Бас редакторлар клубының телевизиялы нұсқалық отырысы өтті

22.12.2013, 17:05

2013 жылғы 20 желтоқсанда Қарағанды облысы Жезқазған қаласының «Дидар» телестудиясының баспасөз орталығында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің аймақтық филиалының телевизиялы «дөңгелек үстел» нұсқасындағы отырысы болып өтті. Отырысқа Клуб президенті Кенжеболат Жолдыбай, қоғамдық бірлестік филиалының мүшелері, Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасының журналистері қатысты. Аталмыш телехабарды Бас редакторлар клубы Жезқазған аймақтық филиалының төрағасы, «Жезқазған қалалық «Дидар» телерадиохабарлар таратушы» ЖШС директоры Базарбай Әлеуханұлы жүргізіп отырды.

Телевизиялық отырыс барысында Бас редакторлар клубының жұмысы төңірегінде, бұқаралық ақпарат құралдарының еркін қызмет жасауына тиісті жағдайлар жасау жәйлі, жалпы журналистика саласындағы қолбайлау болып отырған кедергілер тұрғысында мәселелер тізбегі жан-жақты қаралып, олар мейлінше талқыланды. Кездесу өзара еркін пікір алмасу жағдайындағы ашық әңгіме түрінде өтті. Сонымен қатар кездесуде көтерілген мәселелер бойынша нақты пікірлер айтылып, қажетті деген ұсынымдар білдірілді.

Аталмыш отырыста Клуб президенті К.Жолдыбай «дөңгелек үстелге» қатысушыларды және «Дидар» телеарнасының көрермендерін таяуда болып өткен мерекелер - Тәуелсіздік күнімен және Демократиялық жаңару күнімен құттықтады. Осы ретте ол еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы ішкі және сыртқы саясатының арқасында, сондай-ақ біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың нәтижесінде Қазақстан елі өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік  ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетке айналғанын, сөйтіп Қазақ қоғамы әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы, оның ішінде сөз бостандығы және ой-пікірлерін еркін білдіру бағытында ең жоғары стандарттарға жақындап келе жатқанын тіліне тиек етті. Мәселен, журналистер қауымдастығының пікірлерін ескере отырып бүгіндері жала мен намысын қорлау құрамын заңнамалық деңгейде қылмыстық жауапкершіліктен азаматтық-құқықтық жауапкершілік санатына көшіру қолға алына бастады. Соңғы екі жыл бойы Бас редакторлар клубы тарапынан азаматтардың ақпарат алу конституциялық құқықтарын толықтай қамтамасыз ету мақсатында «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» ҚР Заңының  қабылдануы қажеттілігі жөнінде мәселе көтеріліп келе жатқаны да айтылды. Сонымен қатар, Жолдыбай қоғамдық бірлестіктің журналистердің статусын заңнамалық тұрғыдан анықтау, БАҚ қызметкерлерінің әлеуметтік және үй – тұрмысы жағдайларын жақсарту, журналистердің кәсіби біліктілігін көтеру бағытында да үнемі мәселе көтеріп жүргенін ескертті.

Өз кезегінде телевизия отырысының модераторы Б.Әлеуханұлы өзінің және хабарға қатысушылар мен телекөрермендер атынан Жезқазған қаласын «Отау ТВ» жерүсті эфир таратудың тегін пакетіне қосқаны үшін ҚР үкіметіне шынайы ризашылығын білдіре келіп, соның арқасында телехабарлардың көрсетілім сапасының анағұрлым жақсарғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол еліміздің Президенті Жезқазған - Бейнеу теміржолын салу туралы тарихи шешім қабылдағаны туралы айта келе, қазіргі кезде осы үлкен құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын және оның барысын аймақ халқының көргілері келетіндеріне назар аударды. Бұл тұрғыда ол мұндай мүмкіндіктің «Дидар» телеарнасын «Отау ТВ» платформасының тегін спутниктік хабар таратудың пакетіне қосқан жағдайда туындайтынын баса айтты әрі оны қазіргі жерүсті хабар таратудың қамту аумағы Жезқазған мен Сатпаев қалаларын ғана құрап отырғандығымен түсіндірді.

Б.Әлеуханұлы «Дидар» телеарнасын «Отау ТВ» платформасының тегін спутниктік хабар таратудың пакетіне қосу қажеттілігін облыс орталығының 500 шақырымнан астам қашықтықта орналасқандығымен әрі соның әсерінен облыстық теледидардың хабарларында ірі Жезқазған аймағының мәселелері сирек айтылатынымен де түсіндіре кетті. Сондықтан, аймақтың тұрғындары «Дидар» телеарнасына қол жетімділікті қамтамасыз етуді жиі өтінетіндерін ескертті. Дегенмен, бұл мәселені мекен жайлардың  шалғай жерлерде және де шашыраңқы орналасқандықтан жерүсті хабар тарату жолымен шешу мүмкін болмай отырғандығы жәйлі айтылды. Мәселен, Ұлытау ауданының орталығы Жезқазған қаласынан 130 шақырым қашықтықта орналасса, басқа аймақтар айналасы 250 шақырымдай болып келеді. Осыған байланысты, бұл жерлердің тұрғындары Қарағанды облысының әкіміне «Дидар» телеарнасының хабарын көруге мүмкіндік жасауын сұрайтындары және осындай өтініштердің қала әкімінің жыл сайынғы есеп беру барысында Жезқазған қаласының аумағына жататын Малшыбай мен Теректі елді мекендерінің азаматтары тарапынан да айтылып жүргендері ескертілді.

Сонымен қатар, Б.Әлеуханұлы мұндай өтініштердің Қарағанды облысы мәслихатының депутаты және Бас редакторлар клубының Жезқазған қалалық филиалының төрағасы ретінде өзінің атына да келіп түсіп жататынын айтты. Осыған орай, ол телерадио хабарлар таратуды дамыту бойынша үкіметтік Комиссияның мүшесі санатындағы Бас редакторлар клубының президенті К. Жолдыбайға көтеріліп отырған мәселенің оң шешімін табуға ықпал жасауын өтінді және бұл өтініш қоғамдық бірлестік жетекшісі тарапынан қабылданды.

Телевизиялы нұсқадағы «дөңгелек үстелде» қазіргі журналистиканың өзге де өзекті мәселелері көтеріліп, өзара тәжірибе бөлісу және біліктілікті көтеру мақсатында масс-медиа қызметкерлерінің түрлі форматты кездесулері жиі болып тұрулары керек деп шешілді.

  • Tweet

Пікірлер (0)