Астана өмірінің энциклопедиясы

30.07.2013, 10:30

«Астана ақшамы» газеті 1990 жылдың 13 қазанынан «Ақмола ақиқаты» деген атаумен аптасына шыға бастады. Аптасына бір рет шығып тұратын  «Ақмола ақиқаты» газеті кезінде Целиноград қалалық халық депутаттары Кеңесінің шешімімен құрылған болатын.

 Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1998 жылы қаңтар айында газет атауы «Ақмола ақшамы» болып өзгертілді және осы жылдың 12 мамырынан күні  бүгінге дейін  «Астана ақшамы» газеті болып шығып келеді. Қаланың Елорда мәртебесін алуына байланысты «Астана ақшамы»  республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болып, аптасына үш рет   шығатын болды.

Осы жылдары «Астана ақшамы» газеті мемлекеттің басты қаласының саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өмірінің шынайы энциклопедиясына айналды. 2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанды. Бірнеше журналистері халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары болды.

Газет Елорданың қоғамдық өміріне белсенді қатысты. Бірнеше жыл «Астана ақшамы» газетінің жүлдесі үшін қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыс ұйымдастырды, футболдан редакциялар арасында футболдан қалалық турнир өткізуді дәстүрге айналдырды. 2008 және 2009 жылдары «Астана ақшамы» газетінің кітап сериясы бойынша   «Ақордалы Астана» және « Бағаналы орда, басты орда» атты деректі - бейнелеу кітаптар шығарылды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында «Менің атам – майдангер» байқауын өткізді. Бұл байқауға 100-ден астам үміткерлер қатысты. Осы байқауда үздік танылған шығармалар «Астана ақшамы» газетінің кітап сериясы бойынша жинақ болып шықты.

«Астана ақшамы» газетінде әр жылдарда елімізге танымал журналист-жазушылар еңбек етті. Атап айтқанда, бүгіндері жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайыл – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы-журналист Жанболат Аупбаев – «Егемен Қазақстан» газетінің вице-президенті әрі бас редакторы, жазушы Дидахмет Әшімханұлы – «Түркістан» газетінің бас редакторының орынбасары, белгілі журналист, филология  ғылымдарының докторы Бауыржан Омарұлы – ҚР Президенті Әкімшілігінде қызмет істейді, Ғалым Омарханов – Оңтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы,  Ерғазы Әсембеков –  «Сарбаз» газетінің бас редакторы, Табыл Құлияс қазір жазушылықпен айналысуда.

Жиырма жылдық тарихы бар газетте әр жылдарда Кенже Жұмағұлов, Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыханов, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп сияқты көрнекті журналистер  бас редактор болып еңбек етті. 2026 жылдың қаңтар  айынан бері «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы қызметін Ерболат Қаменов атқарып келеді.  

  • Tweet

Пікірлер (0)