«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі тарапынан 2013 жылы өткізілген басты іс-шаралар және онда қабылданған ұсынымдар жәйлі ҚОРЫТЫНДЫ АҚПАРАТ
09.01.2014, 10:00
Есепті жылда «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі тарапынан түрлі бағыттағы 82 іс-шара өткізілді. Мәселен, олардың қатарында «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференция, «MEDIA EXPO-2013» қазақстандық БАҚ фестиваль - көрмесі, «Кеден одағы елдерімен ақпарат алмасудың өзекті мәселелері» атты республикалық «дөңгелек үстел», «БАҚ және мемлекеттік органдар қарым-қатынасын жақсарту» тақырыбындағы әдістемелік семинар, журналистиканың қазіргі өзекті мәселелерін талқылаған семинар – тренинг, жас журналистерге арналған шеберлік сыныбы тәрізді ауқымды шаралар бар. Сондай-ақ, маңызды саяси-қоғамдық тақырыптар бойынша пікір - сайыстар, ҚР Парламенті депутаттарымен, қызметтері адамдардың көңіл-күйлеріне тікелей әсері бар министрліктер мен ведомстволардың басшыларымен «Бас редакторлар клубы» ҚБ мүшелерінің кездесулері өткізіліп, олармен Клубтың kgr.kz сайты арқылы интернет – конференция ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бірқатар БАҚ таныстырылымы өтіп, қоғамдық бірлестіктің жер-жердегі филиалдарына ұйымдық және әдістемелік тұрғыдан көмектер көрсетілді. Олардың сыртында Клуб мүшелерінің ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, ЕҚЫҰ, ЮСАИД, СОРОС, «Адам өлшемдері бойынша диалог алаңы» консультативтік кеңестік органның, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және әлеуметтік-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің, Дін істері агенттігінің, Телерадио хабарларын тарату ұлттық ассоциациясы мен өзге де әріптестер ұйымдастырған шараларға белсенді атсалысқандарын атап өткен жөн.
Түптеп келгенде, мұндай кездесулер өзара тәжірибелер алмасуға, билік және БАҚ арасында тиімді қарым-қатынастар орнатуға, БАҚ-қа қатысты аса өзекті мәселелерді талқылауға әрі қазіргі жағдайда Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексін сараптауға және Кеден одағы шеңберінде атқарылып жатқан интеграциялық үрдістерге қолдау көрсету үшін әлеуетті ақпараттық құрылымдарды құруға мүмкіндік беретін ұсынымдар дайындауға ыңғайлы жағдайлар туғызып отыр. Журналистердің қарымды қызметтерін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері де сырт қалған жоқ. Атап айтқанда, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында журналистің қоғамдағы алар орнын заңдылық тұрғыдан айқындау қажет деген ұсыныстар берілді.
Негізінен алғанда осы және басқа да көптеген пікірлер мен ұсыныстар төмендегідей ҰСЫНЫМДАРДЫ қабылдауға жол ашып отыр:
- Қазір биліктің тарапынан БАҚ-та, әсіресе қазақ тілді басылымдарда көтерілген сыни материалдарға жауап беру өте сирек. Негізі, БАҚ пен билік етене қарым-қатынаста болып, ұдайы пікір алмасып отыратын болса, қалың бұқараның отандық БАҚ-қа сенімі көп артар еді.
- Жылына қанша маман даярланып жатса да жергілікті баспасөздерде маман мәселесі өткір күйінде қалуда. Мысалы, аудандық, қалалық газеттерде жастар жоқтың қасы, кілең зейнет жасына жақындағандар. Бұл мәселені оң шешу үшін «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламаның шарттарын журналистерге де қолдану қажет.
- Жалпы, маманды көп шығаруды емес, білікті мамандарды даярлауды мақсат ету керек. Мысалы, батыста біздегідей лекті мамандар даярлау емес, нақты тұлға шығаруға ден қояды. Осы үлгіні біздің ұлттық компаниялар қаперіне алса, сапалы да білікті маман дайындап шығаруға мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ, мерзімді баспасөз, радио және теледидар үшін мамандарды жеке дара дайындау мәселесі күн тәртібінің басты тақырыбына айналуы тиіс.
Журналист мамандарын дайындау бағытында жұмыс жасап жатқан еліміздегі 26 оқу орындарын арнайы аттестациядан өткізіп, оларды барынша қысқарту керек.
- «ҚР Тілдер туралы» ҚР заңында белгіленген талаптарға қарамастан республикалық коммерциялық телеарналар мен радиолар мемлекеттік тілге қатысты тілдік норманы сақтамайды. Солай бола тұра бұл заңның сақталуын қадағалаушы орындар жағынан нақты жұмыстар жоқтың қасы. Сондықтан, осы бағытта тиісінше шаралардың қабылдануы қажет.
- Қазір Қазақстанның ақпарат кеңістігінде шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары еркін таратылады. Бip қарағанда, бұдан келер бәлендей қауіп жоқ. Егер тәуелсіздігімізге, мемлекеттік мүддемізге нұқсан келтіретін идеялармен шұғылданбайтын БАҚ болса, одан зиян шекпейміз. Қайта БАҚ араларында бәсекелестік күшеюі арқылы біздің журналистиканың шыңдала түсері анық. Алайда кірме басылымдарды елге енгізгеннің зиянды жағы жоқ емес. Бұл - ақпараттық қауіпсіздікке қатысты Заң қажет деген сөз. Сонда елге келіп жатқан шетелдік басылымдар арасынан тек өзімізге керегін сұрыптап алар едік. Сондай-ақ, жақын және алыс шетелдердегі отандастарымызды елімізде шығатын БАҚ-пен қамтамасыз ету мәселесін оңтайлы шешуге болар еді.
- Бізде мемлекеттік қызметкерлер, медицина, педагогика салаларының әлеуметтік мәртебесі белгілі дәрежеде ескерілген. Яғни, мемлекет тарапынан әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Кішігірім материалдық көмектерден бастап, баспаналы болуға аз да болса мүмкіндік бар. Ал «төртінші билік» деген едәуір бейресми атауы бар ақпарат құралдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі әлі анықталмаған. Мұны - БАҚ-тың дені жекеменшік деп түсіндіреді. Шынында, батыста ақпарат құралдары о бастан жекелеген азаматтардың қолына өткеніне қарамастан, АҚШ, Канада тәрізді өзіміз үлгі тұтатын мемлекеттерде журналистердің мәртебесі өте биік. Ендеше, бізде де журналистерге жағдайлар жасалуы қажет. Үкімет акциялары үлесінің басым бөлігі мемлекеттік болып табылатын БАҚ-та қызмет жасайтын журналистер мәртебесі мемлекеттік қызметкерлер мәртебесіне теңестірілуі қажет, ал жеке меншік ұйымдарда журналистің әлеуметтік қорғалуы жөнінде өкілетті орган БАҚ құрылтайшыларына, оларды ресми тіркеу кезінде талап қоюы қажет.
- Қазақстанның Қылмыстық Кодексінің 129 және 130 баптары «Жала жабу» және «Қорлау» деп аталып, азаматты қылмыстық жазаға сөз үшін де тарта алады. Мұндайда қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген демократиялық мәні зор көне нақылы еске түседі. Олай болса, БАҚ-тағы диффамация үшін журналисті қылмыстық жауапкершілікке тартуды біржола жою қажет. Сондай-ақ, қазіргі заңнамада моральдық зиян және абыройы мен қадір-қасиетін қорғау жағдайы бойынша БАҚ-қа талап мерзімі бекітілмеген. Сондықтан, талаптың бұрынғы бip жылдық шекті мерзімін қалпына келтіру керек және мұны заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Моральдық нұқсанға байланысты талапкерлердің шексіз көлемде ақша талап етілуіне де тосқауыл қойған абзал.
- Бүгін қоғамдық маңызға ие ақпаратқа қол жеткізуге журналистердің мүмкіндіктерін шектеу жағдайлары жиі орын алуда. Өкінішке орай, баспасөз қызметкерлері бұл мәселеде биліктің ыңғайына жығылып жатады. Шындап келгенде билік пен БАҚ арасында конструктивті қарым-қатынас орнықтыру жолында олар шешуші рөл атқарулары қажет.
Сөз бостандығы мен ой еркіндігінің журналистің басты құқығы және БАҚ қызметінің сапалы жұмыс жасауының негізгі шарты екендігін ескере отырып, сондай-ақ азаматтардың ақпарат алу конституциялық құқын толық қамтамасыз ету мақсатында тез арада «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заң жобасының Қазақстан Республикасының Парламентінде қаралуы және біржола қабылдануы қажет деп танылсын.
- «БАҚ туралы» Қазақстан Республикасы Заңында «Қоғамдық маңызға ие ақпарат» деген атауға нақты анықтама беріліп, оның тиісті өлшемдері белгіленсін.
- Көптен бері еларалық тақырыптармен айналысып жүрген және осы бағытта әбден төселген БАҚ өкілдерінен тұратын «Еуразия журналистер пулын» құру бастамасы қолдау тапсын.
- Еуропа елдерін интеграциялауға мол үлес қосқан «Еуроньюс» тәрізді арнайы телеарна құру мәселесі қаралсын.
- Орталық Азия және Ресей елдеріне жұмыс істейтін ақпарат агенттігін Астана қаласында құру жобасының іске кірістірілуі тездетілсін.
- Кеден одағы елдерінің әлеуметтік торабына баннерлерді орналастыру арқылы Интернеттің мүмкіндіктері мақсатты түрде пайдаланылсын.
- ҚР Сыртқы істер министрлігі Бас редакторлар клубымен бірлесе келе интеграциялық «үштіктің» бір-бірлерімен ақпарат алмасуды жақсартуды көздейтін ортақ жұмыс жоспарын дайындасын. Онда, мәселен, ресейлік және Белорусь БАҚ беттерінде Қазақстан тақырыбын ұдайы қамтуды қамтамасыз үшін есімдері белгілі журналистердің қатысуымен «Қазақстан – бүгін» атты шартты жоба аясында баспасөз турларын ұйымдастыру тәрізді шараларды жүзеге асыру көзделсін.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий