БАҚ-тың бәсекеге қабілетті бола білуі – қазіргі заман талабы

19.12.2013, 11:19

2013 жылғы 18 желтоқсанда Астана қаласында «Қазақстандық БАҚ пен Интернеттің бәсекеге қабілеттігін көтеру» тақырыбы бойынша халықаралық семинар-тренинг өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен «Zindustries LLP» Компаниясының ақпараттық-сараптамалық басқармасына қарасты «Жас ұлан» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырған іс-шарасына мемлекеттік органдардың өкілдері, БАҚ саласы бойынша отандық және шетелдік сарапшылар, шығармашылық ұжымдар, аймақтық БАҚ және Интернет - ресурстардың басшылары шақырылды. «Бас редакторлар клубы» ҚБ атынан бұл басқосуға «7 арна» телеарнасының директорлар Кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай, «Новое поколение» газеті бас редакторының орынбасары Юлиана Жихорь, «Вечерний Алматы» газетінің бас редакторы Николай Жоров, «ҚазАқпарат» агенттігі директоры Дәурен Дияров қатысты. Семинар-тренингті «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды.

Іс-шараға қатысушыларға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалианбеков құттықтау сөз сөйлеп, олардың назарын мемлекеттің тарапынан медиа инфрақұрылымы саласын жақсарту, БАҚ-қа қатысты заңдылықтарды жетілдіру, отандық масс-медианың техникалық тұрғыдан артта қалушылығын жою бағытында нақты атқарылып жатқан жұмыстарға аударды.

Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің дамуы жөнінде Кенжеболат Жолдыбай айтып берді. Осы ретте, ол семинар тыңдаушыларын БАҚ-тың бүгінгі жағдайымен таныстырды, отандық БАҚ және Интернет ресурстарының контентінің сапасын көтеру, олардың техникалық жағынан жабдықталуын толық қамтамсыз ету бойынша істелініп жатқан жұмыстарға тоқталды, БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін көтеру бағытында халықаралық тәжірибелер туралы сөз қозғады.

Өз елдерінде БАҚ және медиа-контентті алға жылжыту бағытындағы ізденістер жәйлі «Интеграция и развитие» қоғамдық ұйымының (Армения) директоры Арам Сафарян, Ресей саяси және экономикалық комуникациялар агенттігінің бас директоры Дмитрий Орлов, «Новости Азербайджана» АМИ бас директоры Гүлнара Мамедзаде, Еуразия коммуникативтік орталықтың жетекшісі, РИА Новости агенттігінің кеңесшісі Алексей Пилько ойларымен бөлісті.

Семинар - тренингке қатысушылардың алдында сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы шекара аймақтық қарым-қатынас Ассоциациясы өкілі Марат Шибутов, «ҚазАқпарат» агенттігінің директоры Дәурен Дияров, «Kazakhstan Today» ЖШС бас директоры Тимур Куватов, «Новое поколение» газеті бас редакторының орынбасары Юлиана Жихорь, «Nur.kz» порталының коммерциялық директоры Ержан Сейітқазинов, «7 арна» телеарнасының директорлар Кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай сөз сөйледі. Мұның сыртында, «Казконтент» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Нартай Әшім өздеріндегі іске кірістірілген табысты медиажобалардың тұсаукесерін өткізді. «Зет индастрис» компаниялар тобының бас директоры Данияр Тәбеев түркі елдері тарихын зерттеуге арналған «Allhistory» халықаралық сайттың ашылғанын хабарлай отырып, бұл ақпараттық ресурс жәйлі жиналғандарға толыққанды мәліметтер берді.

Күн тәртібі тақырыбы бойынша ұйымдастырылған пікірталаста  белгілі отандық сарапшылар Айдос Сарым, Серік Малеев, Дәурен Сәкенұлымен қатар өзге семинар-тренингке қатысушылар БАҚ-тың қарқынды дамуының, олардың бәсекеге қабілеттігін арттырудың тың жолдарын іздеуде қолбайлау болып отырған мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, қазақстандық медиа контенттің Кеден одағы және ТМД елдеріне шығу болашағы мен шетелдік медиа өнімдерімен бәсекелестігі туралы, Интернеттің күрт дамуы тұсында мерзімді баспасөздің рөлі жәйлі, республикада телерадиохабарларды сандық жүйеде таратуды енгізу арқылы медиа инфрақұрылымдарын технологиялық жағынан жақсарту жөнінде нақты әңгімелер айтылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша арнайы резолюция қабылданып, онда қазақстандық БАҚ пен Интернет ресурстардың бәсекеге қабілеттілігін еселеп арттыруға қажетті жағдайлар туғызуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекет және БАҚ алдына нақты міндеттер белгіленді. Сондай-ақ, эфирлі сандық хабар тарату мультиплексіне енгізілу құқын алу кезінде барлық аймақтық телеарналарға бірдей мүмкіндіктер туғызуға, медиа саласының кадрларының біліктілігін көтеруді «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асыруға ерекше назар аударылды.

Жиын соңында семинар-тренингке қатысушылар үшін фотосессия ұйымдастырылды.      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  • Tweet

Пікірлер (0)