Жаңа пікірсайыс алаңы пайда болды

15.01.2013, 15:53

2013 жылғы 14-ші қаңтарда ҚР Сыртқы істер министрлігінде Адами өлшемдер жөніндегі Жұмыс Тобының бірінші ұйымдық отырысы болып өтті. Бұл Топтың құрамына мемлекеттік органдар, Парламент, саяси партиялар  мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда аккредитациядан өткен қазақстандық және шетелдік құқық қорғау үкіметтік емес ұйымдары шақырылған. Бас редакторлар клубы тарапынан Топ  құрамына қоғамдық бірлестіктің президенті Кенжеболат Жолдыбай кіріп отыр.

Аталмыш жиынды басқарған Сыртқы істер министрі Ерлан Идрисов мырзаның айтуынша Жұмыс Тобы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) Қазақстан төрағалық еткен тұста осы ұйымның пікірсайыс алаңы есебінде ҚР Сыртқы істер министрлігі жанында жұмыс істеген ЕҚЫҰ-ның Адами өлшемдер жөніндегі кеңесінің оң тәжірбиесі негізінде құрылып отыр. Адами өлшемдер жөніндегі Жұмыс Тобы Сыртқы істер министрлігі жанында мемлекет дамуының түйінді мәселелерін талқылайтын пікірсайыс алаңы міндетін атқаратын болады. Ол мемлекеттік институттар өкілдері мен үкіметтік емес сектор арасында пайдалы пікір алмасатын, сондай-ақ біздің елдің адам құқықтары тұрғысында қабылдаған халықаралық міндеттерін жүзеге асырудың тиімді жолдарын мезгейтін ұсыныстар айтуға мүмкіндік беретін саты болуы қажет.

Ұйымдық отырыстың күн тәртібін талқылау барысында Жұмыс Тобы қызметін ұйымдастыру бағытында көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Атап айтқанда, бұл қоғамдық құрылымның нақты статусын анықтау қажеттілігі, Жұмыс Тобы қабылдайтын шешімдердің пәрменділігі, оның шеңберінде болатын кездесулерудің өткізілу жиілігі, қаралатын мәселелердің басымдық реттерін анықтау тәртібі, бұрын қабылданған шешімдердің орындалысына қатысты жауапкершілік тұрғысында сөз болды. Сонымен қатар, аталмыш пікірсайыс алаңын Парламентке көшіру жәйлі айтылып, көптен көтеріліп келе жатқан, нақты айтқанда БАҚ-тағы диффамация және жала мен намысын қорлау құрамын заңнамалық деңгейде криминалсыздандыру мәселелерінің әлі күнге дейін шешілмей отырғанына алаңдаушылық білдірілді.

Кездесуді қорыта келе, Сыртқы істер министрі Ерлан Идрисов осында айтылған барлық пікір-ұсыныстар негізінде арнайы сараптамалық материал дайындалып, ол ҚР Президенті Әкімшілігіне және өзге де мүдделі орындарға берілетінін ескертті. Сондай-ақ, алдағы ақпан айында халықаралық құқық қорғау ұйымдары өкілдерімен болатын кездесуі кезінде де осы сараптамада келтірілген деректерді тіліне тиек ететін жеткізді.

  • Tweet

Пікірлер (0)