Таңдау Қазақстанның пайдасына шешілді

24.05.2013, 10:21

Осы аптада Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүрген шетелдік студенттер арасында «Әлем таныған – Қазақстан!» тақырыбында шығармашылық байқау болып өтті. Бұл шараны осымен екі жыл қатарынан халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры өткізіп отыр және ол үлкен қолдауға ие болып келеді. Осы орайда, Бас редакторлар клубы мүшелері, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Жұмабек Кенжалин мен «Түркістан» республикалық газеті бас редакторы Шамшидин Паттевтің осынау бір игі бастаманы қолдаушылардың қатарынан табылып, байқаудың жеңімпаздарын тиісінше бағалы сыйлықтармен атап өткендерін айтқан жөн. Іс-шара сонымен қатар басқа да республикалық бұқаралық ақпарат көздері тарапынан толық ақпараттық қолдауға ие болды.

Шығармашылық байқаудың барысында біздің еліміз жәйлі Ауғанстан, Англия, Қытай, Монголия, Түркия, Жапония тәрізді көптеген елдердің 100-астам студенттері өздерінің көңіл-күйлерімен, сондай-ақ нақты пікірлерімен бөліскенін атап өту ләзім. Қазақ тілінде жазған шығармаларында жоғары оқу орнына дейінгі факультетте оқитын шетелдік студенттер біздің мәдениетіміз, ұлттық салт-дәстүріміз, қонақжайлығымыз тұрғысында, сондай-ақ қазақтың кең байтақ даласы мен мұнар тауларының ғажайып көріністері туралы жан-жақты әрі мейірлене отырып әңгімелейді.

Студенттердің осынау жан толғаныстарына қарағанда, олардың біздің елімізді барынша ұнатып қалғандарын аңғару қиын емес. Сондықтан болар, шетелдік жастар өз таңдауларын тек қазақстандық білім алуға жасап, біздің жоғары оқу орындарында оқуларын жалғастыруға бел байлап отырғандарын ашық айтып отыр. Бұл, сайып келгенде, әлемдік қауымдастықтың алдында Қазақстанның мерейі тағы да бір үстем болып, мәртебесі жоғарлады деген сөз.

  • Tweet

Пікірлер (0)