Бас редакторлар клубының 2014 жылғы 17 – 23 наурыз аралығында болған жаңалықтары
24.03.2014, 11:00
Құрметті әріптестер!
«Бас редакторлар клубы» ҚБ баршаңызды табиғаттың жаңаруы мен гүлденуін әспеттейтін нұрлы Әз Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтайды!
Наурыз Қазақстан халқының ауызбіршілік мейрамы болып табылады әрі бұл мейрам ежелден жаңашылдықтың шуақты күні және жыл басы екені белгілі. Келіп жеткен Наурыз тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшатын, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел атануды көздейтін Мәңгілік Ел идеясының қабылдануымен ерекшеленіп отыр. Ендеше, дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын!
Ұлыстың ұлы күні бақ-береке, игіліктер мен отбасына амандық әкелсін! Шығармашылық табыстар мен айтулы жеңістер тілейміз!
Құттықтаймыз!
Атырау облысы Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Т.Дәреловке.
Құрметті Таңатар Тасмұханұлы!
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі Сізді асқаралы алпыс жасқа толған мәртебелі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды!
Сіздің өмірлік бай тәжірибеңіз өскелең ұрпаққа үлкен үлгі өнеге десек, Сіз жастарды тәрбиелеу жолында аянбай қызмет етіп келе жатырсыз. Сіздің тәлімдік мектебіңізден өткен небір азаматтар қазір киелі Құрманғазы бабамыздың жерінде және республикамыздың ақпарат кеңістігінде табысты қызмет атқаруда. Сонымен қатар өзіңіз басшылық жасап отырған газетіңіз де аудан өмірінің тыныс-тіршілігін насихаттауға үлкен үлес қосып отыр.
Сізге мықты денсаулық, тың шығармашылық ізденістер мен тартымды жеңістер және отбасылық бақыт тілейміз!
Әріптесіміз Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі.
Жақында белгілі журналист, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетіндегі Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мұратбек Тоқтағазин Халықаралық ақпараттандыру Академиясының толық мүшесі - академигі болып сайланды.
Ол «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас» кітаптарының авторы, «Әйгілі Әзаға», «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері», «Бекзат болмыс» кітаптарының құрастырушысы, «Бүтін бітім» кітабы құрастырушыларының бірі. Республикалық баспасөзде 500-ден астам көсемсөздік материалдары мен ғылыми мақалалары жарық көрген.
Мұратбек Балқыбекұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Ол «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, ұлттық «Әділет» апталығының Редакторлар кеңесінің төрағасы. «Қазақстан Республикасы астанасының үздік журналисі» және республикалық «Асыл сөз құдіреті» конкурстарының лауреаты, «Қазақстанның мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет майталманы» төсбелгілерімен марапатталған, Халықаралық М. Шолохов атындағы медальдің иегері. Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық ақпараттық бірлестігінің, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық ақпараттандыру Академиясы ақпараттар табиғатын танып білу, ақпараттық технологиялар, экологиялық және ақпараттық-талдамалық қызмет, қоғамды ақпараттандыру және бірыңғай әлемдік ақпараттық бірлестік құру саласында пікірлестердің басын қосатын өзін өзі басқаратын тәуелсіз қоғамдық бірлестік болып табылады. Ол елімізге танымал БАҚ өкілдері мен әр саладағы әйгілі ғалымдардың басын қосатын іргелі ұйым.
Біз осындай беделді академияға академик болып сайланған әріптесіміз, Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазиннің қуанышына ортақтаса отырып, оған мол шығармашылық табыстар тілейміз!
Құрметті әріптестер!
Қазақстандық кәсіпкер студенттерінің екінші ұлттық конкурсын ұйымдастырушылары 2014 жылғы 27 наурызда Алматыда өтетін Дөңгелек үстелге іскер журналистерді шақырады. Бұл жөніндегі толық ақпарат осыған дейін сіздерге www.itmozq.kz. сайтында орналасқан баспасөз - баяны арқылы жіберілгенін хабарлаймыз. Сіздерден аталмыш іс-шараны өткізуге ықпал етулеріңізді және тиісінше ақпараттық қолдау көрсетулеріңізді өтінеміз.
Астана қаласында журналистерге арналған семинар өтті.
Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайының баспасөз орталығында 2014 жылғы 19 наурызда дін және мемлекеттік-конфессиялық қатынас мәселелері бойынша маманданып жүрген журналистерге арналған «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы дін саласына қатысты басымдықтарды БАҚ-та жариялау әдістері» тақырыбында семинар болып өтті. Семинарды ҚР Дін істері агенттігінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыпты жариялау бойынша Әдістемелік Кеңес ұйымдастырды. Семинар жұмысына аталмыш Әдістемелік Кеңес мүшелері, атап айтқанда, белгілі қазақстандық дінтанушы - ғалымдар, сарапшылар, діни бірлестіктер өкілдері, ҮЕҰ және журналистер қатысты. Бас редакторлар клубы атынан қоғамдық бірлестіктің президенті әрі Әдістемелік Кеңестің мүшесі Кенжеболат Жолдыбай шақырылды. Семинар жұмысын Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбеуов жүргізіп отырды.
Семинардың күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша дінтанушылар Конгресінің төрағасы Ғ.Есім, ҚР Дін істері агенттігі стратегиялық жоспарлау және сараптау департаментінің директоры С.Оспанов, Бас редакторлар клубы президенті К.Жолдыбай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті этникалық және діни толеранттылық жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғ.Шалахметов, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бас сарапшысы А.Мұхашов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Б.Өткелбаев, Астана қаласындағы Қасиетті-Успен кафедралдық соборының протоиерейі Дмитрий әкей және басқалар сөз сөйледі.
Семинарда мемлекеттік-конфессиялық қатынасында зайырлы мемлекет ұғымын қалайша түсінген жөн деген мәселеге, сондай-ақ дін саласында БАҚ-тың жұмыс істеу ерекшеліктеріне назар аударылды, отандық БАҚ тарапынан діни тақырыпты жария етуде кездесетін кемшіліктер сөз болды. Мәселен, берілетін ақпараттарда субъективті пікірлердің басымдығы айтылды. Арзанқол сенсацияға құмар кей БАҚ өкілдері тарапынан мәселенің байыбына бармай, әрі шындыққа қиянат жасай отырып айналасын шулатып жататын жағдайлар да тілге тиек болды. Сонымен қатар, БАҚ-тың діни тұрғыдағы төтенше жағдайларды жариялау кезінде халық арасында үрей туғызатын сөздерді кеңінен қолданатынына алаңдаушылық білдірілді.
Шығып сөйлегендер БАҚ журналистерін діни негіздегі лаңкестік көріністерді жария ету барысында орын алған оқиғалардың нақты себептерін тек әлеуметтік теңсіздікке қарсылық ретінде көрсетуге ұмтылмауға, қайта мұндай әрекеттердің артында біздің ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруді көздейтін белгілі бір күштердің мүдделері жатқандықтарын ашуға шақырды. Мұның сыртында өзге де ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, оқырмандарға, тыңдармандарға, көрермендерге діни мәселенің мәнін ұғындыру, діни сенім мәселесінде толеранттық ұстаным және зайырлы көзқарас қалыптастыру қажеттілігіне назар аударылды. Сонымен бірге дін секілді күрделі мәселеде журналистік және саяси әдепті қолдана отырып, кез-келген журналист қоғам алдында моральдық жауапкершілігін есте сақтауы, материалдарын дайындау барысында тексерілмеген ақпаратты пайдаланбауға міндетті екендігі туралы да ескертілді.
Өз кезегінде, журналистер кейбір мемлекеттік органдардың көтеріліп отырған мәселе төңірегінде БАҚ-пен ынтымақтасуға селқостық танытатыны, шенеуніктерден, оның ішінде ҚР Дін істері агенттігінің де қызметкерлері бар, тиісті ақпараттар алудың машақаты жәйлі қиыншылықтарды атап өтті. Олар сонымен қатар, егер өздері қызмет жасайтын БАҚ діни тақырыпқа мемлекет тарапынан кең көлемдегі ақпараттық тапсырыс алса, бұл бағытта барынша жұмыс жасауға әзір екендіктерін жеткізді. Ал, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай діни тақырыпты жариялауда бұқаралық ақпарат құралдары мейлінше қарымды әрі жүйелі негізде жұмыс жасау үшін ҚР Үкіметі жанынан БАҚ бірінші басшыларынан тұратын қоғамдық кеңесін құру қажет деп есептейді. Ол сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік әріптестік принципі бойынша жоғарғы оқу орындарында дін мәселелері тақырыбына маманданып жүрген журналистерді мақсатты түрде дайындау туралы ұсыныс білдірді және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті этникалық және діни толеранттылық жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғ.Шалахметов тарапынан бұл ұсыныс толық қолдауға ие болды.
Жалпы алғанда семинарға қатысушылар аталмыш іс-шараның барынша маңыздылығын және аса өзектілігін бір ауыздан атап өтті әрі мұндай игілікті кездесулердің алдағы уақытта өз жалғасын табатынына сенім білдірді.
- Tweet

Пікірлер (6)
Hats off to wheover wrote this up and posted it.
With all these silly weebtiss, such a great page keeps my internet hope alive.
Deep thinking - adds a new diemsnion to it all. http://ayhziq.com [url=http://ogtbudmh.com]ogtbudmh[/url] [link=http://bidsrmgx.com]bidsrmgx[/link]
I found just what I was needed, and it was entnitaierng!
I will be putting this daizzlng insight to good use in no time. http://yjjhzbsl.com [url=http://mfgmihkngk.com]mfgmihkngk[/url] [link=http://vjjihfdyjt.com]vjjihfdyjt[/link]
P1nddc lasxflzhwocx, [url=http://pucrdtymadct.com/]pucrdtymadct[/url], [link=http://zrohvtgbbzml.com/]zrohvtgbbzml[/link], http://vbwdeoqtfbyq.com/
Оставить комментарий