Есілдің толқынымен есте қалар кездесу.
31.08.2026, 18:18
Бас редакторлар клубы мүшесі, «Астана» журналының директоры-бас редакторы Мақсат Тәж-Мұраттың тікелей бастамасымен өмірге келген тың ізденістегі тұлғаларды бір қоғамдастыққа біріктіретін «А-клуб» мүшелерінің үстіміздегі жылғы 29-шы тамызда кезекті кездесуі болып өтті. Есілдің үстінде кемемен серуендеумен ерекшеленген кездесуге Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай да қатысып, «А-клуб» шығармашылық жобасының мүшелігіне өтті әрі соны растайтын арнайы сертификатқа ие болды. Мұндай шешімге келу әсте кездейсоқ емес. Екі қоғамдық бірлестіктің де көздегендері елімізде шығармашылық ахуалды қалыптастыру, қоғамда қалыптылықты сақтау, ұлтаралық келісімді нығайту. Сондықтан да болар, К.Жолдыбайға бұл кездесудің модераторы міндеті жүктеліп, осынау шығармашылық қауымның ұйытқысы болу тапсырылды.
Өз кезегінде, «А-клуб» мүшелері де белсенділік таныта отырып, бар білген-түйгендерін ортаға салды. Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Жанна Шаймуханбетова кітап әлемінен сыр шертсе, «Turkish Airlines» компаниясының бас менеджері Селим Касар, «Lunev waters» компания тобының бас директоры Илья Лунев, «Beeline» компаниясы Астана филиалының директоры Батырбек Мусин, «Император тігіншісі» ательесі басқарушысы Гарри Тевани адам капиталы маңыздылығына тоқтала келе, олардың мүмкіндіктерін толық ашуда руханят дүниелерінің өндіріспен қатар өрбуі қажеттігіне аса көңіл бөлді. Дәстүрлі әннің дүлділі Қарлығаш Аббасова жиналғандардың көңіл-күйлерін өзінің баурап алар тамаша әндерімен хош қылды. Сонымен қатар, түрлі ойын-сауық викториналары ұйымдастырылып, жеңімпаздар сый-құрметтерге бөленді.
Үлгі-өнеге аларлық дүниелерге толы болған бұл басқосудың «А-клуб» тарапынан төртінші рет ұйымдастырылып отырғанын айтқан жөн. Бұған дейін «А-клуб» шығармашылық жобаның тұсаукесері, «Нет вдохновению предела» атты поэзия кеші өтсе, Халықаралық балалар құқығын қорғау күні «А-клубтықтар» Астана қаласындағы «Мамандандырылған балалар үйінде» болып бүлдіршіндерді құттықтап қайтты.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий