Қостанай жеріндегі кездесулер
20.05.2013, 11:11
Аймақтармен жұмыстарды белсендірек жүргізу керектігі жөнінде «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің 2013 жылы 19 сәуірде өткен есеп беру – сайлау конференциясының шешіміне сәйкес осы жылғы 17 мамырда Клуб президенті Кенжеболат Жолдыбай Қостанай қаласында болды. Осында оның облыстық Бас редакторлар клубының жекелеген мүшелерімен, облыс әкімшілігінің ішкі саясат басқармасының өкілімен, облыстағы бірқатар БАҚ журналистерімен кездесуі болып өтті. Атап айтқанда, «Алау – ТВ» ЖШС директоры, республикалық Бас редакторлар клубының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Зульфия Арефьевамен, «Костанайские новости» және «Қостанай таңы» газеттері бас редакторларының орынбасарлары Галина Ким және Сәлім Меңдібаевпен, облыс әкімшілігінің ішкі саясат басқармасының бастығының орынбасары Ерлан Қолмақовпен жан-жақты пікір алмасылды. Мұның сыртында Клуб президенті «Алау» және «Радио – НК» радиоларына сұхбаттар беріп, «Алау» телеарнасының «Өзекті әңгіме» хабарына қатысты.
Журналистермен кездесу барысында және теледидар мен радиоларда сөйлеген кездері журналистиканың өзекті мәселелері барынша айтылды, Бас редакторлар клубының бүгінгі қызметі мен республикалық және аймақтық Бас редакторлар клубының болашақ дамуы туралы ойлар ортаға салынды. Сондай-ақ «БАҚ туралы» ҚР Заңын жетілдіру, екі жыл қатарынан Парламент қабырғасында қаралмай жатқан «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заңның тезірек қабылдануы жәйлі, «қоғамдық маңызы бар ақпарат» ұғымына заңдық тұрғыдан анықтама беру қажеттілігі жөнінде әңгіме қозғалды, жала жабу мен адамның намысына тиетін сөздер үшін қарастырылатын жауапкершіліктің қылмыстық жазадан әкімшілік жазаға алмастыру керекті айтылды. Сонымен қатар журналистердің статусы әлі күнге шейін анықталмай отырғанына назар аударылды. Мәселен, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын үлгісінде жұмыс істейтін басылымдардың журналистері не мемлекеттік қызметшілерге, не бюджет саласына жатқызылмаған, ешбір жеңілдіктерге ие емес, қандай да бір кепілдіктері жоқ, айлық жалақылары өте мардымсыз. Нәтижесінде, ол жерде үздіксіз кадр алмасу, өте төменгі деңгейдегі кәсіби біліктілік, шығарылатын өнімдердің сапасының сын көтермейтіндігі, тираждардың құлдырауы сияқты келеңсіз жағдайлар орын алуда. Сонымен бірге, кездесулер барысында қалам иелерінің өз тараптарынан қызметтерін атқару кездерінде ҚР Журналисінің этикалық Кодексінің ережелерін қатаң ұстау қажеттілігі де айтылды. Осыған орай, Этика жөніндегі Комиссияның немесе Кеңестің тезірек құрылып, іске кірістірілгені жөн деген пікірлер білдірілді.
Кенжеболат Жолдыбай журналистік кадрлер дайындау мәселесінің аса өзектілігіне тоқтала отырып, Бас редакторлар клубының бұл бағытта Гүлназ Әлімгерейдің телевизия мектебіне толықтай қолдау көрсететінін, сондай-ақ Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығы» негізінде журналистерді қайтадан дайындау курстарын өткізуді және оларды шетелдерге тәжірибе алмасуға жіберуді ұйымдастырушыларға көмектер беруге әзір екендігін жеткізді.
Сайып келгенде, кездесуге қатысушылар тарапынан қазір әркім өзінше емес, Бас редакторлар клубының алдында тұрған журналистиканың өзекті мәселелерін оңтайлы шешу үшін бірлескен іс-қимылдар қажет деген пікірге бірауыздан тоқталды.
Сұрақ Жауап
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий