Діни мәселелерге зайырлы көзқарас
12.01.2013, 9:51
2013 жылғы 11-ші қантарда Астанадағы Министрліктер үйінде Бас редакторлар клубының мүшелері ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шарифпен кездесті. Кездесуді «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды.
Екі сағаттан астам уақыт бойы қызу пікір алмасу жағдайында өткен кездесу барысында 2011 жылғы 11-ші қазанда қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының негізгі қағидаларының орындалуы барысына назар аударылды. Бірінші кезекте діни бірлестіктерді мемлекеттік қайта тіркеу үдерісінің нәтижелері сөз болды. Ең алдымен діни бірлестіктерді қайта тіркеудің әрбір діни бірлестіктің қызметі негізінде құралатын елдегі діни ахуалдың нақты жағдайы туралы мәліметтерді айқындай түсуге және жаңартуға мүмкіндік туғаны атап өтілді. Сөйтіп, 2011 жылғы 1- қаңтардағы жағдай бойынша 46 конфессия мен деноминацияларды біріктіретін 4551 діни бірлестік пен заңды белгілері жоқ саны аз діни топтардан Қазақстанда 17 конфессия өкілдерінен құралған барлығы 3088 діни бірлестік пен олардың филиалдары қалды. Осылайша діни бірлестіктің үштен бірі қысқарды. Қазір барлық облыстарда 2228 мешіттер қайта тіркеуден өтіп, қазақ халқының салт дәстүрлерімен үйлескен Әбу Ханифа мазхабының және имам Матрубидің сеніміндегі Қазақстанның бірегей және біртұтас ислам ұйымы қалыптасты.
Кездесуде экстремизм және лаңкестік мәселелерін, оның ішінде діни экстремизмнің алдын алу әрекеттерін жариялауда мемлекеттік құрылымдар мен БАҚ-тың өзара байланыстары жан-жақты талқыланды, бірге шешілетін жалпы мемлекеттік және жекелеген проблемалар айқындалды. Өз кезегінде Агенттік төрағасы Қ. Лама Шариф түрлі сауалдарға жауап бере отырып күш біріктіруді қажет ететін тұстарды атап өтті. Мәселен, БАҚ мемлекеттік және өзге мүдделі орындармен бірлесе отырып қоғам мүшелерін саяси және діни экстремизм мен лаңкестік тәрізді өзекті тақырыптар бойынша дер уақытында әрі анық ақпараттармен қамтамасыз етулері, діни сенім мәселесінде салиқалы да зайырлы көзқарас әрі адамдардың төзімділік ұстанымын қалыптастыруы қажет. Сондай-ақ, діни мәселелердің арнайы аудиторияға түсінікті болатын терминдерін көпшілікке түсінікті етіп ұғындыру керек. Ведомство басшысы БАҚ аталған бағыттағы тақырыптар бойынша жарияланған материалдардың сапасын анықтау мен жақсарту мақсатында өз оқырмандары, көрермендері мен тыңдармандарының немесе арнайы мамандардың тарапынан жасалған сын ескертулерін ескерген жөн деп санайды. Сонымен қатар, ол дін секілді күрделі мәселеде журналистік этиканы әрі саяси әдепті сақтау қажеттілігіне назар аудара келе, өзінің бірқатар БАҚ-тар тарапынан тұрақты сыналатынын және олардың көбінесе біржақты екендігін атап өтті. Кез келген журналистің қоғам алдында моральдық жауапкершілігін есте сақтауын өтіне отырып, ол масс-медиа өкілдерін даулы мақалаларды жариялаудан бас тартуға шақырды.
Агенттіктің төрағасы алдағы жоспарлар жәйлі сөз қозғай келе, биылғы жыл әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезінің өткеніне он жыл толуымен ерекшеленетініне тоқталды. Аталмыш съездің Қазақстанның халықаралық деңгейдегі брендіне айналуына байланысты, осы айтулы әрі маңызды датаны лайықты атап өту үшін біршама іс-шаралар қарастырылып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, қазақстандық делегациялардың съезге қатысушы елдердің шақыруымен осы мемлекеттерге сапарлары, отандық және шетелдік дін қайраткерлерінің қатысуымен республикалық ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинар-кеңестер өткізу көзделуде. Ал қорытынды шара ретінде осы жылдың қыркүйек айында үлкен халықаралық симпозиум ұйымдастыру жоспарлануда.
Діни экстремизмнің алдын алу жұмыстары да, әсіресе жастар арасында, өз жалғасын табатын болады. Осы мақсатта Агенттік қыз-келіншектердің ұлттық киімдерін насихаттау үшін Қыздар педагогикалық институтының жанынан «Қыз Жібек» клубын ұйымдастыруға, ал жастарға арнап «E-Islam» порталын ашуға бастама көтерумен қатар, аймақтарға үгіт-насихат топтарын жіберуді, «Нұр» Қазақстан-Египет университетінің отандық дін мамандарын дайындау сапасын қатаң қадағалауды қолға алып отыр. Діни бірлестіктердің қаржыландырылуын бақылау мақсатында әрі бұл тұрғыда мөлдірлікті толық қамтамасыз ету үшін Түркияның тәжірибесіне сүйене отырып «Садақа» электронды жүйесін енгізу жобасы іске кірістірілмекші.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий