АҚШ елшілігіндегі қабылдау.
19.09.2026, 11:19
2026 жылғы 18-ші қыркүйекте АҚШ елшілігінде баспасөз, мәдениет, білім жөніндегі жаңа кеңесші Кэтрин Джарвис пен американдық рок-музыка орындаушы Аиша Фукушиманың құрметтеріне арналған қабылдау болып өтті. Оған еліміздің парламент депутаттары, мәдениет және білім мекемелері қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Бас редакторлар клубы атынан бұл шараға Кенжеболат Жолдыбай шақырылды.
Қазақстандағы АҚШ елшісі Кеннет Фейрфекс жиналғандарға бұл кісілерді таныстыра отырып өз елінің Қазақстанды стратегиялық әріптесі ретінде санайтынын, сондықтан достық қарым-қатынасты ұлғайта түсуге ерекше мүдделі екендігін ерекше атап өтті. Елшінің ойынша бұл тұрғыда мәдениет, білім, БАҚ салаларында өзара тиімді қарым-қатынастың атқарар міндеті зор, сол себепті елшілікке жаңадан келіп жатқан қызметкерлердің қосар үлестері айтарлықтай болуы қажет. Өз кезегінде, Кэтрин Джарвис осы бағытта өзінің қазақстандық әріптестерімен тиімді жұмыс жасауға бар күшін салатынына сендірсе, әнші Аиша Фукушима өз репертуарындағы әндердің біршамасын өте биік мәнерде орындап, қатысушылардың мол ықыласына бөленді. Сондай-ақ, 19-шы қыркүйекте Фукушиманың қазақстандық рок әншілерін қатыстыра отырып «Мега-Астана» ойын-сауық орталығында тегін концерт беретіні белгілі болды.
Қабылдау кезінде Клуб жетекшісі К.Жолдыбай елшіліктің жауапты қызметкерлерімен ұлттық ерекшеліктерімізге сай демократияны одан әрі дамыту мәселесі бойынша тығыз қарым-қатынас орнату қажеттілігі жөнінде кездесулер өткізді. Тараптар бұл бағытта жұмыс жасауға дайын екендіктерін мәлімдей келе, соған орай алдағы уақытта бірқатар бірлескен іс-шаралар өткізуге келісті. Атап айтқанда, 28-ші қыркүйекте АҚШ елшілігі «Қазіргі заманға медиа – дәстүрлі БАҚ» бағдарламасы шеңберінде журналистер мен блоггерлерге арналған семинар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Аталмыш бағдарламаның спикері – АҚШ Кент мемелекеттік университетіне қарасты журналистер және коммуникация Мектебінің оқытушысы/кеңесшісі Карл Идсвог. Клуб тарапынан бұл семинарға қатысу туралы ниет білдірілді.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий