Диалог өзінің қисынды жалғасын табуда
22.07.2013, 10:05
ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адам өлшемдері бойынша диалог алаңы» консультативтік кеңестік органның (ККО) 2013 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес 19-шы шілдеде Астана қаласында құқықтың басымдығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша бұл органның секторлық мәжілісінің үшінші отырысы өтті. Мәжіліс жұмысына ККО мүшелері, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай және Клуб мүшесі, «Человек и закон» республикалық газетінің бас редакторы Марат Башимов қатысты. Мәжілісті ҚР СІМ ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі Үсен Сүлеймен жүргізіп отырды. Ол мәжіліске қатысушыларға ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ідірісовтің АҚШ-та демократияны дамыту және адам құқықтарын қорғау мекемелерінің өкілдерімен кездесуі болғаны, онда ККО жұмысына оң баға берілгені, адам құқығы саласының ұлттық институттарын нығайту және адамның намысын қорғау бойынша бірлесе жұмыс атқаруға келісімге келгені жөнінде толыққанды ақпарат берді.
Аталмыш мәжілістің күн тәртібіне «Адам құқықтары саласы бойынша ҚР заңдары мен құқық қолдану тәжірибесінде халықаралық құқықтың негізгі принциптерін іске асыру» және «ҚР құқықтың басымдығын институттық тұрғыдан қамтамасыз ету» атты екі мәселе шығарылып, терең талқыланды. Қалыптасқан әдет бойынша негізгі және балама баяндамаларды ҚР Әділет министрлігінің департамент директоры Эльвира Әзімова, Конституциялық Кеңестің мүшесі Виктор Малиновский, «Адам құқы және заңдылықты сақтау бойынша Қазақстан халықаралық бюросы» кеңесі төрағасы Евгений Жовтис, «Халықаралық құқық бастамасы» ҮЕҰ сарапшысы Амангелді Шорманбаев жасады.
Баяндамашылар және жарыссөзге қатысқандар адам құқығы бойынша елде қалыптасқан жағдай жөнінде сараптамалық мәліметтерді келтірді, бұл салада орын алып отырған кемшіліктерге назар аударды, оларды реттеу үшін тиісінше пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Нақтырақ айтсақ, құқық қорғау ұйымдарымен бірлескен жұмыс тобын құру арқылы қазақстандық заңдар мен құқық қолдану тәжірибесінің адам құқықтары саласы бойынша халықаралық құқықтардың негізгі принциптеріне сәйкестігіне кең көлемдегі сараптаманың жасалу қажеттілігі жөнінде ұсыныс берілді. Сондай-ақ, мәжілістің келесі бір отырысын халықаралық құқық қорғау мекемелері ұсыныстарының орындалу барысына арнау керектігі айтылды, азаматтық қоғам өкілдеріне заң жобалары бойынша талқылауға және мемлекеттік органдардың сайттарындағы құқық мәселелеріне мониторинг жасау процессіне белсенді қатысу ұсынылды. БАҚ арқылы құқықтық насихат жұмыстарын үдетудің аса қажеттілігіне баса назар аударылды. Сонымен қатар, азаматтық қоғам өкілдері «Қазақстанда құқық қорғау тетіктерін жетілдіру және Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған әмбебап мерзімді шолуының ұсыныстарын тиімді іске асыру» тақырыбы бойынша жасалатын баяндаманың ортақ жобасын дайындауға шақырылды.
Жалпы алғанда, жекелеген адамдардың мәселелері барлық қоғамның мәселесі ретінде қабылданатын ахуалды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету керек деген пікірдің, сондай-ақ озық үлгілі демократияны бір күнде орнықтыру мүмкін еместігі, әрі оны сырттан тануды, отандық демократия әлемдік тәжірибеге ғана емес, сонымен бірге ұлттық ерекшеліктерге сүйенуді қажет ететіндігі, ең бастысы, билік пен қоғам демократиялық реформаларды жүргізуге және оларды нәтижелі етуге бірдей мүдделі туралы түсініктің орын алғанын атап өткен жөн.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий