«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасының кеңейтілген отырысының № 2 хаттамасы

30.05.2013, 13:59

«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасының кеңейтілген отырысының

№ 2 ХАТТАМАСЫ

 

Астана қаласы                                                   29 мамыр 2013 жыл

 

Өткізілген жері: Отель «Гранд Парк Есиль».

Қатысқандар:

1) К.Жолдыбай,   Бас редакторлар клубының президенті

2)  Б.Жексенбай, Бас редакторлар клубының вице-президенті

3) Ш. Сыздықова, Бас редакторлар клубының вице-президенті

4) В. Салахов, Бас редакторлар клубының вице-президенті

5) М. Тоқтағазин, Бас редакторлар клубының вице-президенті

6) Т. Чернега, «Бас редакторлар клубы» ҚБ тексеру комиссиясының төрағасы

7) С. Түгел, Клуб мүшесі, «Түгел Медиа» бірлестігінің басшысы

8) Ғ. Мүсіреп, Клуб мүшесі, «Нұр Астана» газетінің бас редакторы

9) Ж. Саухат, Клуб мүшесі, «Әдебиет» шығармашылық бірлестігінің директоры - редакторы

10) Ш. Сейілов, Клуб мүшесі, «Информационные телекоммуникационные сети» журналының редакция алқасының төрағасы

11) Қ. Әуесбай, Клуб мүшесі, «Халық сөзі» газетінің бас редакторы

12) Ф. Қалдыбиев, Бас редакторлар клубының үйлестірушісі

Шақырылғандар:

Ж. Байбосынов, Ақпарат және мұрағат комитетінің мерзімді БАҚ басқарамасының бастығы

«Түгел Медиа» бірлестігінің бас редакторлары және «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысы өкілдері – 7 адам

И. Лунев, «Law Companies Group Lunev Waters» заң компаниясының бас директоры, басқарушы серіктесі

А. Еселбаева, менеджер

Қатыспағандар:

Қ. Жанаханов, Бас редакторлар клубының вице-президенті – қызмет бабына байланысты

Күн тәртібі:

 1. «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысы мен «Бас редакторлар клубы» ҚБ екеуара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою.

2. ҚР Президенті сыйлықтарына үміткерлерді ұсыну.

3. Клуб Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы және мүшелік жарналар төлеудің жағдайы жөнінде.

4. Бас редакторлар клубының ағымдағы жұмысы туралы.

5. Түрлі мәселелер.

Басқарма отырысы «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысы мен «Бас редакторлар клубы» ҚБ екеуара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімімен басталды. Мұнан соң Клуб президенті К.Жолдыбай және    «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысының тең төрағалары, атақты қоғам қайраткерлері Марат Нәбиев пен Сәдібек Түгел қабылданған шешімнің мән-жайын түсіндірді. Меморандумның толық мәтіні Клубтың kgr.kz сайтында берілген. Қол қою рәсімі өткеннен кейін «Ұлы Дала қырандары» журналының редакция алқасының төрағасы Марат Нәбиевтің өтінішіне орай оны Клуб мүшелігіне қабылдау туралы мәселе қаралды. Пікір алмасудан соң, М.Нәбиевті Клуб мүшелігіне қабылдау туралы К.Жолдыбай мен С. Түгелдің берген ұсынымдары негізінде оң шешім шығарылды.

Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша К.Жолдыбай Клубтың атына «Kaztube.kz» бейне - порталы редакциясынан, «Халық сөзі» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбайдан, Қостанайдағы «Алау» телерадиокомпаниясынан хаттар келіп түскенін айтты. Олар ҚР Президентінің сыйлығын беру, грантын ұсыну және Алғысын жариялау жөніндегі Қоғамдық комиссияға өздерін осы сыйлықтардың біріне ұсынуларын өтінеді. Бұл өтініштер негізінен дұрыс қабылданып, тек «Алау» ТРК төңірегінде кейбір Басқарма мүшелері басқаша пікірлер білдірді. Осы ретте, бұдан бұрын «Алау» ТРК Клуб тарапынан ҚР Президенті грантына ұсынылғаны және оның басшысының бұл мәртебеге ие болғаны айтылды. Бұл мәселені және жалпы үміткерлерді талқыдан өткізудің нәтижесінде Kaztube.kz» бейне - порталы редакциясын, «Халық сөзі» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбайды, «Алау» телерадиокомпаниясы ұжымын тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің Сыйлығын беруге, Грантын тағайындауға, Алғыс хатын жариялауға ұсыну туралы шешім шығаруға болатындығы айтылды. Дауыс берудің қорытындысы бойынша бұл шешімді «Алау» телерадиокомпаниясына Басқарма мүшелерінің екеуі қарсы, ал қалғандары жақтап, өзге екі баламаны толықтай қолдап бекітті.

Клуб Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу және мүшелік жарналар төлеу жағдайы туралы И.Лунев пен Ф.Қалдыбиев хабарламалар жасады. Атап айтқанда, Илья Лунев Жарғыға енгізілген толықтырулар мен өзгерістердің нақты баптарын жазбаша түрде ұсынып, тиісті түсініктемелерін қоса берді. Мәселен, ол ассоциациялы мүшелерге қатысты Жарғыға өзгерту енгізудің қажеті жоқ деп санайды, өйткені онда олардың өзгешеліктері нақты айтылған. Айталық, егер Клуб мүшесі бас редакторлықтан немесе БАҚ-тың бірінші басшысы қызметінен кетсе, ол бірден қоғамдық бірлестік мүшелігі құрамынан шығарылады. Дегенмен, өзінің қалауы бойынша ол адам Клубтың ассоциациялы мүшелігіне өтуіне болады. Бұл жағдайда азамат ассоциация мүшелерінің Жарғыда көрсетілген белгілеріне сәйкес әрекет етеді. Сондай-ақ Лунев Жарғының жаңа редакциясын жалпы талқылауды электрондық дауыс беру жолымен оның мәтіндерін Клубтың kgr.kz сайтына орналастыру арқылы жүзеге асыруды ұсынды. Дауыс беруге мәтін сайтқа ілінген тұстан бастап бір ай мерзім анықталып отыр. Луневтің электрондық дауыс беру туралы ұсынысы бұл мәселенің биылғы 19 сәуірде өткен есеп беру-сайлау Конференциясында талқыланғанына байланысты бірауыздан қабылданды.

Фараби Қалдыбиев мүшелік жарналарды төлеу көңіл көншітпейтініне назар аударды, сондықтан оларды төлеудің ақырғы мерзімін осы жылдың 1 шілдесіне дейін созған жөн деп санайтынын айтты. Бұл ұсынысты Басқарма толық қолдап, осы мерзім ішінде жарналарын төлемеген мүшелерді Клубтың құрамынан шығару туралы шешім қабылдады.

Клуб тарапынан соңғы басқарма отырысынан кейінгі атқарылған іс-шаралармен әдеттегідей К.Жолдыбай таныстырды. Атап айтқанда, ол Клуб мүшелерінің ХІ Еуразия медиа-форумына, «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысының ІІ съезіне, VI Астана экономикалық форумына қатысқандарын және «Ғалымдардың Еуразия экономикалық клубы» Ассоциациясының тең төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты С.Нөгербековпен кездескенін тілге тиек етті. Сонымен бірге Клуб президенті К.Жолдыбайдың «Баланың денсаулығына және дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын талқылау үшін Д. Назарбаеваның төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысына, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген мәжілісіне қатысып сөз сөйлегені туралы да айтылды. Клуб вице-президенті М.Тоқтағазинның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР заңының тиімділігі» тақырыбында журналистер үшін әдістемелік семинар өткізгені, Клуб мүшелері, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Ж.Кенжалин мен «Түркістан» республикалық газетінің бас редакторы Ш.Паттеевтің Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқитын шетелдік студенттер арасында өткен «Әлем таныған Қазақстан» атты шығармашылық байқауға ақпараттық қолдау көрсеткендері сөз болды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен бас редакторы Клуб мүшесі Қ.Әуесбай болып тағайындалған «EXPO2017 Astana» атты журналдың тұсаукесер рәсімі өткені туралы да хабарланды.

Отырыс соңында бірқатар ұйымдық мәселелер қаралды. К. Жолдыбай Басқарма мүшелерінің назарына Клубтың атқарушы директоры қызметіне А.Еселбаеваны ұсынып, оны қолдауын өтінді. Нәтижесінде А.Еселбаева 2013 жылғы 1 маусымнан штат кестесіне сай лауазымдық жалақымен атқарушы директор қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар, Журналистер күнін өзіне лайықты атап өту үшін Ақпарат және мұрағат комитетімен бірлескен акция ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Осыған орай, тиісті медиа-жоспар дайындау және БАҚ басшылары атына осы бастаманы қолдауды өтінген хат жолдау жөнінде тапсырмалар берілді.

ШЕШІМ:

1. «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысы мен «Бас редакторлар клубы» ҚБ екеуара ынтымақтастық туралы Меморандумға қолдау білдіріліп оның негізгі ережелерінің толық орындалуына қатысты шаралар қаралсын. Меморандумның толық мәтіні Клубтың kgr.kz сайтында берілсін.

2. БАҚ басшыларына «Ұлы Дала Даңқы» мұражайы құрылысын бастауға арналған жалпы республикалық акцияға ақпараттық тұрғыдан кең көлемде қолдау көрсету ұсынылсын.

3. «Ұлы Дала қырандары» журналының редакция алқасының төрағасы Марат Нәбиев Бас редакторлар клубы мүшелігіне қабылдансын.

4.  «Бас редакторлар клубы» ҚБ Жарғысының жаңа редакциясы жобасы талқылауға шығарылсын және Клубтың kgr.kz сайты арқылы болатын электрондық дауы беру нәтижесі бойынша Жарғы түпкілікті қабылдансын.

5. Жарналарды төлеу мерзімі 2013 жылдың 1шілдесіне дейін созылсын. Содан кейін төлемегендер Клуб мүшелігі құрамынан шығарылсын.

6. Бас редакторлар клубының атқарушы директорлығына Еселбаева Асем Жұмабекқызы 2013 жылғы 1 маусымнан тағайындалып, лауазымдық жалақысы штат кестесіне сай белгіленсін.

7. Журналистер күнін лайықты атап өту үшін Ақпарат және мұрағат комитетімен бірлескен акция ұйымдастырылсын. Осыған орай, тиісті медиа-жоспар дайындалып, БАҚ басшыларына осы бастаманы қолдауды өтінген хат жіберілсін.

 

         Модератор                                              К. Жолдыбай

         Хатшы                                                     Ф. Қалдыбиев 

  • Tweet

Пікірлер (0)