«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасының кеңейтілген отырысының № 4 ХАТТАМАСЫ
31.07.2013, 0:00
«Бас редакторлар клубы» ҚБ басқармасының кеңейтілген отырысының
№ 4 ХАТТАМАСЫ
Астана қаласы 29 шілде 2013 жыл
Өткізілген жері: «Астана ақшамы» газетінің редакциясы.
Қатысқандар:
1) К.Жолдыбай, Бас редакторлар клубының президенті
2) Қ. Жанаханов, Бас редакторлар клубының вице-президенті
3) В. Салахов, Бас редакторлар клубының вице-президенті
4) М. Тоқтағазин, Бас редакторлар клубының вице-президенті
5) Т. Чернега, «Бас редакторлар клубы» ҚБ тексеру комиссиясының төрағасы
6) Қ. Әуесбай, Клуб мүшесі, «Халық сөзі» газетінің бас редакторы
7) Е. Қамен, Клуб мүшесі, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы
8) Н. Әбілдаев, Клуб мүшесі, «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы
9) Ә. Есілбаева, Бас редакторлар клубының атқарушы директоры.
Қатыспағандар:
Б.Жексенбай, Бас редакторлар клубының вице-президенті – еңбек демалысында
Ш. Сыздықова, Бас редакторлар клубының вице-президенті – жұмыс бабына байланысты
Күн тәртібі:
1. «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерімен танысу.
2. Клуб вице-президенті Қ.Жанахановтың есебі.
3. Бас редакторлар клубының ағымдағы жұмысы туралы.
4. Түрлі мәселелер.
Басқарма отырысы алдында Бас редакторлар клубы басқарма мүшелері «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттері ұжымдарымен олардың жұмыс бастарында кездесіп әңгімелесті. Соның барысында екі басылымның да жемісті жұмыс жасауға толық мүмкіндіктері бар екендігі қанағаттанарлық сезіммен айтылды. Өйткені, осы жылдың көктемінен Астана әкімшілігінің көмегі арқасында олар «Бәйтерек» кешенінің маңында орналасқан «Нұрсая – 2» тұрғын кешенінің ғимаратының зәулім де кең бөлмелеріне ие болып отыр.
Мұнан соң «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің таныстырылу рәсімі басталды. Бірінші болып сөз алған «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Ерболат Қамен басылымның кешегісі мен бүгінгісі туралы, алдағы жоспарлары жәйлі жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар қол байлау болып отырған мәселелерге назар аудара отырып, бұл тұрғыда ең өзектісі кадр мәселесі болып тұрғанын атап өтті. Әріптесінің мұндай көңіл күйін қолдайтынын ескерте келе «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы Нұрғали Әбілдаев өз кезегінде кадр мәселесін шешу жолдарын үйлестірумен Бас редакторлар клубы айналысқанын дұрыс деп санайтынын, сондықтан оның жанынан жас журналистер мектебін ашып, оған масс-медианың кәнігі мамандарын тарту қажет екендігін айтты. Өзінің газетіне қатысты тоқтала келе ол бұл басылымның астана өмірінің энциклопедиясы ретінде танылып отырғанын мақтанышпен жеткізді. Газеттің бүгінде тек қала өмірімен ғана шектелмейтінін айта отырып, оның бетінде «Әлем астаналары мен қалалары» атты айдардың жұмыс жасап жатырғанын және соның шеңберінде еліміздің жас астанасының тыныс-тіршіліктерін солармен салыстырып отырудың сәті түсіп жатқанын ескертті. Мұның сыртында «Қала бойынша кезекші» және «Тікелей желі» айдарларының да оқырмандардың ойынан шығып отырғаны айтылды. Жалпы, екі басылым туралы толық ақпаратты Клубтың kgr.kz сайтынан оқуға болады.
Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша Клубтың вице-президенті Қ. Жанахановтың есебі тыңдалды. Ол Алматы қаласындағы Клуб мүшелерінің қызметтерін үйлестіру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе осы жылғы 10- қыркүйекте олармен жиналыс өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Қоғамдық бірлестікті қаржыландырудың нақты көздеріне қатысты мәселелермен де айналысып жатқанын ескертті, сондай-ақ мүшелік жарнаға қатысты ойларын білдірді. Тиісті талқылаудан кейін оның есебі мақұлданып, Қ.Жанахановтың және астаналық екі басылым басшыларының ұсыныстарын жүзеге асыру Клубтың атқарушы директоры Ә.Есілбаеваға тікелей жүктелді. Басқарма отырысының келесі мәжілісінде вице-президент М.Тоқтағазин есеп береді деп шешілді.
Клуб тарапынан соңғы басқарма отырысынан кейінгі атқарылған іс-шаралармен әдеттегідей К.Жолдыбай таныстырды. Атап айтқанда, Клуб мүшелерінің «Институт посткризисного мира» халықаралық қоры директоры Екатерина Шиповамен, Ресей халықтар достығы университетінің Қытайды зерттеу орталығы директоры Алексей Масловпен, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінің директоры Ержан Бабақұмаровпен кездесуі болып өтті. Клубтың бірқатар мүшелері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «БАҚ. Билік.Қоғам» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысты. Клубтың ұйымдастыруымен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде астаналық журналистер мен осы университеттің жас ғалымдары арасында «Зейнетақы жүйесін модернизациялау» атты тақырыпта пікірсайыс өтті. Клуб президенті К. Жолдыбай және Клуб мүшесі М. Башимов ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адам өлшемдері жөніндегі диалог алаңы» консультативті кеңесі отырысына қатысты.
Отырыс соңында К. Жолдыбай басқарма мүшелерін «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігін «Қазақстан азаматтық альянсы» ЗТБ құрамына енгізу туралы мәселе көтеріп, оны қолдауды өтінді және бұл ұсыныс оң шешімге ие болды. Атқарушы директор Ә.Есілбаева Клубтың коммерциялық ұсыныстары бойынша жобасын таныстырды және осы күнге дейін мүшелік жарналардың төленуі жағдайы жөнінде баяндап берді. Шығыс Қазақстан облыстық жекеменшік «Мөлдір сана» газетінің бас редакторы Б.Шалғынбай мен «Хабар» телеарнасының «Халық сарапшысы» бағдарламасының бас редакторы М.Акишевтің Клубқа мүшелікке өту жөніндегі өтініштері қаралып талқыланды. Нәтижесінде, олар Басқарма мүшелері К.Жолдыбай, В.Салахов, М.Тоқтағазин мен Қ.Жанахановтың ұсыныстары бойынша Клубқа мүшелікке қабылданды. Клуб президентін ақылы жұмысқа алу туралы ұсыныс енгізіліп, тиісті талқылаудан кейін 2013 жылғы 1 шілдеден «Бас редакторлар клубы» ҚБ штат кестесіне сай оған лауазымдық жалақы тағайындау жөнінде шешім шығарылды.
ШЕШІМ:
1. «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің бас редакторлары Е.Қамен мен Н.Әбілдаевтың хабарламалары қаперге алынсын.
2. Клуб вице-президенті Қ.Жанахановтың өз қоғамдық міндеті аясында атқарған жұмысы жәйлі есебі мақұлдансын. Клубтың келесі отырысында вице-президент М.Тоқтағазиннің есебі тыңдалсын.
3. Атқарушы директор Ә.Есілбаева БАҚ-пен коммерциялық тұрғыда жұмыстар жасауға қатысты вице-президент Қ.Жанахановтың және астаналық газеттердің бас редакторларының ұсыныстарын іске асыруды қолға алсын.
4. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігін «Қазақстан азаматтық альянсы» ЗТБ құрамына енгізу туралы шешім мақұлдансын және атқарушы директор Ә.Есілбаева оны іс жүзіне асыруға қатысты жұмыстарды жүргізсін.
5. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің коммерциялық ұсыныстар жөніндегі жобасы мақұлдансын және оны іс жүзіне асырудың нақты тетіктері қарастырылсын.
6. Бас редакторлар клубының президентіне 2013 жылғы 1 шілдеден лауазымдық жалақы тағайындалып, оның мөлшері штат кестесіне сай белгіленсін.
7. Шығыс Қазақстан облыстық жекеменшік «Мөлдір сана» газетінің бас редакторы Б.Шалғынбай мен «Хабар» телеарнасының «Халық сарапшысы» бағдарламасының бас редакторы М.Акишев Клубқа мүшелікке қабылдансын.
Модератор К. Жолдыбай
Хатшы Ә. Есілбаева
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий