Бас редакторлар клубының 2014 жылғы 28 сәуір – 4 мамыр аралығында болған жаңалықтары

03.05.2014, 10:00

Құрметті әріптестер! Қымбатты достар!

Аса зор ықыласпен сіздерді көктемнің жарқын мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз! «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Ендеше тізе қоса отырып түтіні түзу ұшқан, тұрмысы бақуатты, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел орнатуға бір кісідей жұмылайық. Осындай жарқын іспен күллі әлемді таң қалдырып, ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы – Мәңгілік Ел атануды жүзеге асыруға бел шешіп кірісейік.

Сіздерге зор денсаулық, отбасының бақытын, жаңа шығармашылық жетістіктер және ұзақ ғұмыр тілейміз!

 

Мерейтоймен құттықтаймыз!

«SUCCESS K» Медиа агенттігінің бас директоры Л.Көккөзоваға.

        

Қымбатты Ләззат Ержанқызы!

Бүгінгі мерекелі де берекелі мерейтойыңызда Сізді «Бас редакторлар клубы» ҚБ Басқармасы және қоғамдық бірлестіктің барлық мүшелері Туған күніңізбен шын жүректен, ақ ниетпен құттықтай отырып, бақытты да баянды өмір сүріңіз деген ізгі тілектерін білдіреді!

Қазақстан журналистиканың нағыз майталманы ретінде Сіздің есіміңіз қазір отандық ақпараттық кеңістікте ғана емес, республикамыздан тысқары аймақтарда да жақсы таныс. Бұл Сіздің белсенді өмірлік ұстанымыңыздың және өзіңіздің таңдап алған мамандыққа деген адалдығыңыздың арқасында мүмкін болып отыр.

Сізді жоғары жауапкершілік, тұрақты іздемпаздық, өзекті мәселелердің түйінін ағытарда тың шешімдер таба білу тәрізді қасиеттер ерекшелендіреді.

Қазақстан Республикасының гүлденуі жолындағы ерен еңбегіңізге зор алғысымызды білдіре отырып, Сізге жаңа шығармашылық табыстар тілейміз. Әрқашан денсаулығыңыз мықты болып, халықтың қалаулысы бола беріңіз!         

 

Құттықтаймыз!

«Бас редакторлар клубы» ҚБ «Казахстанская правда» Республикалық газеті» АҚ басқармасының төрағасы Тараков Александр Юревьичті, «СТВ» телеарнасының бас директоры Ишмухамедова Айгүл Қадырбекқызын, «Информационные Телекоммуникационные Сети» республикалық журналының редакция кеңесінің төрағасы Сейілов Шахмаран Жүрсінбекұлын шын жүректен Туған күндерімен құттықтайды!

Сіздер басқарып отырған бұқаралық ақпарат құралдары қоғам өмірінің барлық саласында болып жатқан өзгерістерді мейлінше толыққанды және шынайы түрде өздерінің аудиторияларына ұсына отырып, еліміздің ақпарат кеңістігінің сан алуандығын қамтамасыз етуге үлкен үлес қосуда. Бүгін олар ата-бабаларымыз сан мың жылдан бергі арманы – Мәңгілік Ел жалпы қазақстандық ұлттық идеясын жүзеге асыру жолында аянбай қызмет етуде.  

Сіздерге осы жолда жаңа шығармашылық табыстар мен тың ізденістер тілейміз! Әрқашан биіктерден көріне беріңіздер!

 

Төтенше жағдайлар министрімен кездесу өтті.

2014 жылғы 30 сәуірде Астана қаласының Министрліктер үйінде «Бас редакторлар клубы» ҚБ мүшелерінің Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі В.К.Божко мырзамен кездесуі болды. Басқосу бейресми тұрғыда ашық пікір алмасу сипатында өтті. Кездесуді Бас редакторлар клубы президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды.

Журналистермен болған екі сағатқа жуық аралықта Владимир Божко елдегі техногендік алапаттардан, апаттар мен зілзаладан келетін тәуекелдерді мейлінше төмендете отырып нұқсанды азайтуды қамтамасыз етуді көздейтін ескертудің және төтенше жағдайды жоюдың түбегейлі мемлекеттік жүйесінің қызметі жайлы жан-жақты әңгімеледі. Министр сондай-ақ жедел шешімді қажет ететін мәселелерге тоқталды, таяу болашақта мекеменің атқаратын жұмыстарының басты бағыттарын айтты, техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау тұрғысында тұрғындарға аса қажет ақпараттар беруде және түсіндіруде БАҚ-тың рөлінің ерекше екендігіне назар аударды.

Қорғаушылардың кәсіби қызметін заңдылық тұрғысынан қамтамасыз етудің маңыздылығы атап көрсетілді. Осы ретте, министр ағымдағы жылғы 26 сәуірде «Азаматтық қорғау туралы» заң қабылданғанын қатысушыларға айта отырып, оның ведомство құрамындағы құрылымдар мен бөлімшелердің қарым-қатынастарының сипатын жүйелі негізде өзгертуге септігі болғанын тілге тиек етті. Владимир Божконың пікірінше бұл құқықтық актіні дайындау қажеттілігі төтенше жағдай, азаматтық қорғаныс, өндірістік және өрт қауіпсіздігі салаларында жаңа концепция қалыптастыруға, алапаттарға ұзақ мерзімге қарсы тұра білудің жаңа идеологиясын дайындауға және құруға негізделген.

Бір айта кетерлігі, аталмыш заңда төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындардың өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету мәселелерін тездетіп шешуге бағытталған нормалар белгіленіп отыр. Мәселен, техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін ҚР Үкіметінің қорынан жедел түрде қаражат бөлгізу өкілеттілігі министрлікке жүктелген. Сондай-ақ, «112» бірыңғай кезекші - диспетчерлік қызметінің статусы, құқықтары және міндеттері заң деңгейінде анықталды.

Бизнеске әкімшілік қысымды азайту мақсатында қауіпті өндірістік нысандар үшін өндірістік қауіпсіздіктің жоба алды құжаттарына сараптама жүргізуді көздейтін нормалардың аталмыш заңнан алынып тасталғанын да министр ескерте кетті. Сонымен қатар, тұрғындарды құлақтандыру мәселесі бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың құқықтары және міндеттері бір ретке келтірілді.

«SUCCESS K» Медиа агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова, «Еуразия» Бірінші арна» телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары Мұхтар Ерман, «Новое поколение» республикалық газеті бас редакторының орынбасары Юлиана Жихорь, «На страже» республикалық газетінің бас редакторы Әнуар Орман, «Казахстанская правда» жалпыұлттық газетінің «Ақпарат және хат» бөлімінің редакторы Юлия Полонская қатысқан пікірлер алмасу барысында кадрлермен қамтамасыз ету, су басып кету жағдайлары, қазақстандық мазмұнды ескере отырып Төтенше жағдай қызметін қажетті техникалармен жабдықтау, шетелдердің сақтандыру тәжірибелерін үйрену, жер сілкінісінің зардаптарынан қорғануды және табиғи апаттың алдын алуды  көздейтін шаралар, Қашағанның айналасындағы жағдайлар және басқа да көптеген мәселелер талқыға түсті.

Кездесуді аяқтай келе Кенжеболат Жолдыбай бүгінгі әңгіменің Бас редакторлар клубының kgr.kz сайтында министр Владимир Божкомен ұйымдастырылған Интернет – конференцияда жалғасатынын жеткізді және азаматтарды осы интерактивті байланысқа шығуға шақырды.     

 

Астанада ұмыт болған ұлттық тағамдар таныстырылды.

Ағымдағы жылғы 29 сәуірде Елордадағы «Жұмбақтас» мейрамханада ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық - демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Отбасым» Ұлттық құндылықтар орталығы «Ұмыт болған ұлттық тағамдарды жаңғырту» атты  акция ұйымдастырды. Іс-шараға ҚР Парламенті депутаттары, іскер адамдар, ғылыми-шығармашылық қауым өкілдері, БАҚ басшылары, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық - демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері шақырылды. Жобаны өткізуге Бас редакторлар клубы, «Деловой Мир Астана» баспасы, «Жұмбақтас» мейрамханасы және «Рухани даму» қоғамдық қоры қатысты.

Бас редакторлар клубының вице-президенті Шолпан Сыздықованың басшылығымен  «Отбасым» Ұлттық құндылықтар орталығының қоғамның ұясы болып табылатын қазақстандық отбасында дәстүрлі құндылықтарды сақтау бағытында игілікті істерді атқаруда. Өткізілген бұл жобаның да негізгі мақсаты ұмыт болған ұлттық тағамдарды жаңғырту, олардың қазіргі заманға лайықталып дайындалу тәсілімен, дұрыс тамақтану мәдениетімен көпшілікті таныстыру, сондай-ақ осы тағамдарды отбасының және мейрамханалардағы дастархан мәзіріне енгізу болғандығын атап өткен жөн.

Кеш қонақтарына быламық, жаужүрек, үлпершек, көмеш, әсіп, жөргем, сүбе тәрізді жеті тағам түрлері ұсынылды. Қатысушыларға бұл тағамдардың тарихы мен олардың дайындалу құпиялары түсіндіріліп, ұсынылған дәмнен ауыз тиюлеріне мүмкіндік берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуларына қарағанда, ұлттық тағамдардың тарихымен етене танысу үшін олар Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында болып, ата-бабаларымыз мықты денсаулығымыздың кепілі болатын тағамдарды бізге ұлы мұра ретінде тастап кеткеніне көздерін жеткізіп қайтыпты. Мәселен, быламық сәбилерін емізетін жас аналарымызға арналып дайындалған. Бұл тағам бала ағзамына аса қажет кальцийдің мол болуын қамтамасыз етеді. Ал, жаужүрек тағамын ат үстінде жүріп, дала табиғатына бейімделген қойшылар, аңшылар марқа қозыны не киікті, таутекені сойып жіберіп дайындаған. Үй жағдайында қонақ келіп, қой сойылып жатқанда негізгі тамақтың алдында ұсынуға болатын тағам. Жөргем – мал өнімін ысырап жасамауды көздейді. Екінші жағынан ішек-қарынның адам ағзасына аса пайдалы екендігі ескерілген. Жалпы бұл тағамдардың қай-қайсысы болмасын адам ағзасының дамуына әсер етіп, түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады.

Бір айта кетерлігі, қай облыста болмасын ұмыт болған ұлттық тағамдар дайындаудың тәсілдерін әжелермен қатар жас бойжеткендер де меңгергенін көрсетіпті. Олардың бірқатары осы іс-шараға арнайы келіп, өздерінің ойлары мен пікірлерін ортаға салды және «Отбасым» Ұлттық құндылықтар орталығы тарапынан арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Ұмыт болған ұлттық тағамдармен таныстыру рәсімнің соңында белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ЮНЕСКО кафедрасының профессоры Әділ Ахметов сөз сөйлеп, аталмыш іс-шараның еліміздің болашағын баянды етуге үлкен үлес қосатынын атап өтті және жиналғандардың атынан ұйымдастырушыларға зор алғысын білдіре отырып, «Отбасым» Орталығының алаңында әлі талай игі істерге куә болатынына толық сенетінін жеткізді.  

 

Дөңгелек үстелде бүгінгі күннің өзекті мәселесі талқыланды.

2014 жылдың 29 сәуірінде Астана қаласының Ұлттық Академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат агенттігінің қолдауымен Еуропа құқығы және адам құқықтары институты «БАҚ қоғамда орын алған құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру құралы ретінде» тақырыбында Дөңгелек үстел өткізді. Оның жұмысына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Дөңгелек үстелдің жұмысына заң ғылымдарының докторы, профессор, Бас редакторлар клубының мүшесі Марат Башимов жетекшілік жасап отырды.

Дөңгелек үстел барысында республикалық «Хабар» телеарнасының «Көзқарас» бағдарламасының жүргізушісі, продюсер Ирак Еликеев, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысының тең төрағасы, Бас редакторлар клубының мүшесі Сәдібек Түгел, Қазақстан Азаматтық альянсы төрағасы Нұрлан Ерімбетов, заң ғылымдарының докторы, сарапшы Абай Скаков, Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай сөз сөйлеп, ойларымен бөлісті.

Сөйленген сөздердің өн бойында кез келген тұлғалардың тарапынан «нөлдік төзімділік» қағидасы ұсталуы тиіс деген ой жатты. Себебі, бетімен кетушілік пен тәртіпсіздік түптің түбінде анағұрлым қауіпті қылмыстарға әкеліп соғады. Сондықтан, ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеушілік – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың, әрі қылмыспен күресудің маңызды қадамы болып танылады.

Жалпы алғанда, дамыған қоғамға барлық тұрғыдағы тәртіп, жайлы кіреберістер, ұқыпты аулалар, таза көшелер, адамдардың жарқын келбеттері тән екендігін ұмытпағанымыз жөн. Осы ретте, сөз сөйлеушілер бірауыздан бұзақылыққа, мәдениетсіздікке ешбір төзбеуге тиіспіз, себебі олар қоғамдық тыныштықты бұзады және өмір сүру сапасын төмендетеді деген тұжырым жасады. Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдары ақпараттық дәнекер ретінде қоғамда құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділікті» қалыптастыратын бірден бір құралдың рөлін атқаруы қажеттігіне назар аударылды. Сондай-ақ, қоғамды жайлап отырған жемқорлықтан құтылмай, қоғамның өркениетті дамудың орнына кері кететіне алаңдаушылық білдіріле отырып, бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдары көп жұмыс жасау керек, сөйтіп төзімсіздік ахуалын орнықтыру қажет деген пікірлер де айтылды.  

Кенжеболат Жолдыбай қандайда бір болмасын қоғамдағы келеңсіз жағдайларға немқұрайлы қарамауға шақырды және осыған байланыс белгілі ағылшын саясаткері Пальмерстонның мына бір сөздерін келтірді: «Қасыңнан қорықпа, көп болса өлтіріп кетер. Досыңнан қорықпа, көп болса сатып кетер. Қорықсаң, немқұрайлы адамдардан қорық. Олардың үнсіз келісімімен жер бетінде кісі өлтірушілік те, сатқындық да орын алып келеді». Ол отбасында, білім беру орындарында және міндетті түрде БАҚ-та тәрбие мәселесіне де жіті көңіл бөліну керектігіне тоқталды. К.Жолдыбай БАҚ тек жалаң ақпарат берумен ғана шектелмей, танымдық – ағартушылық міндетін де толық атқару керек деп есептейді. Сондықтан, мүдделі тараптар бұқаралық ақпарат көздерімен тығыз байланыстар орнатып, нақты жұмыстарды жүргізулері тиіс.

Дөңгелек үстел өз жұмысын қоғамдағы құқықбұзушылыққа БАҚ-ты белсенді қатыстыра отырып «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруда ортақ іс-шараларды ұйымдастыру жолдарын белгілейтін ұсынымдар қабылдаумен аяқтады.                  

 

  • Tweet

Пікірлер (4)

  • It's about time soemone wrote about this.

  • I was really confused, and this answered all my quietsons.

  • It's about time sonomee wrote about this. http://mphbeppr.com [url=http://tbppywznfbi.com]tbppywznfbi[/url] [link=http://youxyt.com]youxyt[/link]

  • That's a skillful answer to a dilffcuit question