Сайлау заң талаптарына сәйкес өтті
12.08.2013, 9:20
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 555 Жарлығына сәйкес егемендігіміздің тарихында тұңғыш рет ағымдағы жылғы тамыз айының 5 – 9 аралығында 2457 ауылдық округ пен аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін мәслихат арқылы сайлауы өтті. Бұл еліміздегі барлық әкімдердің 91,5 пайызы болып табылады. Сөйтіп, жергілікті өзін өзі басқару жүйесі іске кірістіріліп, елдің демократиялық дамуы үшін маңызды қадам жасалды. Жалпы, әкімдер сайлануының енгізудің басты мақсаты - халықты мемлекетті басқаруға тарту, оның ең оңтайлы, айқын және тиімді моделін қалыптастыру екендігі болып отыр.
Елімізде осындай маңызды реформалар жүзеге асырылып жатқанда азаматтық қоғам институттарының және бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі ерекше екені сөзсіз. Осы ретте, Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын қадағалау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссияның 2013 жылғы 31-ші шілдеде құрылғанын айтқан жөн. Еліміздің белгілі азаматтары басқаратын бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктері бар аталмыш комиссияның құрамына «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай және Клуб мүшесі, Адам құқығы мен еуропалық құқықтарды сараптау институтының директоры, «Человек и Закон» газетінің бас директоры Марат Башимов еніп отыр. Комиссия өз мақсаттарын орындау үшін арнайы жоспарын қабылдап, соның шеңберінде 1-ші тамызда республикалық БАҚ үшін арнайы брифинг өткізді, жұмыс штабын және қоғамдық қабылдауды іске кірістірді, сенім телефоны орнатылды, БАҚ материалдары мен азаматтардың хабарлауларына сүйене отырып электоралды компанияның таза өтуіне мониторинг жүргізілді, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларымен тығыз байланыс қамтамасыз етілді, БАҚ арқылы сайлаудың барысы кең көлемде насихатталды. Комиссия мүшелері сайлаудың өтуін бақылау үшін жергілікті жерлерде болып қайтты.
Мәселен, К.Жолдыбай Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында өткен екі ауыл және бір кент әкімдерінің сайлану рәсімін қадағалады. Оның ойынша сайлау заң талабына сай өткен. Атап айтқанда, дауыс берушілердің тіркеуден бастап дауыс беретін жабық кабиналар мен жәшіктің орналасулары және комиссия мүшелерінің бюллетендер санайтын орыны, түптеп келгенде, сайлаудың өтуін қадағалаушыларға оны бастан аяғына дейін толық бақылап отыруға мүмкіндік берді. Дауыс беретін күні сайлау учаскесінде және дауыс беретін кабиналарда сайланушыларды насихаттайтын ақпараттар болған жоқ, сайлау бюллетендері Орталық сайлау комиссиясы бекіткен үлгіде әрбір сайлаушыға екі жақты қол қою арқылы үлестірілді, ал олардың алдын ала Орталық сайлау комиссиясымен ақылдасып белгілеген артық сандары көпшіліктің көзінше жойылды, дауыс беру жәшігі арнайы мөрмен бекітіліп, жабық әрі бос күйінде тұрды. Әрбір сайлаушы бір өзі ғана кабинаға кіріп, тек өзі үшін дауыс берді және өзінің ниетін білдіргеннен кейін дауыс беретін жерден сыртқа шығып кетіп отырды. Сайлаушылардың барлық іс-қимылдары бұқаралық ақпарат құралдарының назарында болды. Бір сөзбен айтқанда, дауыс беру барысында ешбір тәртіп бұзушылық орын алған жоқ.
Ол сонымен қатар сайлаудың өту барысы жәйлі дүйім жұртшылықты таныстыру ретінде әрі бақылаушы есебінде түйген ойларымен бөлісу үшін жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына, нақтырақ айтқанда «Хабар», «Астана ТВ», «Қазақстан-Ақтау» телеарналары, «Bnews» порталы, «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан», «Литер», «Айқын», «Алаш айнасы», «Огни Мангистау», «Маңғыстау», «Ақтау Ақпарат» газеттері беттерінде қазақ және орыс тілдерінде сұхбат бергендігін ескертті.
2013 жылғы 10-тамызда Астана қаласында сайлаудың қорытындысы туралы Комиссия мүшелері арнайы баспасөз конференциясын өткізді. Оның барысында Елбасының ауыл әкімдерін сайлауын өткізу жөніндегі шешімінің дұрыстығы толық дәлелденгені айтылды әрі бұл Қазақстанда демократиялық жаңарудың шешуші түйіні болды делінді. Сонымен бірге, орын алған кейбір кемшіліктер жөнінде сөз қозғалды. Мәселен, жекелеген адамдар тарапынан кей ауыл әкімдерінің кәсіби қызметіне көңілдері толмауы, аудан әкімдерінің баламаларды ұсынғанда бірауызды болмауы, баламалардың өз деңгейінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алмауы, ауыл әкімдерін орынынан босату жолының заң бойынша толық айқындалмауы тәрізді кемшіліктерге аса назар аударылды. Осылар және тұрғындардың өткен сайлауға деген көзқарастарын білу мақсатында жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері сайып келгенде электоралды процесті терең зерттеуге және соның арқасында сайлау туралы заңды жетілдіруге, сондай-ақ сайлаудың өту тәртібін белгілеудің жаңаша әдістемелік нұсқасын дайындауға мүмкіндік берері сөзсіз.
Жалпы, демократиялық және ашық тұрғыда өткен бұл сайлау біздің қоғамның жаңа асуларды еңсеруге толық дайын екендігін көрсетіп берді.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий