Бас редакторлар клубының 2014 жылғы 13-19 қаңтар аралығында болған жаңалықтары
20.01.2014, 10:00
Құттықтаймыз!
«Казахстанская правда» Республикалық газеті» АҚ басқармасының төрағасы А.Ю.Тараков мырзаға
Құрметті Александр Юрьевич!
Бас редакторлар клубы Сізді «Казахстанская правда» Республикалық газеті» АҚ басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалуыңызбен шын жүректен құттықтайды!
Осынау мәртебелі әрі жауапты қызметке тағайындалуыңызды Сіздің Қазақстан Республикасының өркендеп өсуі жолында атқарған жанкешті әрі жігерлі еңбегіңіздің лайықты бағасы деп қабылдаймыз. Мемлекеттік ақпарат саясатын насихаттауды аса зор жауапкершілікпен және абыроймен атқарып келе жатқан еліміздің бас газеттерінің бірін басқару Сізге жүктеліп отырғаны кездейсоқ емес. Сіз өмірлік тәжірибесі өте бай және талантты журналист ретінде жалпыұлттық басылымның үздік те озық дәстүрлерін жалғастыруда мейлінше еңбек сіңірдіңіз әрі сіңіріп келе жатырсыз.
Сізге зор денсаулық, отбасыңыздың амандығын, жаңа жобалардың іске асырыла беруін шын жүректен тілейміз!
Сыртқы істер министрлігінде ККО жұмысы қорытындыланды.
Бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бастамасымен 2013 жылдан бастап «Адам өлшемдері бойынша диалог алаңы» консультативтік кеңестік орган (ККО) аталмыш министрліктің жанынан құрылып, жоспарға сай нақты жұмыстарға кірісті. Оның құрамына Парламент депутаттары, сот жүйесінің, мемлекеттік органдардың, отандық және шетелдік құқық қорғау ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктер мен ҮЕҰ өкілдері кірді. Бас редакторлар клубы атынан ККО жұмысына бірлестіктің президенті Кенжеболат Жолдыбай мен «Еуропа құқығы және адам құқығы» институтының директоры, «Человек и Закон» газетінің бас редакторы Марат Башимов қатысып келеді. 2013 жылы ККО мүшелері алты тақырып бойынша арнайы отырыстар өткізіп, талқылаудың нәтижесінде демократияны дамыту, құқық үстемдігін, сондай-ақ адамның жекелеген құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты жалпы саны 157 ұсынымдарды әзірлеп тиісті орындарға жіберді. Бұл отырыстар жәйлі Бас редакторлар клубы өзінің мүшелеріне кезінде үзбей нақты ақпараттар дайындап, жіберіп келгенін атап өткен жөн.
Ал үстіміздегі жылғы 14 қаңтарда Астанада ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың төрағалығымен «Адам өлшемдері бойынша диалог алаңы» консультативтік кеңестік органның пленарлық отырысы болып, онда ККО жұмысының өткен жылғы қорытындысы және 2014 жылы атқарылуы тиіс жұмыстардың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, министр өз сөзінде ККО жұмысында негізінен конструктивті рухтағы іскерлік ауанның орын алғанына, ал бұл түптеп келгенде тараптардың бір бірлерін тек тыңдап қана қоймай, айтылған мәселелердің жерде қалмайтынына толықтай кепіл болатынына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, сыртқы саясат ведомствосы басшысы ККО өзіне ғана тән қолтаңбасын қалыптастыру үстінде екендігін және бұл тұрғыда жақсы нәтижелер күтетінін де жасырмады. Бұл тұрғыда, Е.Ыдырысов Үкімет, сот, заң шығарушы билік өкілдері мен азаматтық қоғам арасында бір жыл көлемінде қалыптасқан іскерлік қатынастың оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бергенін айтты. Осы ретте ол ККО ұсынымдарының жартысынан көбі мақұлданып, олар атқарушы органдар мен Парламенттің күнделікті жұмысында ескерілетінін де, ал қалған ұсынымдардың 2014 жылы мұқият қаралып, тиісті қорытындылар шығарылатынын да атап өтті.
Жалпы, ККО мүшелері атқарылған жұмыстарға көңілдері толатынын айта отырып, өз тараптарынан бірқатар нақты ескертулер мен ұсыныстарын білдірді. Мәселен, ККО тарапынан берілген кейбір ұсынымдарға қатысты қабылданған шешімдердің түйткіл тұстары баршылығы айтылды. Осы ретте, «Қазіргі кезеңде орындалысы мақсатқа сай келмейді» деген шешімнің нақты себептері айтылмағандықтан күмәнді екендігіне назар аударылды. Жекелеген ККО мүшелері тарапынан бас прокуратура өз өкілеттігін асыра пайдаланып жүр деген пікірлер білдірілді. Сонымен бірге, әркім өз ойын айтуға мүмкіндік туғызу мақсатында ККО жұмысының тиімді регламентін анықтау, Еуразия қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сессиясына қатысу үшін Варшаваға ККО мүшелерін жіберу, сот жұмысын және сайлау өткізу тәртібін жетілдіру тәрізді мәселелер де көтерілді.
Күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша Кенжеболат Жолдыбай және Клуб мүшесі, Еуропа құқығы және адам құқығы институты директоры Марат Башимов та өз ойларын ортаға салды. Осы орайда, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті билікпен салиқалы қарым-қатынас орната білу білікті қоғамның нышаны дей келе, бұл тұрғыдағы ККО қызметінің түпкі нәтижесі сайып келгенде оның мүшелерінің саяси мәдениетінің едәуір жоғарылағанын көрсететінін атап өтті және мұндай ахуалдың түйінді мәселелердің шешіміне оң әсері болатынына назар аударды. К.Жолдыбай сондай-ақ Клуб тарапынан елдегі демократиялық жүйені жетілдіруге қатысты берілген ұсынымдардың бір парасының билік тарапынан ескерілгеніне қанағаттанатынын айта келе, олардың және орындалысы кейінге шегерілген өзге де ұсынымдардың алдағы уақытта оң шешім табатынына сенімін білдірді. Сонымен қатар, ол ККО отырыстары барысында мемлекеттік тілге аса мән берілмей келе жатқанына және осы жылы бұл мәселені түбегейлі шешу қажеттігіне назар аударды.
М. Башимов сыртқы саясат ведомствосына және оның басшылығына өз ризашылығын білдіре отырып, алдағы атқарылатын жұмыстарына толайым табыстар тіледі. Оның пікірінше, қорытынды ұсынымдар Қазақстанның саяси дамуының басымдықтарын толықтай ескерген, сондай-ақ демократия және адам құқығы саласы бойынша халықаралық міндеттердің үдесінен шыққан және қоғамды одан әрі демократияландыру ісінде мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор араларында қатынастарды оңтайландыруға бағытталған. Ол ендігі жерде айтылған ұсынымдарды міндетті түрде іске асыру қажет деп есептейді.
«Адам өлшемдері бойынша диалог алаңы» консультативтік кеңестік органның отырысы барысында ККО жұмысының 2014 жылға жасақталған іс жоспары жан-жақты талқыланып, негізінен бекітілді. Жоспар шеңберінде қабылданған ұсынымдарды нақты жүзеге асырудың тетіктерін іске кірістіру, республиканың саяси тұрғыдан дамуының қосымша мәселелерін түбегейлі талқылау, Қазақстанның ұлттық заңдылықтарын жетілдіру мақсатында ҚР Парламентімен, министрліктермен және ведомстволармен азаматтық қоғам араларында тығыз ынтымақтастық орнату қарастырылған.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий