Балалық шаққа саяхат

29.12.2026, 10:04

«Балалар шығармашылығы» республикалық журналын қолына алып жәй ғана парақтап шыққан кез келген оқырман сол сәтте қайтадан өзінің бал дәурен балалық шағына қайта оралғандай күй кешеді. Балалардың пәк ниеті, олардың шығармаларының бай суреттермен әшекейленіп берілуі, жаңалыққа ынталануға деген ерекше бір сезімталдық, күнделікті үйренішті жағдайларға мән беріп, олардан тың дүниелерді аңғарғыш қасиеттері бұл журналды қай жағынан болса да ерекше етеді. Ең бастысы, журнал балалардың өздерінің дайындаған материалдарының негізінде құрастырылып жарық көріп келеді. Сондықтан, мұнда тек балалардың шығармашылықтары, оқушылардың әр салада қол жеткізген жетістіктері жарияланады. Осылайша бұл басылым өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті молынан сіңіру жолында, балаларды үнемі шығармашылық ізденістерге бағыттап отыру тұрғысында үлкен жұмыстар атқаруда. Яғни, Елордадағы қазақ тілінде шығатын балалар басылымының негізгі мақсаты «Менің Отаным – Қазақ Елі, Ана тілім – Қазақ тілі» тақырып аясында оқушыларға отаншылдық рухта тәрбие беру, ана тілін қастерлеуге баулу болып табылады.

Түрлі түсті «Балалар шығармашылығы» республикалық журналы 2009 жылдан «Парыз» қоғамдық қорының демеушілігімен мемлекеттік тілде үш мың данамен екі айда бір рет шығарылып келеді. Жаздырып алу жолымен журнал Қазақстанның барлық аймақтары мен Астана қаласына таратылады. Басылымның тек оқушылардың ғана емес олардың ата-аналары арасында да өзіндік беделі бар. Осы жылдан бастап басылымды Астана қаласындағы балалар үйіне тегін тарату жүзеге асып келеді.

Журналдың тағы бір ерекшелігі, осында өзінің дарында қабілетімен көзге көрінген оқушылардың шығармаларын жеке кітапша етіп тегін шығару үрдісінің қалыптасып келе жатқандығында деуге толық болады. Мәселен, бас редактордың нақты қолдауымен маңғыстаулық екі оқушының, атап айтқанда, Б.Әнуарбековтың «Жұмбақ әлемі», «Балауса жырлар», Мейірім Ердәулеттің «Бал бұлақ бал тұнған» атты кітапшалары жарық көрді. Негізі, бұл жобаның ешқандай коммерциялық пайда табуды көздемейтінін, сондықтан тартылған қаражаттардың тек еңбек ақы төлеу мен типографиялық шығындарды жабуға жұмсалатынын айтқан жөн.

Осы уақытқа дейін журналды белгілі журналист, Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, «Мәдениет қайраткері» Әділбек Жақып өз күшімен шығарып келеді. Оның БАҚ саласында тәжірибесі мол. Кезінде Жезқазған, Торғай, Павлодар облыстық газеттердің және республикалық «Халық кеңесі» газетінің тілшісі қызметтерін атқарған. Баспасөз және бұқаралық ақпарат жөніндегі Ұлттық Агенттікте бөлім бастығы, «Арай» баспасының директоры болды. 

  • Tweet

Пікірлер (0)