Тағылымы мол тартымды кездесу болып өтті
22.02.2014, 21:00
«Бас редакторлар клубы» ҚБ және «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» РМК арасында 2013 жылғы 28 маусымда қабылданған Меморандум шеңберінде атқарылып келе жатқан жұмыстар легі тағы да бір игілікті іс-шарамен толықты. 2014 жылғы 19 ақпанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің кіші залында болашақ журналистердің белгілі публицист, ақын, ғалым Дүкен Мәсімханұлымен кездесуі өтті. Кездесуге сондай-ақ Бас редакторлар клубы вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин және Клуб мүшесі, «Әділет» ұлттық апталығының бас редакторы Қуанышбек Ботабеков қатысты. Бұл пайдалы басқосу «Бас редакторлар клубы» ҚБ және «Журналистика және саясаттану факультеті» деканаты тарапынан ұйымдастырылды.
Кездесуді Бас редакторлар клубы президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды. Ол өзінің алғысөзінде Клубтың негізгі міндеттерінің бірі қоғамда шығармашылық ахуал қалыптастыру екендігіне назар аудара келе, бұл бағытта тиісті деген шаралардың қабылданып жатқанын және соның бір көрінісі ретінде 2013 жылы «Асыл сөз құдіреті» атты республикалық конкурс өткізіліп, көрнекті көсемсөзшілер мен журналистерге қолдау білдірілгенін тілге тиек етті. Бүгінгі іс-шараның да осы мақсат мүддені көздейтінін айтты.
Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ бұл кездесудің өте қызықты әрі тағылымды болатынына сенім білдіре отырып, есімі дүйім елге мәлім Дүкен Мәсімханұлын жиналғандарға егжей - тегжейлі таныстырып өтті. Оның бірнеше томға жүк боларлық өткір публицистикалық мақалалардың авторы ғана емес, сонымен қатар филология ғылымдарының докторы, профессор, қытайтанушы ғалымдығымен қоса, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері екендігін ескертті. Содан соң факультет басшысы және Бас редакторлар клубы вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин Дүкен Мәсімханұлына «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық шығармашылық бірлестігі тағайындаған «Мәдениет майталманы» төс белгісі мен куәлігін салтанатты жағдайда табыс етті.
Шығармашылық кездесу Д.Мәсімханұлы хақында түсірілген «Қазанат» деректі фильмімен жалғасты. Аталмыш фильмде кейіпкердің өмірі, отбасы, шығармашылығы мен жасаған еңбектері, ол туралы ел зиялыларының айтқан пікірлері, сондай-ақ Қытайдан ең алғашқы көшті бастап, елге оралғаннан соң да оралман мәселесімен қоян қолтық араласқан Дүкен Мәсімханұлының 2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қабылдауында болып, көші-қонға байланысты бастама көтерген тұсы әрі Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездескен сәті барынша көрініс тапқан.
Фильмнен соң сөз алған Д.Мәсімханұлы шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіре келе, өзін толғандырып жүрген ойларымен бүкпесіз бөлісті. Әсіресе Қытайдағы қандастарымыз, олардың Қазақстанға қайту мәселелері, Қазақстан тәуелсіздігін алғанын естіген сәттегі өзінің ішкі жан - дүниесі және тарихи Отанына өзінің қалай оралғаны жайлы тебірене айтқан жүрекжарды әңгімесі жиналғандар тарапынан зор ықыласпен қабылданды. Елге оралған алғашқы кезеңдердегі басынан кешкен қиыншылықтарына қарамастан, өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігінің бір сәтте суымағанын, керісінше ұзақ күткен Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында әл – қадіріне қарай әрекеттер жасағанын жеткізді. Атап айтқанда, БАҚ беттерінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасындағы кейбір түйткілді мәселелер төңірегінде, күнделікті тұрмыста кездесіп қалатын келеңсіз жағдайлар туралы, рухани дүниелер жайлы өзінің ой-пікірлерін және нақты ұсыныстарын тұрақты беріп келе жатқандығынан хабардар етті. Сонымен қатар, ақын ретінде осынау мәселелерді өлеңдерінде де көтеріп жүргенін айта отырып, олардың бірқатарын оқып берді.
Д.Мәсімханұлының осынау тартымды толғамдарынан кейін студенттер тарапынан қойылған сұрақтар да аз болған жоқ. Қытайдағы қазақ әдебиетінің хал-ахуалы, дін мен дәстүр сабақтастығы, Қазақстандағы білім жүйесі сияқты өзекті мәселелерді қамтитын көптеген сұрақтарға толық жауаптар да берілді. Жиын соңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Гүлжазира Ертасова Дүкен Мәсімханұлына тағылымды әңгімесі мен өткір өлеңдері арқылы көпке рухани қуат сыйлағаны үшін өзінің және студенттер атынан ризашылығын білдірді. Ал, журналистика мамандығының 2 курс студенті Серікбек Жұмабек қадірлі қонаққа домбырамен сүйемелдеп «Арнау жырын» тарту етті.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған бұл кездесу түптеп келгенде жас буынның Отаншылдық сезіміне нәр сепкен ерекше рухани кеш болды десек, артық айтқандық емес. Ендеше, Елбасы Н.Назарбаев дайындауды тапсырған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі шеңберінде осындай шаралардың жүзеге асып жатуы аса қажет-ақ.
- Tweet

Пікірлер (1)
Kkp7Td tfvsezehplga, [url=http://najxmstaxbmv.com/]najxmstaxbmv[/url], [link=http://sdwhxxwblhci.com/]sdwhxxwblhci[/link], http://yqvxmjddxsid.com/
Оставить комментарий