Бас редакторлар клубының 23 - 30 желтоқсан аралығында болған жаңалықтары
30.12.2013, 17:48
Құрметті әріптестер! Қымбатты достар!
«Бас редакторлар клубы» ҚБ Сіздерді келе жатқан жаңа 2014 жылмен шын жүректен құттықтайды!
Сіздерге жаңа жыл жаңа жеңістер, жаңа шығармашылық табыстар, жаңа жетістіктер және мол қуаныштар сыйласын! Әрқашан жанға жайлы жаңалықтармен қауыша беріңіздер!
Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларыңыздың бақыты мен амандығын тілейміз!
Құттықтаймыз!
Бас редакторлар клубы «Астана Радио» радиосының директоры Қаракөзова Гүлмира Әлібекқызын, «Бас редакторлар клубы» ҚБ құрылтайшысы Күнбаев Мірболат Тоқмырзаұлын, «Экономика» газетінің бас редакторы Тажутов Ахасты, «Казахстанская правда» газетінің жарнама жөніндегі департамент директоры Серікбаев Азамат Асқарұлын, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, редакторлар кеңесінің төрағасы Кенжалин Жұмабек Омарұлын, «Туран Таймс» газетінің бас редакторы Салахов Видади Кароевичті Туған күндерімен шын жүректен құттықтайды!
Сіздерді мемлекетіміздің ішкі саяси қалыптылығын нығайтудағы, қоғамның ақпараттану деңгейі мен саяси мәдениетін көтерудегі, мемлекет және БАҚ арасындағы салиқалы қарым-қатынасты орнықтырудағы орасан үлестеріңіз үшін мол ықыласымызды және ризашылығымызды білдіреміз.
Сіздерге денсаулық, шығармашылық табыс, мол жақсылық тілейміз!
Құрметті Нәбиев Марат Әскенұлы!
Сіздің «Мәдениет саласының үздігі» атағымен және төс белгісімен марапатталған хабарыңызды естіп, осынау жанға жайлы жаңалықты өте зор қуанышты көңілмен қабыл алдық.
Сізді Қазақстан халқы тек өз ісінің жоғары білікті маманы ретінде ғана емес, сондай-ақ өндіріс мәселесін рухани құндылықтармен аса шеберлікпен ұштастыра білетін зиялы азамат есебінде таниды әрі ерекше құрмет тұтады. Сондықтан, Сіздің еңбегіңіз өзінің лайықты бағасын алды деп есептейміз.
Шын ниетпен Сізді мәртебелі атағыңызбен құттықтай отырып, өзіңізге толайым табыстар мен жаңа наградалар және өмірдегі барлық жақсылық атаулыны тілейміз!
Астанада Клуб мүшелері ЕҚЫҰ Орталығы басшысымен кездесті.
2013 жылғы 24 желтоқсанда Елордада «Бас редакторлар клубы» ҚБ мүшелерінің Еуразия қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымының (ЕҚЫҰ) Астана қаласындағы Орталығының басшысы Наталия Заруднамен кездесуі болып өтті. Кездесу барысында Қазақстанда құқықтық азаматтық қоғамды дамыту мәселелері төңірегінде екіжақты әңгіме айтылып, пікір алмасылды. Кездесуді Клуб президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды.
ЕҚЫҰ Орталығының жұмысы туралы Наталия Зарудна жан-жақты сөз қозғады. Осы ретте ол масс-медиа өкілдері назарын әскери-саяси, экономика, экология, гуманитарлық мәселелер және адам өлшемдері бойынша БАҚ үшін семинар-тренингтер мен «дөңгелек үстелдер» өткізу тәрізді ЕҚЫҰ Орталығы қызметінің басым бағыттарына аударды. Сонымен қатар, Орталық тарапынан терроризммен және киберқылмыспен күресу үзбей жүргізіліп келе жатқанын да атап өтті. Наталия Заруднаның айтуынша соңғы жылдары осы бағытта 56 іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілген. Мұның сыртында Орталық алдын алу дипломатиясы, сайлаудың өтуін бақылау, адам құқықтарын сақтау, атап айтқанда сөз бостандығы, ой еркіндігі, ар-ождан және наным-сенім еркіндігі мәселелерін де үнемі назарда ұстайтыны ескертілді.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы Еуразия қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымы қызметіндегі Қазақстанның атқарып отырған рөліне үлкен баға берді. Бұл орайда ол біздің еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығы міндетін абыроймен атқарғанын, Астана саммиті мен оның қорытындысы бойынша қабылданған декларацияның маңыздылығын және өміршеңдігін ерекше атап өтті. Заруднаның пікірінше Қырғызстанда азаматтық соғысты болдырмауда, Таулы Қарабах қақтығысын реттеуде, Ауғанстанға көмек қолын ұсынуда, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге оң бетбұрыс беруде Қазақстанның үлесі мол болды. Жалпы, Орталық басшысы Қазақстан Еуропа қауіпсіздігінің жаңа архитектурасын қалыптастыруда да нық қадам жасады деп есептейтінін жеткізді. Дегенмен, ол біздің республика БАҚ бостандығын қорғауда және қолдауда әлі де болса тиісті жұмыстарды атқаруы керек деп санайды. Сондай-ақ, Қазақстан Үкіметін масс-медиаға барынша ашық болуға шақырды және ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз ететін заңның жуық арада қабылданатынына сенімін білдірді.
Аталмыш мәселелер төңірегінде «Человек и Закон» және «Украінскі новини» газеттерінің бас редакторлары М.Башимов пен Т.Чернега, «Жетінші арна» телеарнасы директорлар Кеңесінің төрайымы Б.Жексенбай, «Новое поколение» газеті бас редакторының орынбасары Ю.Жихорь, «Түгел Медиа» бірлестігінің басшысы С.Түгел, «Еуразия» Бірінші арна бас директорының бірінші орынбасары М.Ерман пікірлерімен бөлісті. Олар Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығына және оның басшысына республикалық БАҚ-пен ашықтық және ынтымақтастық жағдайында бірлесе жұмыс істеуге мүдделілік танытқандары үшін ризашылықтарын білдіріп, Орталықтың демократиялық принциптерді дамытуға, елімізде қоғамдық келісімді сақтауға бағытталған іс-шараларының мейлінше өзектілігі мен маңыздылығын атап көрсетті.
Өз кезегінде олар «жасыл» энергетиканы дамыту және діни экстремизм көріністерімен күресуге байланысты жобалардың Астанада «EXPO – 2017» әлемдік халықаралық көрмесінің өткізілуіне орай жалғастыру қажеттілігіне назар аударды. Мәселен, «Еуразия» Бірінші арна бас директорының бірінші орынбасары М.Ерман Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының көмегімен экология тақырыбында жазатын журналистердің пулын жасақтап, «EXPO – 2017» көрмесіне дейін өзге елдерде өтетін халықаралық көрмелерге іс-сапарлар ұйымдастыру арқылы оларды оқытуды қолға алу қажет деп санайды. Діни экстремизмнің алдын алуға қатысты мәселе бойынша ол «Еуразия» Бірінші арна тарапынан арнайы «Араб көктемі» атты телефильмнің дайындалғанына Н.Заруднаның назарын аудара келе, фильмнің ЕҚЫҰ аймағында көрсетілу мүмкіндігін қарастыруды өтінді.
«Украінскі новини» газетінің бас редакторы Т.Чернега 2014 жылы Тарас Шевченконың туғанына 200 жыл толатынын, кобзарьдің он жыл өмірі қазақ жерінде өткенін, алайда оның осындағы шығармашылығы толығымен зерттелмегенін тілге тиек етті. Ол сондай-ақ алдымызда қазақтың ұлы ақыны Абайдың 170 жылдығы да тосып тұрғанын жеткізді. Осыған байланысты, айтулы мерейтойларды лайықты өткізу мақсатында Т.Чернега Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығымен бірлесе отырып нақты іс-шаралар ұйымдастыру қажет деген ұсыныс айтты. Осы және өзге де қазақстандық қоғамды толғандырып жүрген мәселелерге байланысты айтылған ұсыныстар Наталия Заруднаның тарапынан түсіністікпен қабылданды әрі тиісті шаралар қарастырылатына уәде берілді.
«Абырой» қорының көңілге қонарлық абыройлы ісі.
Жаңа жыл қарсаңында, 2013 жылғы 26 желтоқсанда Астана қаласының Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесінде орналасқан Балалар үйі ғимаратында Бас редакторлар клубының вице-президенті Бибігүл Жексенбай жетекшілік ететін «Абырой» қазақ мәдениеті мен тілін дамыту қоры өскелең ұрпақ, балалар арасында ұлттық мәдениетімізді және мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында қайырымдылық акциясын өткізді. Осынау ізгілікті іс-шараға ҚР Парламенті депутаттары, қалалық әкімшіліктің жауапты қызметкерлері, өте тәжірибелі дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ережеқызы бастаған Балалар үйінің тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері, «Жетінші арна», «Еуразия» Бірінші арна, «Қазақстан» және «24 KZ» телеарналарының кәнігі журналистері қатысты.
Балалар үйінде арнайы ұйымдастырылып отырған бұл қайрымдылық шараның басты мақсаты ел болашағы - өскелең ұрпақтың еліне, жеріне, отанына, ана тіліне деген құрметін арттыру болып табылатынын ерекше атап өткен жөн.
Сондықтан, жетім балалар үйінің тәрбиеленушілеріне аталмыш Қор тарапынан қазақ тілін оқытудың халықаралық стандарты бойынша әзірленген оқу методикалық кешені әртүрлі тілде қажетті деген сөздердің Сөздігі және де Мұқағали Мақатаевтың «Жыр ғұмыр» атты электрондық шығармалар жинағы тарту етілді. Мұндай кітапшалардың көмегімен қазақ тілін мейлінше тез меңгеруге әрі ортақ тілде табысып кетуге молынан мүмкіндік туатынына күмән болмайтынын айта кету ләзім. Мәселен, осы кітапшаның арқасында жас жеткіншіктер жеті тілде «рахмет» деген сөзді жылдам үйрене алады. Сөйтіп, «адамға жеті тілді жетік білген абзал» деген ұлағатты өсиетті өміршең етуге толықтай жол ашылары сөзсіз.
Жалпы, әлемдік деңгейде мойындалған стандарт негізінде дайындалған кешенді кітаптардың кез келген тілді тез уақыт аралығында меңгеріп алуға ықпалы молырақ болады десек, «Абырой» қорының сыйлаған кітаптарының еуростандарт негізінде жасақталғанын атап өткен жөн.
Түптеп келгенде, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің жоғын түгендеп, мемлекеттік тілді паш ету мақсатында құрылған «Абырой» қазақ тілі мен мәдениетін қолдау қорының бүгінгі тіршіліктеріне көз жүгірте отырып, оның келешекте де осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыра түсетініне сенім білдіруге толық негіз бар.
«Абырой» қорының осындай ізгілікті ісіне Балалар үйі де қарап қалған жоқ. Осында тәрбиеленуші жеті және сегіз жастағы бүлдіршіндер күшімен ән мен күйге бай концерттік бағдарламамен қатар қонақтарға театрландырылған шоу ұсынылып, көпшіліктің риясыз қошеметіне және үлкен ризашылығына бөленді.
Бір сөзбен айтқанда, шын көңілмен ұйымдастырылған қайырымдылық іс-шара жас жеткіншектер үшін өте қызғылықты, өнегелі де пайдалы өтті әрі оларға мұндай кездесулердің болашақта аса қажеттілігі байқалды.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий