Киелі өлкеде киелі іс басталды

12.08.2013, 9:10

Жақында Маңғыстау облысында осындағы БАҚ басшыларының басын қосқан құрылтай жиналысы болып, оның барысында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы ашылды. Оған басшы болып қалалық «Ақтау ақпарат» газетінің бас редакторы Сағындық Рзахметов бірауыздан сайланды.

Мұнайлы өлкеге арнайы іссапармен келген «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай Маңғыстау басылымдарының басшылары бас қосқан жиында алдымен Клубтың мақсаты мен оның қоғамдағы алар орынын жиылғандарға түсіндіріп өтті. Атап айтқанда, Клубтың елімізде шығармашылық ахуалды орнықтыруға, БАҚ арасында нарықтық қатынастарды дамыта отырып салиқалы бәсекелестікті дамытуға, саяси қалыптылық пен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екендігіне баса назар аударылды. Сонымен қатар, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді халықтың әл-ауқатын жақсарту тұрғысында шешілуіне ерекше мән берілетіні, осыған орай Клуб мүшелерінің осы өзекті мәселелерді шешуге жауапты лауазым иелерімен кездесіп отыратындары жәйлі айтылды.

–Біздің мақсат - билік пен бұқара арасында алтын көпір орнату, кез келген күрделі мәселені ортақ алаңға шығару, пікір түйіндеп, нәтиже шығаруға ұмтылу. Билікке халық атынан бақылаушы бар екендігін үнемі есіне салып отыру керек, басқа нәрседе пікір керағарлығы болуы мүмкін, алайда елдік, мемлекеттік, ұлттық мақсатта бір болуымыз керек! Біз неге басылым, телеарна, сайт, радио тағы басқа да ақпарат құралдарының басшыларының басшыларын басын қосқымыз келеді? Өйткені, олар - ең маңызды ақпараттарды алдымен алады, қарамағындағыларға сосын жеткізеді, бірігіп сараптама жасайды. Әлеуметтік мәселелерді шешерде, журналист мәртебесін көтерерде біздің мүддеміз бір болуы керек, - деді Кенжеболат Жолдыбай.

Басқосуда жақында құрылған «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры  міндетін атқарушы, «Бас редакторлар клубы» ҚБ мүшесі Тельман Бейсенов өз тарапынан ашылғалы отырған филиал басшылығына 30 жылға жуық осы салада еңбек етіп келе жатқан, кәсіби журналист Сағындық Рзахметовты ұсынды. Бұл ұсыныс маңғыстаулық бас редакторлар тарапынан толық қолдау тапты.

Сапар барысында Кенжеболат Жолдыбай Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов және Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Халила Нұрғалиевамен кездесіп БАҚ және билік қарым-қатынасының өзекті де келелі мәселелері төңірегінде пікір алмасты. 

 

  • Tweet

Пікірлер (0)