Қостанайда пәтуалы әңгіме болып өтті

03.08.2013, 10:30

Үстіміздегі жылғы 31-шілдеде Қостанай қаласында Қостанай облыстық Бас редакторлар клубының кезекті мәжілісі шеңберінде «Интернет дәуірінде дәстүрлі БАҚ-ты дамыту» тақырыбы бойынша «Дөңгелек үстел» болып өтті. Іс-шара Қостанай облыстық жекеменшік «Алау» телерадиокомпаниясының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылғанын ерекше атап өткен жөн. Бұл іс-шараға облыс әкімі Нұралы Садуақасов, облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов, Қостанай қаласының әкімі Ғәуез Нұрмұхамбетов, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай, Қазақстанның Телерадиохабарлар таратудың ұлттық ассоциациясының өкілдері, Қостанай облыстық Бас редакторлар клубының мүшелері, «Алау» ТРК қызметкерлері қатысты. Аталмыш отырысқа облыстық Бас редакторлар клубының төрағасы Сергей Харченко басшылық жасады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар «төртінші биліктің» қоғамдағы орыны, дәстүрлі БАҚ болашағы, БАҚ пен биліктің қарым-қатынасы, сөз бостандығы және ақпаратқа қол жетімділік, баспасөз жауапкершілігі төңірегінде кеңінен сөз қозғап, ортақ мәмілеге келуге ұмтылды. Атап айтқанда, аймақ басшысы Н.Садуақасов өзінің сөзінде адамдардың айналада болып жатқан өзгерістер жәйлі барлық ақпараттармен танысқылары келетінін тілге тиек ете отырып, бұған толық жағдай жасау қажет екендігін айтты. Бұл бағытта қазір аймақта нарықтық ақпараттық кеңістіктің қалыптасып үлгергенін, сөйтіп салиқалы бәсекелестіктің орын алып отырғанын жеткізді. Мәселен, бүгін облыста 118 БАҚ жұмыс жасап жатса, оның алтысы ғана мемлекеттік болып есептелінеді. Осы ретте жекеменшік «Алау» ТРК жұмысына өзінің оң бағасын берді. Оның пікірінше «Алау» болып жатқан өзгерістерді салиқалы бағамдай біледі, ТРК тақырыпты ашуда бірізділікті ұстанады әрі өте сауатты материалдар ұсынып, көрерменді тәнті етеді, экономикалық тұрғыдан нық қалыптасты және соның арқасында тек соңғы бес жылда бюджетке салық ретінде 100 миллион теңге салды. Облыс әкімі сондай-ақ журналистердің, әсіресе Интернет саласында орын алып отырған тым төменгі жауапкершілігіне алаңдаушылығын жеткізді және барлық масс-медиа қызметкерлерін ақпараттық құқықтық өріс шегінде жұмыс жасауға шақырды.

Дөңгелек үстелде «Интерньюс Казахстан» халықаралық ұйымның өкілі А.Сухачева, «Алау» ТРК бас редакторы Е.Назарова, ҚР Телерадиохабарлар тарату ұлттық ассоциациясы заңгері С.Власенко, «Костанайские новости» облыстық газетінің бас редакторы С.Харченко сөз сөйледі. Баяндамашылар және пікірсайысқа қатысушылар негізінен журналистиканың болашағы жәйлі ойларын ортаға салды. Біреулер әмбебап өнерге ие Интернеттің қазіргідей күрт дамып келе жатқан тұсында баспасөздің болашағы бұлыңғыр десе, тағы басқалары газеттің де, теледидардың да өміршеңдігіне еш күмән келтірмейді. Өйткені зиялы ойдың иелері небір құнды материалдарды қамтитын дәстүрлі БАҚ-қа қашанда мұқтаж. Сонымен бірге, Интернеттің орыны мен рөлі, оның өз өнімдеріне деген жауапкершілігі төңірегінде қызу пікірталас орын алды. ҚР Телерадиохабарлар тарату ұлттық ассоциациясы заңгері С.Власенконың пікірінше, кезінде Интернет - ресурсқа жатқызылатын БАҚ нысандарының анықталмауы салдарынан қазір көптеген проблемалар туындап отыр. Осыған орай, заңгер заңдық тұрғыдан бұл өзекті мәселе қайтадан реттелуі керек деп санайды.

Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша Бас редакторлар клубының президенті К.Жолдыбай да өзінің пікірін білдірді. Ол жиынға қатысушылар назарын БАҚ және биліктің қарым-қатынасында елімізде өзара түсіністік ахуалы қалыптасып отырғанына, ал бұл қоғам дамуының зерделі сипатқа ие болғандығының белгісі екендігіне аударды. Осы ретте, стратегиялық тұрғыда билік, БАҚ және ҮЕҰ бір болуы қажет дей келе, ол бұл тұлғалар тактикалық бағытта түрлі жолды қабылдауы мүмкін деген тұжырымын айтты. Ендеше, кемшіліктерді түзетудің бірден бір айқын жолы ретінде танылатын сындарлы пікірлер мен өзгеше пайымдардың қоғамда міндетті түрде болулары шарт. Ақпараттық ресурстардың басымдығына қатысты К.Жолдыбай олардың қай-қайсысы болмасын бір-бірін шеттету емес, керісінше толықтырып отырумен бедерленуі тиіс деген ойын айтты. Сондай-ақ, барлық БАҚ жауапкершілікті сезінулері қажет дей келе, ол былтырғы күзде елімізде тұңғыш рет Қазақстан журналисінің этикалық Кодексі қабылданғанын еске салды және күнделікті жұмыста оның мүмкіндіктерін пайдалану керектігін ескертті.

Бір сөзбен айтқанда, пікірсайыс барысында көп жайлар талқыға түсті және айтылған әңгімелердің төркіні көптің ойынан шықты. Әрі бұл тақырып келесі күні Телерадиохабарлар тарату ұлттық ассоциациясы өкілі өткізетін шеберлік сыныбында қосымша талқыланатын болды.

Облыстық Бас редакторлар клубы отырысының соңына таман «Алау» телерадиокомпаниясының басшысы Зульфия Арефьеваның редакциялауымен дайындалған «Телекухня «Алау» кітабының тұсаукесері болды, сондай-ақ мерейтой иелеріне құттықтаулар айтылып, естелік сыйлықтар табыс етілді. Іс-шара қалалық алаңда үлкен концертпен аяқталды.     

  • Tweet

Пікірлер (0)