Бас редакторлар клубының 2014 жылғы 5 - 11 мамыр аралығында болған жаңалықтары
11.05.2014, 11:00
Құрметті әріптестер! Қымбатты достар!
«Бас редакторлар клубы» ҚБ сіздерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтайды!
Сіздердің басшылығыңыздағы БАҚ Отанымыз бен халқымыздың одан әрі гүлденуі жолында жас жеткіншектерді тәрбиелеуде, қоғамның рухани қазығын мықтап бекітуде шешуші рөл атқарып келеді. Алдағы уақытта да қазақстандық патриотизмді дамытуға белсене араласатындарыңызға ешбір шек келтірмейміз.
Сіздерге мықты денсаулық, бақыт, бейбіт өмір, мол жақсылық, Отанға қызмет етуде жаңа жетістіктер тілейміз!
Жеңіс күнімен құттықтаймыз!
Қадірлі достар!
Ұлы Отан соғысының 69 жылдығы мерекесіне байланысты біздің шын жүректен құттықтауымызды қабыл алыңыздар.
Бұл жойқын соғысқа Қазақстан алып мемлекеттің бір бөлшегі ретінде қатысып, фашизмді күйрете жеңуге өзінің зор үлесін қосты. Қазақстандықтар барлық маңызды шайқастарға қатысып, үлкен ерліктің үлгісін көрсете білді. Олардың қатарында біздің әріптестеріміз – журналистер аз болған жоқ.
Осылайша біздің аяулы перзенттеріміз 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысында жанқиярлық ерлік жасап, бабалар аманатына берік екендігін паш етті. Жас тәуелсіз мемлекетіміздің Қарулы күштері бүгін де бейбіт өмірімізді көздерінің қарашығындай сақтап, ата-бабаларымыздың ғасырлап күткен арманы, Елбасы белгілеп берген ұлтымыздың басты идеологиясы – Мәңгілік Елді баянды ету жолында аянбай тер төгуде.
Жеңіс күнімен, достар! Бүкіл әлемде бейбітшілік туы берік болсын!
Құттықтаймыз!
Шығыс Қазақстан облысына қарасты «Мой город» Өскемен қалалық газетінің бас редакторы Стракатова Ирина Александровнаны, «EXPO 2017 - Astana» республикалық журналының бас редакторы Әуесбай Қуатты, «Комсомольская правда» ЖШС бас директоры Краснер Александр Владимировичті, «Мысль» республикалық журналының бас редакторы Құттықадам Сейдахмет Рысқожаұлын шын жүректен Туған күндерімен құттықтаймыз!
Сіздердің бұқаралық ақпарат құралдарыңыз адамдардың тұрмысының сан саласын қамтитын қызықты материалдарымен ерекше көзге түсіп келеді. Сондай-ақ, халықты, оның мәдениетін бір-бірлерімен кеңірек табыстыруға, тілдерді байыта отырып түсіністік орнықтыруға бағытталған материалдар да жеткілікті берілуде. Еуропа аумағында орын алып отырған оқиғалардың тасасынан қарағанда бұл тақырыптардың қазір маңызы зор екенін атап өткен жөн.
Сіздерге мықты денсаулық, мол бақыт, барлық істеріңізге сәттілік, тың шығармашылық табыстар тілейміз!
«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасы отырысының
№ 12 ХАТТАМАСЫ
Астана қаласы 6 мамыр 2014 жыл
Өткізілген жері: ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы.
Қатысқандар:
1) К.Жолдыбай, Бас редакторлар клубының президенті
2) Б. Жексенбай, Бас редакторлар клубының вице-президенті
3) В. Салахов, Бас редакторлар клубының вице-президенті
4) М. Тоқтағазин, Бас редакторлар клубының вице-президенті
5) Т. Чернега, «Бас редакторлар клубы» ҚБ тексеру комиссиясының төрағасы
6) М. Күнбаев, «Бас редакторлар клубы» ҚБ құрылтайшысы, Клуб мүшесі
7) Ә. Есілбаева, Бас редакторлар клубының атқарушы директоры
Қатыспағандар:
Ш. Сыздықова, Бас редакторлар клубының вице-президенті – еңбек демалысында.
Қ. Жанаханов, Бас редакторлар клубының вице-президенті – еңбек демалысында.
Шақырылғандар:
А. Жетпісбаева – «Қазақстандық PR-шы» Клубының мүшесі.
Күн тәртібі:
1. Клубтың Есеп беру – сайлау конференциясына дайындығы жайлы
2. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің 2014 жылдың төрт айындағы қаржы-шаруашылық жұмысының қорытындысы туралы
3. Түрлі мәселелер
Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша Кенжеболат Жолдыбай есеп берді. Ол «Бас редакторлар клубы» ҚБ Есеп беру – сайлау конференциясын өткізуге дайындық негізінен аяқталғанын, тек Клуб мүшелеріне таратылып берілетін материалдардың толықтай түзілуі қажеттілігін жеткізді. Осы ретте, бұл материалдардың есепті кезеңде Клуб тарапынан атқарылған шаралар жайлы мәліметтер беретін слайдтар мен жинақты, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президентінің сөзінің тезистерін қамтитыны ескертілді. Сонымен қатар, ҚР Президент Әкімшілігіне және ҚР Байланыс және ақпарат агенттігіне 2014 жылдың 15 мамырына белгіленген Есеп беру – сайлау конференциясына өз өкілдерін жіберулерін өтінген хаттың жазылғаны туралы айтылды.
«Бас редакторлар клубы» ҚБ құрылтайшысы Мірболат Күнбаев өз сөзінде соңғы екі жылдың бедерінде Клубтың мәртебесі мейлінше өскеніне көңіл аударды. Әсіресе, тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет Қазақстан журналисінің этикалық кодексі қабылдануына Клубтың үлесі мол болғанына ерекше назар аударды. Сол себепті, Клубтың Басқарма мүшелеріне, оның президенті К.Жолдыбайға өзінің ризашылығын білдірді. Есеп беру – сайлау конференциясында Кенжеболат Жолдыбайды «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағына ұсыну қажет деген пікірін ортаға салды. Бұл ұсыныс Басқарма мүшелерінің толықтай қолдауына ие болды.
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің 2014 жылғы алғашқы төрт айындағы қаржы-шаруашылық жұмысының қорытындысы жәйлі «Бас редакторлар клубы» ҚБ тексеру комиссиясының төрағасы Тарас Чернега хабарлама жасады. Ол есеп-қисап жұмыстарының қойылатын талаптарға сай жүргізілгенін және ешқандай бұзушылықтардың орын алмағанын атап өтті. Бұдан бұрын 2013 жылғы қаржы-шаруашылық жұмысы бекітілгенін ескере келе, ол Есеп беру – сайлау конференциясына Клуб Басқармасының есептік кезеңде атқарған бірыңғай қаржылық есебін ұсынған жөн деп тапты.
Отырыс соңында «Бас редакторлар клубы» ҚБ Семейдегі филиалының Астанада өңірлік телестудиялар өкілдерінің, Парламент депутаттары және Қазақтелеком басшылығының қатысуымен аймақтардағы электронды БАҚ-тың дамуы мәселелерін талқылау мақсатында Дөңгелек үстел өткізу туралы өтініші тағы да сөз болды. Пікір алмасу нәтижесінде бұл іс-шараны өткізу Басқарманың жаңадан сайланатын құрамына тапсырылды.
«Қазақстандық PR-шы» Клубының мүшесі А. Жетпісбаева өз сөзінде журналистер қауымдастығы мен PR-менеджерлер арасында тиімді байланыс әрі тығыз қарым-қатынас орнату үшін ынтымақтасу қажет деген ұсынысын білдірді. Бұл ұсынысты Басқарма мүшелері толық қолдады.
ШЕШІМ:
1. Атқарушы директор Ә.Есілбаеваға «Бас редакторлар клубы» ҚБ Есеп беру – сайлау конференциясын белгіленген уақытта өткізуге қажетті іс-шараларды атқару жүктелсін.
2. Есеп беру – сайлау конференциясына Бас редакторлар клубының 2013 жылғы 19 сәуір мен 2014 жылғы 30 сәуір аралығында атқарған қаржы-шаруашылық қызметінің есебі бекітуге берілсін.
3. Клубтың Басқармасының жаңа құрамына аймақтардағы электронды БАҚ-тың дамуы мәселелерін талқылау мақсатында Дөңгелек үстел өткізуге қатысты қажетті шараларды қарастыруға ұсыныс жасалсын. Сонымен қатар, «Қазақстандық PR-шы» Клубымен тығыз қарым-қатынас орнатудың тиімді жолдары қарастырылсын.
Модератор К. Жолдыбай
Хатшы Ә. Есілбаева
Құрметті әріптестер!
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2014 жылғы 15 мамырда Астана қаласының Ұлттық академиялық кітапханасында Бас редакторлар клубының жылдық Есеп беру-сайлау конференциясы өтеді. Сіздерді оған бір кісідей қатысуға шақыра отырып, назарларыңызға Клуб президенті К.Жолдыбайдың есепті баяндамасын ұсынып отырмыз. Онымен танысып, тиісті ұсыныс-пікірлеріңізді бізге жіберуге болатынын ескертеміз.
2014 жылғы 15 мамырда өтетін Есеп беру-сайлау конференциясында «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбайдың сөйлейтін сөзі.
Құрметті әріптестер!
2013 жылғы 19 сәуір және 2014 жылғы 15 мамыр аралығында «Бас редакторлар клубы» ҚБ өзінің жарғылық міндеттеріне сәйкес қоғамда қалыптылық пен ұлтаралық келісімді сақтау, елде шығармашылық ахуалды нығайту, БАҚ арасында нарықтық қатынастарды дамыта отырып салиқалы бәсекелестікті орнықтыру бағытында бірқатар жұмыстарды атқарды.
Есепті кезеңде, бірінші кезекте, Клуб сапалық жағынан шиырланды, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында Бірлестіктің бөлімшелері ашылып, филиалдардың саны сегізге дейін жетті. Ашықтық пен мөлдірлік сипат беру мақсатында kgr.kz сайты түбегейлі қайта жаңартылып, кең көлемді ашық ақпарат алаңына айналды.
Ай сайын Клуб Басқармасы отырысын өткізіп тұру дағдылы сипатқа ие болды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер клубымен, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жастар шығармашылық клубымен, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысымен ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды. Нәтижесінде, көптеген игі істерге жол ашылды. Әдеттегідей, министрлермен, Ұлттық компаниялардың басшыларымен, дипломатиялық корпустың өкілдерімен, алыс және жақын шетелдердегі әріптестермен және студенттермен кездесулер өткізіп отыру өз жалғасын тапты.
Есепті кезеңде ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божкомен, Сенатор, «Ғалымдардың Еуразия экономикалық клубы» Ассоциациясы Үйлестіру кеңесінің тең төрағасы С.Нөгербековпен, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы Наталия Заруднамен, Бас Мүфти Еркін қажы Малғажыұлымен, Қазақстан Республикасындағы Әзірбайжан елшілігінің қызметкерлерімен кездесулер өтті.
Сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінің директоры Е.Бабақұмаровпен, «Дағдарыстан кейінгі әлем» Қорының атқарушы директоры Е.Шиповамен, ресейлік сарапшы, профессор А.Масловпен кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, БАҚ журналистерінің ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және әлеуметтік-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіхалықова және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсеновалармен кездесулері болып өтті. Мұның сыртында, kgr.kz сайтында ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, «Астана ЭКСПО 2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасы төрағасы Т.Ермегияев, ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божко интернет – конференциялар өткізді.
Өзара мүдделі пікір алмасулар барысында адам құқы, шығармашылық еркіндік мәселелерінің заң тұрғысынан қамтамасыз етілу жәйі көтерілді, әлеуметтік-экономикалық мәселелер қаралды, еліміздің мәдени-рухани саласын дамытудың қарымды жолдары белгіленді.
Сонымен бірге, журналистика саласы қызметін ширатуға қатысты іс-шаралар қолға алынды. Осы мақсатта ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, әдістемелік семинарлар, тренингтер, шеберлік сыныптар, өзге де диалог алаңдары ұйымдастырылды. Мәселен, Астанада журналистерге арналған «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференция өтті. Мұнда сондай-ақ республикалық БАҚ журналистері үшін «Зейнетақы жүйесін жаңартудың гендерлік аспектілері» атты семинар-кеңес өткізілді. Бұл семинар, негізінен алғанда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» ҚР Заңының түйінді мәселелерін түсіндіру бағытында қарастырылған іс-шаралар легінің алғашқысы болғанын атап өткен жөн. Алматы қаласында журналистиканың өзекті мәселелері бойынша республикалық семинар-тренинг ұйымдастырылып, онда ҚР журналисінің этикалық кодексін қолдану дәрежесі сарапталды, мүдделі орындармен бірлесе отырып журналистиканың күрмеулі тұстарын шешудің нақты жолдары белгіленді.
Астанада «Дәстүрлі емес діни ағымдар: пайда болуы, ілімі, қауіптері» оқу-әдістеме семинары, Шымкентте жас журналистер үшін арнайы шеберлік сыныбы болып өтті.
«Бас редакторлар клубы» ҚБ жанындағы Жас журналистер мектебінің жұмыс жоспарына сәйкес астаналық «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттері редакциясында бұл басылымдардың жас журналистеріне «Казахстанская правда» Республикалық газеті» АҚ басқармасының төрағасы А.Тараков дәріс оқыса, Клубтың вице-президенті В.Салахов Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің болашақ журналистеріне арнап шеберлік сыныбын өткізді. Шығыс Қазақстан облысына барған сапарында Клубтың вице-президенті М.Тоқтағазин Жарма аудандық «Қалба тынысы» газетінің, «Байуақов ТВ-6» телеарнасының, Семей қалалық «Ертіс өңірі» және «Спектр» газеттерінің журналистеріне шеберлік сыныбын өткізді. Клуб сонымен қатар телевизия және радиоға салалық мамандар мен журналистер дайындаумен айналысып жүрген Гүлназ Әлімгерейдің Мектеп-студиясына тиісті көмектер көрсетіп келеді.
ҚР БАҚ «MEDIA EXPO 2013» ІІ республикалық көрмесі шеңберінде де журналистика майталмандарының шеберлік сыныптары және ашық диалог алаңдары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, кең көлемді аудиторияға «7 арна» телеарнасының директорлар кеңесінің төрайымы Б.Жексенбай «Журналистік шеберліктің негіздері», «Мінбер» журналистика орталығының медиа жаттықтырушысы Е.Кәпқызы «Жаңа БАҚ – баспасөз басылымының болашағы», «Ел Арна» телеарнасының директоры А.Мүкей «Қазақстандық телевизия: жаңа жағдайда жұмыс істеу тәсілдері» тақырыптарында шеберлік сыныптарын ұсынды. Ал, «Қазмедиа орталығының» бас директоры Қ.Сахарияновтың «Медиа-менеджменттің қазіргі заманғы даму сипаты» атты шеберлік сыныбы және «Азаматтық альянс» ЗТБ вице-президенті, экономика ғылымдарының докторы С.Рахымбекованың «Жасыл экономика мәселелерін насихаттау бойынша БАҚ-пен қарым-қатынас орнатудың кейбір аспектілері» атты семинары ашық диалог жағдайында өтті.
Бұлардың сыртында, қараша айында Елордада «БАҚ және мемлекеттік органдармен қарым-қатынасты жақсарту» тақырыбында семинар болып өтті. Семинарда билік пен БАҚ арасында өзара сенімділік ахуалын орнықтыру, мемлекеттік баспасөз қызметкерлерінің жұмыстарын жандандыру жан-жақты сөз болды. Ал, желтоқсан айында Семей қаласында «Кеден одағы елдерімен ақпарат алмасудың өзекті мәселелері» атты республикалық «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.
Клубтың өкілдері ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адам өлшемдері бойынша диалог алаңы» консультативті кеңестің және Телерадио жиіліктерін тарату бойынша Үкіметтік комиссияның мүшелері ретінде осы құрылымдардың жұмысы барысында БАҚ еркіндігі, елімізде демократиялық құндылықтарды дамыту және құқықтық азаматтық қоғамды орнықтыру мәселелерін тұрақты көтеруде әрі масс-медианың қалыпты жұмыс істеуіне игі әсер ететін шешімдер қабылдауға қатысты нақты ұсыныстарын беруде. Аймақтық БАҚ-тың өзекті мәселелері Клуб Басқармасы мүшелерінің Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары, Алматы, Жезқазған және Семей қалаларының журналистерімен кездесулері барысында да әңгіме өзегіне айналды.
«Бас редакторлар клубы» ҚБ тарапынан Клубтың вице-президенті Ш.Сыздықова басшылық жасайтын «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығына тұрақты демеушілік жасалынып келеді. Сонымен бірге, Клуб Қ.Әуесбайдың «Халық сөзі» жинағының, А.Тараковтың «Есть в жизни магистральный путь» және М.Тоқтағазинның «Ақмола үшін айқас» атты кітаптарының тұсаукесерін өткізуге мұрындық болды.
Жалпы алғанда Бас редакторлар клубы тарапынан есепті кезеңде 80-нен астам іс-шаралар өтіп, Клубтың жұмысы туралы республикалық және аймақтық БАҚ-та, сондай-ақ интернет-ресурстарда 350-дей түрлі жанрдағы материалдар жарық көріп, 50-ден астам телесюжеттер берілді. Сонымен бірге әр апта сайын барлық министрліктер, агенттіктер мен ұлттық компаниялар баспасөз қызметінің өкілдеріне, қоғамдық бірлестіктің республикадағы және аймақтардағы мүшелеріне, сондай-ақ мүдделі орындарға атқарылған жұмыстар жәйлі «Клуб жаңалықтары» жіберіліп отырды.
Бір сөзбен айтқанда Клуб қоғамда лайықты орынға ие екендігін көрсете отырып, өзінің сарқылмас мүмкіндігі барлығын аша білді. Сол себепті бұл қоғамдық бірлестік өзінің жұмысын лайықты жалғастыра беруі керек.
- Tweet

Пікірлер (0)
Оставить комментарий