Күн тәртібінде – адам құқықтары

29.05.2013, 17:44

ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адам өлшемдері бойынша диалог алаңы» консультациялық - кеңес беру органының мүшесі ретінде «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай ағымдағы жылғы 27 мамырда «Демократияның дамуы» бірінші секторлық мәжіліске қатысты. Осы ретте, консультациялық - кеңес беру органының (ККО) жұмыстары 2013 жылдың соңына дейін алты секторлық мәжіліс шеңберінде «демократияның дамуы», «құқықтың үстемдігі» және «адам құқықтары» өлшемдері бойынша, ал желтоқсанда жылды қорытындылау үшін ККО ең соңғы отырысын өткізу бағытында іске асырылатынын айтқан жөн. Сондай-ақ талқылауға ұсынылып отырған бұл тақырыптар негізі Үкіметтің «Демократияны дамыту бойынша ұлттық іс-қимыл жоспары» және «2010 – 2020 Құқықтық реформалар Концепциясы» шеңберінде атқарылатын жұмыстармен толық сәйкес келеді.

Осы жолғы ККО отырысында «Саяси қызмет және саяси плюрализм», «Азаматтық қоғамды дамыту», «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактінің» орындалу барысына шолу» атты үш тақырыптық блок талқыланды. Талқылау «ұстанымдар бәсекелестігі» принципі бойынша өтті, яғни әрбір сектор мәжілісінің тақырыбына қатысты екі баяндамашы –  азаматтық қоғам өкілі және ҚР Үкіметі өкілі баяндамалар жасады. Мысалы, «Саяси қызмет және саяси плюрализм» тақырыбына «Заң сақтау және адам құқықтары бойынша қазақстандық халықаралық бюросы» кеңесінің төрағасы Евгений Жовтис баяндамашы ретінде анықталып, ол сөз бостандығы жәйлі сараптаманы ортаға салды әрі оппозиция өкілдеріне «Қазақстан», «Хабар» телеарналары арқылы сөйлеуге мүмкіндік беру керек деген ұсынысын айтты. Өз кезегінде, бұл айтылған мәселемен жалпы келісетінін ескерте келе, балама баяндамашы, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сарсембаев сөз бостандығы мен ой еркіндігін қамтамасыз ету бағытында қазір елімізде қалыптасып отырған шынайы жағдай туралы нақты дәйектемелерін келтірді.

Аталмыш тақырып 2013 жылғы 28 мамырда «Үкімет үйінде» өткен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген мәжілісінде де жалғасын тапты. Мәжіліс барысында Мемлекет Басшысының қарауына ұсынылатын «2026 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» Комиссияның жыл сайынғы баяндамасының жобасы талқыланды, сонымен қатар «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қылмыстық процестің бастапқы сатыларында азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етудегі қызметі туралы» Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың есебі тыңдалды.

Отырысқа Бас редакторлар клубынан Кенжеболат Жолдыбай арнайы шақырылды және Комиссия баяндамасының жобасын талқылауға қатысып өзінің нақты пікірлерін ортаға салды. Ол журналистер қауымдастығы өткен жылы Комиссия баяндамасында «Азаматтардың ақпарат алу конституциялық құқықтарын толық қамтамасыз ету мақсатында «Көпшілік ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы әзірленіп қабылдансын» және «Жала мен намысын қорлау құрамын заңнамалық деңгейде қылмыстық жазадан алып тастау, оларды азаматтық-құқықтық жауапкерлік санатына көшіру жөніндегі жұмыс жалғастырылсын» деген ұсынымдарын зор қанағаттанарлық сезіммен қабыл алғандарын атап өтті. Алайда, ол бұл бағытта әлі күнге дейін оң өзгерістердің байқалмай отырғанын, сондықтан Комиссия мүшелеріне өздері қабылдаған шешімдер мен ұсынымдардың орындалуын қадағалайтын нақты тетіктерді ойластыру қажеттігін ескертті.

К. Жолдыбай Қазақстандағы ойлау, ар-ождан және дін бостандығына қатысты азаматтардың құқықтары төңірегінде де өзінің пікірлерін білдірді. Мәселен, ол «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсін» деген уәждің Комиссия ұсынымдарына енгізілгенін әділетті деп санайтынын айтты. Әсіресе, еліміз аумағында идеологиялық тұрғыдан зиянды ақпараттардың молынан таратылу фактілері орын алып отырған жағдайда және соның нақты көрінісі іспетті соттардың шешімдері бойынша діни экстремизмді және діни терроризмді насихаттағандары үшін 550 сайттардың жабылған тұсында бұл шешімнің дұрыстығы ешбір күмән туғызбайды. Дегенмен, теріс ағымдарға, діни экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыста интернет ресурстарының мүмкіндіктері толығымен іске кірістірілмей жатқаны жасырын емес. Бұл көп   жағдайда Жолдыбайдың ойынша тиісті қаржылардың жоқтығынан туындап отыр. Соның нақты мысалы ретінде ол құрамында жалпы жамағатқа, әйелдер мен қыздарға, сондай-ақ жастарға арналған сайттары бар «Sunna.kz» ақпарат агенттігінің бүгінгі күрделі жағдайын тілге тиек етті. Ең өкініштісі, шынайы ислам іліміне қатысты ақпараттық және ағартушылық тұрғыда 15 мыңнан астам сараптамалық материалдары бар Агенттік қазір өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев радикалды бағыттағы діни ағымдарға қарсы насихатты сайттар арқылы күшейту қажеттігін үнемі ескертіп отырған тұста мұндай келеңсіз жағдайлардың көптеп орын алуы мүлдем түсініксіз.

Кенжеболат Жолдыбайдың жоғарыда айтқан ұсыныстары Комиссия мүшелері тарапынан түсіністікпен қабылданғанын ескере келе, Баяндаманың соңғы үлгісін дайындау барысында олардың есепке алынарына күмән жоқ.

  • Tweet

Пікірлер (0)