Конкурс жеңімпаздары марапатталды.
05.01.2013, 18:44
2013 жылғы 4-ші қаңтарда Астана қаласының «Diplomat Hotel» үйінде журналистер арасында тұңғыш ұйымдастырылған «Асыл сөз құдіреті» атты республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау өтті. Бас редакторлар клубы ұйымдастырған бұл шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Бораш, осы Комитетке қарасты БАҚ басқармасының бастығы Жанболат Байбосынов, БАҚ басшылары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессор-оқытушылары және елімізге танымал журналистер қатысты.
Аталмыш конкурс Бас редакторлар клубының бес жылдығы құрметіне орайластырып «Саясат, экономика, қоғам, мәдениет, білім, спорт, жастар тақырыптарын үздік насихаттағаны үшін» номинациялары, сондай-ақ 21 жасқа дейінгі жастарға арналған «Қалам байқауы» жүлдесі бойынша ұйымдастырылды. Конкурстың ережелері мен шарттары Бас редакторлар клубының kgr.kz сайтының «Асыл сөз құдіреті» айдарында берілді әрі конкурсқа келіп түскен материалдар осында орналастырылды.
Байқаудың мақсаты – республиканың үздік журналистерін анықтау, журналистердің шығармашылық мүмкіндіктерін толықтай ашуға барынша жағдайлар туғызу, конкурсқа қатысушылардың үздік жұмыстарына қоғам назарын аудару және мемлекеттің басымдық мәселелері мен жобаларын іске асыру жолында атқарылып жатқан шараларды БАҚ-тарда белсендірек жазып-көрсетуге мейлінше ықпал ету.
Конкурс барысында республикалық және аймақтық баспасөз және электронды бұқаралық ақпарат құралдарынан қазақ және орыс тілдерінде барлық саны жүзге жуық материалдарды қамтитын 25 тапсырыс келіп түсіп, олар конкурстық комиссияның мұқият сараптамасынан өтті.
Комиссия қорытындысы бойынша конкурс талаптарына толықтай сай келетін материалдар іріктеліп алынып, тиісті номинациялар бойынша тоғыз жеңімпаз анықталды. Олардың арасында «Айқын» республикалық газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақстан» ТРК телеарнасының редактор-жүргізушісі Қанат Әуесбай, Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Айгүл Жұбаныш, «7 арна» телеарнасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Ольга Витукевич, республикалық «Әділет БАҚ медиа» газетінің бас редакторының орынбасары Мұратбек Тоқтағазин, «Заң» республикалық газетінің тілшісі Елгүл Нұғыманова, «Шалқар» радиосының шолушысы Құралай Жұмаханова бар. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Журналистика және саясаттану» факультетінің студенті Сымбат Молдатай 21 жасқа дейінгі жастарға арналған «Қалам байқауы» жүлдегері аталса, «Көрермен көзайымы» сыйлығы «Ел арна» республикалық телеарнасының «Я верю.kz» телебағдарламасының жүргізушісі Азамат Алдоңғаровқа берілді. Мұның сыртында, республикалық конкурсқа қатысқан барлық журналистерге Бас редакторлар клубы атынан арнайы алғыс хаттар жолданды. Конкурс жеңімпаздарына сыйлықтарды Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Бораш, осы Комитетке қарасты БАҚ басқармасының бастығы Жанболат Байбосынов, Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай, Клуб мүшелері, Қазақ радиосының бас директоры Махат Садық пен «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Амантай Шәріп, елге танымал журналистер Сәдібек Түгел және Зейін Әліпбек салтанатты түрде табыстады.
Сонымен, Бас редакторлар клубының бес жылдығына орай өткізілген іс-шаралар легі өзінің мәресіне жетті. Бұған дейін 150 мың данамен арнайы дайджест-газет шығарылып, Астана және Ақмола облысының оқырмандары арасында тегін таратылды. «Қазақстандағы БАҚ» республикалық фестиваль-көрме өткізілді. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті студенттерінің қатысуымен флэш-моб ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар туралы мәліметтер Бас редакторлар клубының әріптесі саналатын АҚШ-тағы Халықаралық этикалық кодекс орталығына жіберіліп, осы Орталық арқылы Америка және Еуропадағы әріптес мемлекеттерге таратылды.
- Tweet


Пікірлер (2)
Insights like this liven tinghs up around here.
AKAIK you've got the anewsr in one!
Оставить комментарий