакторлар клубы тарапынан азаматтардың ақпарат алу конституциялық құқықтарын толықтай қамтамасыз ету мақсатында «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» ҚР Заңының  қабылдануы қажеттілігі жөнінде мәселе көтеріліп келе жатқаны да айтылды. Сонымен қатар, Жолдыбай қоғамдық бірлестіктің журналистердің статусын заңнамалық тұрғыдан анықтау, БАҚ қызметкерлерінің әлеуметтік және үй – тұрмысы жағдайларын жақсарту, журналистердің кәсіби біліктілігін көтеру бағытында да үнемі мәселе көтеріп жүргенін ескертті.

Өз кезегінде телевизия отырысының модераторы Б.Әлеуханұлы өзінің және хабарға қатысушылар мен телекөрермендер атынан Жезқазған қаласын «Отау ТВ» жерүсті эфир таратудың тегін пакетіне қосқаны үшін ҚР үкіметіне шынайы ризашылығын білдіре келіп, соның арқасында телехабарлардың көрсетілім сапасының анағұрлым жақсарғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол еліміздің Президенті Жезқазған - Бейнеу теміржолын салу туралы тарихи шешім қабылдағаны туралы айта келе, қазіргі кезде осы үлкен құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын және оның барысын аймақ халқының көргілері келетіндеріне назар аударды. Бұл тұрғыда ол мұндай мүмкіндіктің «Дидар» телеарнасын «Отау ТВ» платформасының тегін спутниктік хабар таратудың пакетіне қосқан жағдайда туындайтынын баса айтты әрі оны қазіргі жерүсті хабар таратудың қамту аумағы Жезқазған мен Сатпаев қалаларын ғана құрап отырғандығымен түсіндірді.

Б.Әлеуханұлы «Дидар» телеарнасын «Отау ТВ» платформасының тегін спутниктік хабар таратудың пакетіне қосу қажеттілігін облыс орталығының 500 шақырымнан астам қашықтықта орналасқандығымен әрі соның әсерінен облыстық теледидардың хабарларында ірі Жезқазған аймағының мәселелері сирек айтылатынымен де түсіндіре кетті. Сондықтан, аймақтың тұрғындары «Дидар» телеарнасына қол жетімділікті қамтамасыз етуді жиі өтінетіндерін ескертті. Дегенмен, бұл мәселені мекен жайлардың  шалғай жерлерде және де шашыраңқы орналасқандықтан жерүсті хабар тарату жолымен шешу мүмкін болмай отырғандығы жәйлі айтылды. Мәселен, Ұлытау ауданының орталығы Жезқазған қаласынан 130 шақырым қашықтықта орналасса, басқа аймақтар айналасы 250 шақырымдай болып келеді. Осыған байланысты, бұл жерлердің тұрғындары Қарағанды облысының әкіміне «Дидар» телеарнасының хабарын көруге мүмкіндік жасауын сұрайтындары және осындай өтініштердің қала әкімінің жыл сайынғы есеп беру барысында Жезқазған қаласының аумағына жататын Малшыбай мен Теректі елді мекендерінің азаматтары тарапынан да айтылып жүргендері ескертілді.

Сонымен қатар, Б.Әлеуханұлы мұндай өтініштердің Қарағанды облысы мәслихатының депутаты және Бас редакторлар клубының Жезқазған қалалық филиалының төрағасы ретінде өзінің атына да келіп түсіп жататынын айтты. Осыған орай, ол телерадио хабарлар таратуды дамыту бойынша үкіметтік Комиссияның мүшесі санатындағы Бас редакторлар клубының президенті К. Жолдыбайға көтеріліп отырған мәселенің оң шешімін табуға ықпал жасауын өтінді және бұл өтініш қоғамдық бірлестік жетекшісі тарапынан қабылданды.

Телевизиялы нұсқадағы «дөңгелек үстелде» қазіргі журналистиканың өзге де өзекті мәселелері көтеріліп, өзара тәжірибе бөлісу және біліктілікті көтеру мақсатында масс-медиа қызметкерлерінің түрлі форматты кездесулері жиі болып тұрулары керек деп шешілді.

 

БАҚ-тың бәсекеге қабілетті бола білуі – қазіргі заман талабы.

2013 жылғы 18 желтоқсанда Астана қаласында «Қазақстандық БАҚ пен Интернеттің бәсекеге қабілеттігін көтеру» тақырыбы бойынша халықаралық семинар-тренинг өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен «Zindustries LLP» Компаниясының ақпараттық-сараптамалық басқармасына қарасты «Жас ұлан» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырған іс-шарасына мемлекеттік органдардың өкілдері, БАҚ саласы бойынша отандық және шетелдік сарапшылар, шығармашылық ұжымдар, аймақтық БАҚ және Интернет - ресурстардың басшылары шақырылды. «Бас редакторлар клубы» ҚБ атынан бұл басқосуға «7 арна» телеарнасының директорлар Кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай, «Новое поколение» газеті бас редакторының орынбасары Юлиана Жихорь, «Вечерний Алматы» газетінің бас редакторы Николай Жоров, «ҚазАқпарат» агенттігі директоры Дәурен Дияров қатысты. Семинар-тренингті «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды.

Іс-шараға қатысушыларға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалианбеков құттықтау сөз сөйлеп, олардың назарын мемлекеттің тарапынан медиа инфрақұрылымы саласын жақсарту, БАҚ-қа қатысты заңдылықтарды жетілдіру, отандық масс-медианың техникалық тұрғыдан артта қалушылығын жою бағытында нақты атқарылып жатқан жұмыстарға аударды.

Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің дамуы жөнінде Кенжеболат Жолдыбай айтып берді. Осы ретте, ол семинар тыңдаушыларын БАҚ-тың бүгінгі жағдайымен таныстырды, отандық БАҚ және Интернет ресурстарының контентінің сапасын көтеру, олардың техникалық жағынан жабдықталуын толық қамтамсыз ету бойынша істелініп жатқан жұмыстарға тоқталды, БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін көтеру бағытында халықаралық тәжірибелер туралы сөз қозғады.

Өз елдерінде БАҚ және медиа-контентті алға жылжыту бағытындағы ізденістер жәйлі «Интеграция и развитие» қоғамдық ұйымының (Армения) директоры Арам Сафарян, Ресей саяси және экономикалық комуникациялар агенттігінің бас директоры Дмитрий Орлов, «Новости Азербайджана» АМИ бас директоры Гүлнара Мамедзаде, Еуразия коммуникативтік орталықтың жетекшісі, РИА Новости агенттігінің кеңесшісі Алексей Пилько ойларымен бөлісті.

Семинар - тренингке қатысушылардың алдында сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы шекара аймақтық қарым-қатынас Ассоциациясы өкілі Марат Шибутов, «ҚазАқпарат» агенттігінің директоры Дәурен Дияров, «Kazakhstan Today» ЖШС бас директоры Тимур Куватов, «Новое поколение» газеті бас редакторының орынбасары Юлиана Жихорь, «Nur.kz» порталының коммерциялық директоры Ержан Сейітқазинов, «7 арна» телеарнасының директорлар Кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай сөз сөйледі. Мұның сыртында, «Казконтент» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Нартай Әшім өздеріндегі іске кірістірілген табысты медиажобалардың тұсаукесерін өткізді. «Зет индастрис» компаниялар тобының бас директоры Данияр Тәбеев түркі елдері тарихын зерттеуге арналған «Allhistory» халықаралық сайттың ашылғанын хабарлай отырып, бұл ақпараттық ресурс жәйлі жиналғандарға толыққанды мәліметтер берді.

Күн тәртібі тақырыбы бойынша ұйымдастырылған пікірталаста  белгілі отандық сарапшылар Айдос Сарым, Серік Малеев, Дәурен Сәкенұлымен қатар өзге семинар-тренингке қатысушылар БАҚ-тың қарқынды дамуының, олардың бәсекеге қабілеттігін арттырудың тың жолдарын іздеуде қолбайлау болып отырған мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, қазақстандық медиа контенттің Кеден одағы және ТМД елдеріне шығу болашағы мен шетелдік медиа өнімдерімен бәсекелестігі туралы, Интернеттің күрт дамуы тұсында мерзімді баспасөздің рөлі жәйлі, республикада телерадиохабарларды сандық жүйеде таратуды енгізу арқылы медиа инфрақұрылымдарын технологиялық жағынан жақсарту жөнінде нақты әңгімелер айтылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша арнайы резолюция қабылданып, онда қазақстандық БАҚ пен Интернет ресурстардың бәсекеге қабілеттілігін еселеп арттыруға қажетті жағдайлар туғызуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекет және БАҚ алдына нақты міндеттер белгіленді. Сондай-ақ, эфирлі сандық хабар тарату мультиплексіне енгізілу құқын алу кезінде барлық аймақтық телеарналарға бірдей мүмкіндіктер туғызуға, медиа саласының кадрларының біліктілігін көтеруді «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асыруға ерекше назар аударылды.

Жиын соңында семинар-тренингке қатысушылар үшін фотосессия ұйымдастырылды.     

 

Ұлағатты  бастама  жалғасын тапты.

Астана қаласында таяуда елімізде БАҚ-та аянбай еңбек етіп, қоғамның алға жылжуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгер азаматтардың есімдерін және еңбек жолын еске түсіріп, жастарға насихаттау мақсатында ұйымдастырылып жүрген «Олардың есімдері жүрегімізде!» атты кеш жалғасын тапты. Осынау  игі шараны Астана қаласы әкімшілігінің қолдауымен танымал қаламгер – журналист, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Түгел медиа» бірлестігі басшысы, Бас редакторлар клубының мүшесі Сәдібек Түгел ұйымдастырды.

Алғашқы еске алу кеш 2026 жылғы 4 мамырда өткізіліп, өмірден өткен 14 қаламгер - журналистер еске алынған болатын. Осы жолы да соңғы 1 жыл 7 ай ішінде өмірден озған  10 әріптес - қаламгер аға-апалар еске алынып, олардың шығармашылық жолындағы жетістіктері туралы бейнесюжеттер көрсетілді. Нақтырақ айтқанда, Ұлы Отан соғысына қатысушы, ардагер –   журналист Әскен Набиев, Елбасының жеке операторы Бақтыбай Шаханов, белгілі  журналист - әріптестеріміз Ербол Шаймерденов, Владимир Гундарев, Дүкенбай Досжан, Сабыржан Шүкіров, Марфуға Бектемірова, Андрей Тришечкин, Наталья Хабарова, Иван Болучевский сынды азаматтардың ерен еңбектері және өмір жолдары туралы естеліктер мен әңгімелер айтылды.

Кешке қатысушылар мейлінше тебіреністе болып, көздеріне жас алып, елорданың өсіп-өнуіне мол үлес қосқан, журналистика саласында өздерінің қайталанбас  қолтаңбаларын қалдырған бауырларды үлкен сағынышпен еске алды. Атап айтқанда, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Саясаттану және журналистика факультетінің студенттері Қымбат Қалиева мен Айдана Кемелова, ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, филология ғылымының докторы Бауыржан Омаров, жазушы – журналист Дүкенбай Досжанның жары Сәуле Досжанова жүрекжарды ойларымен және толғаныс сезімдерімен бөлісті. Олар бірауыздан мұндай кештің әлеуметтік мәнінің ерекше екендігін баса айтты және кешті ұйымдастырушыларға деген өздерінің ыстық ықыластарын білдірді.

Иә, бұл шараның тек шоу жасап, жұрттың көңілін аулау емес, шынайы азаматтық парыз тұрғыда дүниеге келген тың идея ретінде қабылданғанын ерекше атап өткен жөн. Әрі бұл кештің мәні де маңызы да өте зор. Өсіп келе жатқан жастарға берер тәлімі одан да үлкен екені анық. Бір сөзбен айтқанда, бұл жаңа идеяны, ұлағатты бастаманы Қазақстан журналистика тарихындағы тың құбылыс деп қабылдауға толық негіз бар. Олай болса, өткенді саралап, болашағымызға нық сеніммен қарау әрқайсысымыздың мойнымыздағы ортақ міндет екендігін есте мықтап ұстасақ игі.

 

 

  • Tweet

Пікірлер (0)