«EXPO2017-Astana» журналы өмірге келді
28.05.2013, 10:47
Үстіміздегі жылғы 27 мамырда ҚР Ұлттық Академиялық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің тікелей қолдауымен «EXPO2017-Astana» жаңа қоғамдық-саяси журналының тұсаукесері болып өтті. Іс-шараға Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай, Клубтың вице-президенттері Мұратбек Тоқтағазин және Видади Салахов, Клуб мүшелері, ҚР Ұлттық Академиялық кітапхана бас директорының орынбасары, «Кітап патшалығы» журналының бас редакторы Ғалия Исақанова, «Халық сөзі» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Татьяна Костина, Қазақ радиосының директоры Махат Садық, «Бас редакторлар клубы» ҚБ тексеру комиссиясының төрағасы Тарас Чернега, «Astana EXPO-2017» Ұлттық компаниясының Маркетинг және коммуникация департаментінің бас менеджері Нұргүл Алипинова, бірқатар БАҚ өкілдері қатысты.
![]()
Тұсаукесер рәсімін Кенжеболат Жолдыбай кіріспе сөз сөйлеп ашып, ЭКСПО халықаралық көрмесінің ел өмірінде алатын маңызды рөліне ерекше назар аударды. Республикамыздың абыройын асқақтататын осындай іргелі іске сүбелі үлес қосқалы отырған «Халық сөзі» газеті қызметкерлерінің бұл талабы қолдауға лайық екендігіне тоқталып, сөз кезегін осы басылымның бас редакторы әрі «EXPO2017-Astana» жаңа қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Қуат Әуесбайға берді.
Қ.Әуесбай өз кезегінде бүгін бар әлем көз тігіп отырған үлкен жобаны халық арасында насихаттау мақсатында бұл журналдың қажеттігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, журнал «Қазақстан-2050» стратегиясын насихаттауды да көздеп отыр. Алғашқы саны қазақ тілінде жарық көрген бұл басылым болашақта орыс және ағылшын тілдерінде де жарияланатын болады. Журнал әзірге мың данамен екі айда бір шығарылып, өз күштерімен республика аумағына тегін таратылуы көзделуде. Жаңа журналдың редакторы бұл басылымының өміршеңдігі жанашыр азаматтар мен мүдделі мекемелерге байланысты екенін тілге тиек ете отырып, оларды бірлесе қызмет атқаруға шақырды. Осы орайда ол «Самұрық – Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына, «Astana EXPO-2017» халықаралық көрмесінің комиссары, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рапил Жошыбаевқа, «Қазақстан теміржолы» АҚ басшылығына, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Бас редакторлар клубына зор үміт артатынын жасырмады.
Басқосуда Ғ.Исақанова, Н.Алипинова, В.Салахов, М.Тоқтағазин сөз сөйлеп, журналистердің сұрақтарына толыққанды жауаптарын берді. Жиынға қатысушылар тұсаукесер рәсімін өткізу барысында ҚР Ұлттық Академиялық кітапхана арнайы ұйымдастырған «EXPO – 2017» көрмесін тамашалады.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий