Жаһандық деңгейдегі ғаламат форум
26.05.2013, 13:44
2013 жылғы мамырдың 22 – 24 аралығында Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықтың назарында болды. Астана осымен алтыншы жыл қатарынан қазіргі заманның туындатып отырған қиыншылықтарына бірлесе жауап іздеу үшін әлем лидерлерінің, қаржы әлемінің сарапшыларының, бірқатар Нобель сыйлықтары иегерлерінің, мемлекет қайраткерлерінің, халықаралық ұйымдар мен аймақтық ассоциациялардың жетекшілерінің, танымал саясаткерлердің бастарын тағы да қосып отыр. Биыл Форумға тоғыз мыңнан астам адам, оның ішінде әлемнің 131 елінен келген үш мыңдай делегат осы іс-шара аясында өткен әртүрлі сессияларға белсенді түрде қатысты. Қатысушылар қатарында Бас редакторлар клубының мүшелері болды. Атап айтқанда, Клуб мүшелері, Назарбаев университетінің журналистика профессоры Хал Фостер «G-Global-ды дамыту - әлемдік дағдарысқа қарсы бастамалардың сектораралық алаңы іспетті» атты Дөңгелек үстелдің спикері болса, КТК телеарнасының «Слуги народа» телебағдарламасының редакторы Артур Платонов Лидерлер диалогы барысында БАҚ өкілдері тобының құрамына енді. Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай ІІІ Еуразия іскерлік конгрессінің отырысы кезінде дүйім жұртшылықты толғандырып жүрген сауалдарға дер уақытында тиісті ақпараттар беру үшін арнайы ақпараттық орталық құру туралы ұсыныс білдірді. Бірінші басшылары Клуб мүшелері болып табылатын «Қазақстан», «Хабар», «Жетінші арна» телеарналары, Қазақ радиосы мен Астана радиосы, «Казинформ» ақпарат агенттігі, «Егемен Қазақстан», «The Astana Тimes», «Казахстанская правда», «Экспресс К», «Централ Азия Монитор», «Вечерняя Астана» газеттері Форумның ақпараттық серіктестері қатарынан табылды.
VI Астана экономикалық форумының басты ерекшелігі сол, бұл шара аясында тұңғыш рет Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция өткізіліп, оған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қолдау көрсетті. Форум шеңберіндегі табысты мегажоба ретінде дағдарысқа қарсы шешімдерді іздеу процесстерін жаһандық интернет – аудитория деңгейіне шығаруға арналған виртуалды «G-Global» пікірталас алаңын да атауға болады. Негізінен алғанда «G-Global» порталы арқылы сараптамалық шолуларға, дебаттарға және пікір алмасуларға әлемнің 160 елінен жалпы саны үш миллионға жуық адамның қатысқанын айтсақ та жеткілікті. «G-Global порталы Форум өткізіліп жатқан тұста да өз жұмысын табысты атқара отырып сарапшыларға әлемдегі қазіргі экономикалық жағдайдың даму болашағына қатысты өз ойларымен бөлісуге виртуалды жүйеде мүмкіндік берді.
Форумға Ұлт көшбасшысы, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы концептуалды қадамдар туралы айта келе, соңғы уақыттарда өмірдің берген бес маңызды да принципті сабақтарын ашып көрсетті. «Жаһандық дағдарыс кездерінде ой елегінен өткізілген бұл бес сабақты ескеру түптеп келгенде ағымдағы жүз жылдықта әлем дамуының дағдарысқа қарсы нақты трендін анықтау үшін өте маңызды», - деп ерекше атап өтті Президент. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық дағдарысқа қарсы шешімдерді іздеуде Біріккен Ұлттар Ұйымының алатын орнына оң бағасын берді. Елбасы сондай-ақ G8 және G20 шеңберінде жаһандық дағдарысқа қарсы менеджмент бойынша диалогты кеңейте берудің маңыздылығына барынша назар аударды. Сонымен қатар, ол Қазақстанның таяу аралықта Санкт-Петербургте өткізілетін «үлкен жиырманың» саммитіне шақырылғанына байланысты оған қатысушыларға VI Астана экономикалық форумының және Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның пікірлері мен ұсыныстарын жеткізетінін ескертті. Бұл тұрғыда Н.Назарбаев дағдарыс шырмауынан шығудың мынадай жолдарын ұсынады: бүгін әлемге жаңаша ғаламдық қаржылық-экономикалық жүйе және тиімді жаһандық, оның ішінде ядролық, қауіпсіздік құрылымдары аса қажет. Төзімділікті және келісімді нығайтуға жетелейтін ғаламдық диалогты жалғастырудың мол мүмкіндігінің сарқылмағандығын есте ұстау керек. Жаһандық трансформация жағдайында бірінші кезекте саяси жігер, батылдық, келісімшілік, ашықтық және өзара сенімділік қажет.
Жалпы, Форум және Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның түрлі сессияларында 350-ден астам сөздер сөйленді, CNN, Euronews, Хабар, «Қазақстан» арналарынан жеті теледебат, 15 баспасөз конференциялары өтті, «Қазақстан Республикасының индустриалдық және инновациялық әлеуеті» атты өңірлік көрмесі және «Ақпаратты - коммуникациялық технологиялар – экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру құралы» тақырыбы бойынша «ASTEX-2013» көрме-конференциясы ұйымдастырылды. Мұның сыртында ІІ Бүкіләлемдік жастар экономикалық форумы, «Astana Invest 2013» IV халықаралық инвестициялық форумы, Дүниежүзілік кеден ұйымының Еуропа аймақтық форумы, VIIІ Инновациялық конгресі, Жаһандық әйелдер конгресі және ІІІ Еуразия іскерлік конгресі болып өтті. Ең бастысы, елімізге миллиондаған инвестиция тарту үшін бірқатар шетелдік компаниялармен келісім-шарттарға қол қойылды.
VI Астана экономикалық форумы және Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның біріккен шарасы ретінде Көшбасшылар диалогы өтіп, ол мәртебелі жиынның соңын тәмамдады. Оның барысында мемлекеттердің көшбасшылары, қаржы институттары, халықаралық ұйымдар өкілдері және Нобель сыйлықтарының иегерлері атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Өз кезегінде бұл нәтижелер қорытынды декларация мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар жобасына негіз бола отырып, олар алдағы уақытта БҰҰ мүше мемлекеттердің қарастыруына ұсынылады деп шешілді.
«Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы мен Қазақстан Үкіметі осынау ғаламат іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары болып танылады. Астана экономикалық форумын ұйымдастыруда және оны өткізуде үлкен дайындық жұмыстарын әрі үйлестіруші міндетін абыроймен атқарған «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығын, сондай-ақ оның тең төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Нөгербековтің ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн. Осы орайда, маңызы зор бұл оқиға қарсаңында Бас редакторлар клубының бейресми жағдайында тең төрағамен кездесуі болып өткенін және сонда Форумға кеңінен ақпараттық қолдау көрсету сұралғанын айта келе, аталмыш өтініш тиісті деңгейде толық орындалды деуге негіз бар.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий