Халық айтса – қалт айтпайды!

19.09.2026, 11:22

Осы бір сөздің ұлағатты мәнін «Халық сөзі» республикалық қоғамдық-саяси басылым ұжымымен тереңірек танысу барысында ерекше сезіндік. Бас редакторлар клубының «БАҚ тұсаукесері» жаңа жобасы шеңберінде 2026 жылғы 18-ші қыркүйекте өткен бұл кездесуде басылымның бас редакторы Қуат Әуесбай газеттің жұмысы жәйлі жан-жақты әңгімелеп берді.

«Халық сөзі» 2010 жылдың 20-шы шілдесінен бері жарық көре бастап, алдарына басылымның атына сай нағыз халықтық газетке айналу жолында тер төгуде. Газет аптасына екі рет шығып, 48210 дана апталық таралыммен республиканың барлық аумағына таралып келеді. Мұның сыртында, саяси орта халықтың мұң-мұқтажынан хабардар болып отырсын деген ниетпен бұл басылым Президент Әкімшілігі мен Парламент ғимаратында, Үкімет үйінде, министрліктерде тегін таратылып отыр. Осылайша, газеттің күн сайын беделі оқырмандар арасында артуда және мұны кездейсоқ дей алмайсың.

Газет еркін көзқарастағы, шынайлылық пен нақтылықты, жеделдікті өзінің негізгі бағыты ретінде ұстанады. Басылым жарық көрген күннен бастап бүгінгі қоғамда болып жатқан барлық өзгерістер мен жаңалықтарға атсалысуда. Газет әрбір мәселені көтергенде барынша жаңа қырынан, өзгеше стилмен беруге талпынады. Сонысымен дүйім оқырманның көңілінен шыға отырып, олардың іздеп жүріп оқитын басылымына айналып отыр. Газеттің электрондық нұсқасын мына адрес бойынша табуға болады: halyksozi.kz. Бір ерекшелігі газет ұжымының орташа жасы 20 – 30 аралығында, мұнда өзіндік қолтаңбалары бар журналистер қызмет жасайды. 

Газет өзінің күнделікті жұмысы сыртында қоғам талабына сай істермен де айналысуда. Атап айтқанда, «Халық сөзі – халық әндері» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ, халықтық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттау мақсатында «Халық айтқыштары» байқауы өткізілді. Депутаттардың, бас редакторлар мен Журналистер одағы өкілдерінің қатысуымен «Халық сөзін айтсақ» атты конференция, Баспасөз қызметкерлеріне арналған «БАҚ және баспасөз қызметінің өзара қарым-қатынасы» тақырыбында дөңгелек үстел де осы газеттің арқасында мүмкін болғанын ерекше атап өткен жөн.   

  • Tweet

Пікірлер (0)