«Абырой» қорының көңілге қонарлық абыройлы ісі

28.12.2013, 14:54

Жаңа жыл қарсаңында, 2013 жылғы 26 желтоқсанда Астана қаласының Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесінде орналасқан Балалар үйі ғимаратында Бас редакторлар клубының вице-президенті Бибігүл Жексенбай жетекшілік ететін «Абырой» қазақ мәдениеті мен тілін дамыту қоры өскелең ұрпақ, балалар арасында ұлттық мәдениетімізді және мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында қайырымдылық акциясын өткізді. Осынау ізгілікті іс-шараға ҚР Парламенті депутаттары, қалалық әкімшіліктің жауапты қызметкерлері, өте тәжірибелі дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ережеқызы бастаған Балалар үйінің тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері, «Жетінші арна», «Еуразия» Бірінші арна, «Қазақстан» және «24 KZ» телеарналарының кәнігі журналистері қатысты.

Балалар үйінде арнайы ұйымдастырылып отырған бұл қайрымдылық шараның басты мақсаты ел болашағы -  өскелең ұрпақтың еліне, жеріне, отанына, ана тіліне деген құрметін арттыру болып табылатынын ерекше атап өткен жөн.

Сондықтан, жетім балалар үйінің тәрбиеленушілеріне аталмыш Қор тарапынан қазақ тілін оқытудың халықаралық стандарты бойынша әзірленген оқу методикалық кешені әртүрлі тілде қажетті деген сөздердің Сөздігі және де Мұқағали Мақатаевтың «Жыр ғұмыр» атты электрондық шығармалар жинағы тарту етілді. Осындай тәріздес кітапшалардың көмегімен қазақ тілін мейлінше тез меңгеруге әрі ортақ тілде табысып кетуге молынан мүмкіндік туатынына күмән болмайтынын айта кету ләзім. Мәселен, осы кітапшаның арқасында жас жеткіншіктер жеті тілде «рахмет» деген сөзді жылдам үйрене алады. Сөйтіп, «адамға жеті тілді жетік білген абзал» деген ұлағатты өсиетті өміршең етуге толықтай жол ашылары сөзсіз.

Жалпы, әлемдік деңгейде мойындалған стандарт негізінде дайындалған кешенді кітаптардың кез келген тілді тез уақыт аралығында меңгеріп алуға ықпалы молырақ болады десек, «Абырой» қорының сыйлаған кітаптарының  еуростандарт негізінде жасақталғанын атап өткен жөн.     

Түптеп келгенде, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің жоғын түгендеп, мемлекеттік тілді  паш ету мақсатында құрылған «Абырой» қазақ тілі мен мәдениетін қолдау қорының бүгінгі тіршіліктеріне көз жүгірте отырып, оның келешекте де осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыра түсетініне сенім білдіруге толық негіз бар.

«Абырой» қорының осындай ізгілікті ісіне Балалар үйі де қарап қалған жоқ. Осында тәрбиеленуші жеті және сегіз жастағы бүлдіршіндер күшімен ән мен күйге бай концерттік бағдарламамен қатар қонақтарға театрландырылған шоу ұсынылып, көпшіліктің риясыз қошеметіне және үлкен ризашылығына бөленді.

Бір сөзбен айтқанда, шын көңілмен ұйымдастырылған қайырымдылық іс-шара жас жеткіншектер үшін өте қызғылықты, өнегелі де пайдалы өтті әрі оларға мұндай кездесулердің болашақта аса қажеттілігі байқалды. 

  • Tweet

Пікірлер (0)