«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасының кеңейтілген отырысының ХАТТАМАСЫ
28.12.2026, 17:32
«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасының кеңейтілген отырысының
ХАТТАМАСЫ
Астана қаласы 27 желтоқсан 2026 жыл
Өткізілген жері: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университет.
Қатысқандар:
1) К.М.Жолдыбай, Бас редакторлар клубының президенті
2) Сыздықова Ш.В., Бас редакторлар клубының вице- президенті
3) Б.Н.Жексенбай, Бас редакторлар клубының вице- президенті
4) О.Г. Крюкова, Бас редакторлар клубының тексеру комиссиясының төрайымы
5) М.Б.Тоқтағазин, Бас редакторлар клубының мүшесі
6) А.С. Нұрмағамбетов, Бас редакторлар клубының үйлестірушісі
Шақырылғандар:
Т.А.Чернега, «Украінські новини» газетінің бас редакторы
Ә.Жақып, «Балалар шығармашылығы» журналының бас редакторы
Қатыспағандар:
Б.Т.Ережепов, Бас редакторлар клубының вице- президенті
Отырыстың модераторы К.Жолдыбай, хатшысы - А.Нұрмағамбетов.
Күн тәртібі:
1. «Балалар шығармашылығы» журналы мен «Украінські новини» газетінің таныстырылымы.
2. Бас редакторлар клубының ағымдағы жұмысы туралы.
3. «Асыл сөз құдіреті» шығармашылық конкурсының қорытындысы жәйлі.
Басқарма отырысы ағымдағы жылғы 25 желтоқсанда АН-72 әскери жүк ұшағы апатқа ұшырауына байланысты қаза болған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің шекарашыларын бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды.
Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша «Балалар шығармашылығы» журналы мен «Украінські новини» газетінің басшылары Ә.Жақып және Т.Чернега сөз сөйледі. Олар өз басылымдарының шығу тарихына, олардың қазіргі жұмысына, алдағы межелеріне тоқталды. Нақты айтқанда «Украінські новини» газетінің украин және орыс тілдерінде шығып, елдегі украиналық диаспора арасында үлкен беделге ие болып отырғаны, сондай-ақ тарихи отанымен және Ресейдегі украина диаспорасымен тығыз байланыста екендігі назарға ұсынылды.
«Балалар шығармашылығы» журналының 2009 жылдан бері шығатыны әрі бұл Астанадағы балаларға арналған қазақ тілді жалғыз ғана басылым екендігі және тек демеушілердің көмегі арқасында жарық көріп отырғаны белгілі болды. Жалпы бұл басылымдар туралы толыққанды ақпаратты Клубтың kgr.kz сайтындағы «Достықтың сенімді көпірі» және «Балалық шаққа саяхат» атты мақалалардан алуға болады.
Бас редакторлардың бұл хабарларын қаперге ала отырып және олар тарапынан Бас редакторлар клубына мүшелікке өтуге берілген өтініштерді ескере келе бірауыздан Т.Чернега мен Ә.Жақыпты бұл қоғамдық бірлестікке мүшелікке алу жөнінде шешім қабылданды.
Екінші мәселе бойынша К.Жолдыбай Клуб мүшелерін соңғы кездері атқарылған жұмыстармен таныстырды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ өкілдерімен «Халықтық IPO» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы нәтижелеріне, сондай-ақ әлеуметтік кикілжіңдердің алдын алу мәселелеріне қатысты Дөңгелек үстел өтті. Клубтың 5 жылдығына орай 150 мың данамен дайджест-газет шығарылып, оқушылар мен студенттерге тегін таратылды, ал 12-ші желтоқсанда республикалық БАҚ фестиваль-көрмесі өткізілді. Мұның сыртында, Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиевпен кездесу ұйымдастырылды. Клуб жетекшісі «Ақ жол» Жамбыл облыстық газетінің 90 жылдығына байланысты шараға қатысып, соның барысында облыс әкімі Қ.Бозымбаевпен Бас редакторлар клубының филиалын осында ашу мәселесін талқылады. Сонымен бірге, К.Жолдыбай Қазақстан журналисінің этикалық кодексі төңірегінде Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушы - ғалымдарымен, магистрлерімен, студенттерімен арнайы кездесу өткізді. Ол сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Бірінші Президенті күніне арнап ұйымдастырған іс-шарасына, «Адам құқы» халықаралық күніне байланысты өткен дөңгелек үстелге, «Дала дауысы» халықаралық радиофестивальге қатысты. К.Жолдыбай қатысушыларға бүгінгі күні Бас редакторлар клубы мен Бас офисі АҚШ-тағы Халықаралық медиалық этика орталығымен тығыз байланыс орнатылып келе жатқанын хабардар етті. Ол осы айтылғандар және өзге де Клубтың іс-шаралары жөніндегі мәліметтерді kgr.kz сайтынан білуге болатынын ескертті.
Күн тәртібіне сәйкес Клубтың үйлестірушісі А.Нұрмағамбетов «Асыл сөз құдіреті» шығармашылық конкурсына келіп түскен материалдармен таныстырды. Ол сегіз номинация және 21 жасқа дейінгі жастарға арналған «Қалам байқауы» номинациясы бойынша аймақтық және республикалық баспасөз бен электронды БАҚ журналистерінің 100-ден астам материалдары келіп түскенін атап өтті. Сарапшы ретінде бұл жұмыстарды жан-жақты зерттеген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің доценті, Клуб мүшесі М.Тоқтағазин жұмыстары конкурс талаптарына толықтай сай келетін журналистерді отырысқа қатысушылардың назарына ұсынды. Талқылау барысында бүгінгі күннің өзекті тақырыбы діни мәселелерді көтерген авторға да баға беру қажет деген пікірмен барлығы 9 журналист номинант ретінде таңдалынып алынды. Бұл жеңімпаздардың есімдері kgr.kz сайтының «Асыл сөз құдіреті» айдарында толық беріліп отыр.
Қатысушылар назарына Клубқа мүшелікті айқындайтын пластикалық карточканың эскизі ұсынылып біршама талқыланған соң, оның соңғы үлгісін қабылдау үшін басқарма мүшелерімен тағы бір қайтара пікір алмасу қажет деп танылды.
ШЕШІМ:
1. «Украінські новини» және «Балалар шығармашылығы» басылымдар туралы берілген ақпараттар қаперге алынсын және БАҚ басшыларына «Достықтың сенімді көпірі» және «Балалық шаққа саяхат» атты мақалаларды өздерінде жариялауға, сондай-ақ жұртшылыққа «Балалар шығармашылығы» журналы жөнінде толыққанды ұсыныс берілсін.
2. Бас редакторлар Т.Чернега мен Ә.Жақып Бас редакторлар клубына мүшелікке қабылдансын.
3. «Асыл сөз құдіреті» шығармашылық конкурсының жеіңмаздарын марапаттау үшін 2013 жылғы қаңтардың алғашқы онкүндігінде БАҚ-тардың қатысуымен мерекелік іс-шара ұйымдастырылсын. Конкурсқа қатысқан барлық азаматтарға алғыс хат жіберілсін.
Модератор К. Жолдыбай
Хатшы А. Нұрмағамбетов
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий